Елбасы мемлекеттік БАҚ басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбай, «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Алмагүл Ахметжанова, «Казахстанская правда» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Вячеслав Пащенко және «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Бас директоры Әсел Төлегеновамен кездесті. Жиынға сонымен қатар Президент Әкімшілігінің, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басшылары қатысты.

kezd

Кездесу барысында еліміздің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары Елбасыға өздері басқарып отырған ұйымның қызметі туралы баяндады.

Қазақстан Президенті сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-тардың жетістіктерімен және даму жоспарларымен танысты. Мемлекет басшысы жастарға адамгершілік тәрбие беруге ықпал ететін сапалы отандық медиаконтент әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары медиа нарықта өз орнын иеленуі  үшін жұмыс істеуі керек. Қызықты және ақпаратты контенттің, соның ішінде әлемдік мәдениет және тарих туралы контенттің көбірек болғаны қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отандық БАҚ басшылары Мемлекет басшысына Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі қазіргі ахуал мен оның даму келешегі туралы айтты.

Соңында Қазақстан Президенті бәсекеге қабілетті мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру қажеттігін атай отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.