Қазыбек Иса: Астананың атын ауыстырғысы келген депутаттардың пиғылынан қауіптенеміз...

АСТАНАНЫҢ АТЫ АУЫСПАЙДЫ

Елбасы сөзінен кейін депутаттардың пиғылынан қорыққан елдің көңілі орнына түсті

  nazar93_01_1_1    


Айдың –күннің  аманында  аяқ астынан парламенттен шу шықты... Астананың атын Елбасымыз Нұрсұлтанның атына аудару туралы  шешім қабылдапты.  Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қабылданған Тәуелсіздік декларациясында солай атап көрсетіліп,  Конституцияға өзгерту енгізу көзделген. Шошып кеттік!..  Ау, Елбасымыздың  денсаулығы мықты,  әзірге аман-сау  емес пе?  Қазақстан Президенті қол қойған заңдарымыз бойынша   адам атына қала, көше т.б. беру, яғни, мәңгіліке қалдыру қайтыс болғасын 5 жылдан кейін ғана рұқсат етіледі емес пе? Ал Назарбаев тірі ғой! Ол заңды осы алақайлап жатқан депутаттар қабылдаған сияқты еді ғой... 

 Енді  еске түсіп отыр, ана  жылы, 2008 жылы  Мәжіліс депутаты, генерал Сәт Тоқпақпаев Елбасының атын Астанаға берейік деп, одан қалысқысы келмеген сол кездегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев   «Президенттің аты  аэропортқа  лайықты» деп жарысқан еді. Сол кезде жазған  мақаламда айтып  едім,  қайталай кетудің реті бүгін  әбден келіп-ақ тұр. «Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаевтың сәтті деуге келмейтін  идеясы сәтсіз жалғасуда. Генерал депутаттың тұңғыш президенттің атын Астанаға берейік дегені бір қисынсыз болып тұрғаны рас. Бізде тірі адамның атын көшеге, мектепке, ауылға, қалаға т.б. қоюға болмайды. Сондықтан Сәттің ұсынысы сәтсіз, сәл асығыстау тірлік болып табылады. Ал енді осы ұсынысты сүйкімсіз жарысқа айналдырып жіберуге ұмтылып, елдің, қоғамның теріс пікірін туғызып жүргендер жетерлік. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаевтың партияның «болғанынан боладысы қызық болған» атышулы ХІІ съезіндегі “Нұрсұлтан атына Астананы емес… аэропортты берейік” дегені қай сасқаны екенін ел әлі түсіне алмай жүр. ... 

Айтпақшы,  бұл ұсынысқа  тек «жақсы» жағынан қарау қалай болар екен? Өйткені бізде тірі адамның аты еш нәрсеге берілмейтіні заңмен бекітілгенін жоғарыда айттық. Ал, Президент – Ата Заң кепілі. Сонда Назарбаев өзі қол қойған заңға қарсы шығуы керек пе, әлде… Айтқан жерден аулақ… 

Осындайда еске түседі. Белгілі бір жазушымыздың естелігін оқып едім. Өзбекстанның ең қадірлі қаламгері, біздің Сәбит Мұқановтың жан досы Ғафур Ғулам қартайып, төрінен көрі жақын болып отырған кезде Ташкент қаласының басшылары қаумаласып, жиі келіп, хал сұрап тұрады екен. Ғафур Ғулам тұратын көшенің аты «Ақ бидай» деген ұғымды білдіретін көрінеді. «Бар көшені ауыстырғанда бұны неге ауыстырмайсыңдар?»,- деген Ғафекеңе қала басшылары күмілжіп, тура жауап бермейді екен. Сонда сұңғыла суреткер: «Бұлардың ойы жаман. Бұлар менің ана дүниеге аттануымды күтіп, бұл көшені маған сақтап жүр»,-дейді екен… Өзбектің әйгілі қаламгері әзіл-шынын араластырып айтқанмен, кейін көп ұзамай тура солай болып шықты… 

Мейлі ғой, бірақ біздің Елбасы Ғафур Ғұлам сияқты қажып, шөгіп отырған жоқ қой. Құдайға шүкір, қайраты мол, қажыры көп. Жалпы тұңғыш Президентіміз Астананың атынан да, Қазақстанның «Еңбек ері» атағынан да бас тартқаны дұрыс болды. Бірақ бұдан жағымпаздық жарысына түскендер мен Ғафур Ғуламға көше атын беруге асыққандар секілді «бөтенойлылар» сабақ ала қояр ма екен…» деп жазған едік.

 Иә, одан бері  сегіз жыл өткен соң,  енді  міне, Мәжіліс депутаттары  Қуаныш Сұлтанов  бастап,  екі палатаның  депутаттары қостап, Астана атын Нұрсұлтан деп ауыстыруға  100 пайыз дауыс берді. Ендеше,  біз де, Ғафұр Ғулам қауіптенгендей, тағы да  бұл депутаттардың  пиғылынан қорқайын дедік... Өйткені, бұл жолғы екпін алабөтен! Қос палатаның біріккен отырысына Ақорданың бүкіл жауапты қызметкерлері тайлы-таяғымен келіп қатысты.  Тіпті , бұл ұсыныстарын  парламент Конституциялық кеңеске де беріп, «Бәрі заңды, негізді» деп шегелеп тұрып  шешім де шығартып алды.  Мәжіліс депутаты  Бекболат Тілеуханов бастаған депутаттар  қос қолдап қолдайтынын айтып, қарсы келгендерді жапырып өтердей  жалы биік жағдайда тұр...  Әлеуметтік  желілерде  «Елбасымыз әзірге аман ғой, бұл қалай болады»-дегендерді тіпті, аты-жөнін ешкім білмейтін, халық түгілі журналистер де естімеген бір депутат:  «Фейсбукта отырғандардың бәрі халық емес, жалпы халық қолдайды, халық бізбіз»-деп, белден бір-ақ басты. Сөйтіп, кеше Жер дауы басталғанда жерге кіріп кеткендей тым-тырақай қашып,  жоғалып кеткендер, енді жарысып тұрып, пікір айтып қалуда... Фейсбукта отырған, депутаттардан айырмашылығы өз пікірлерін ашық білдіріп жүрген  жүз мыңдаған адам халық болмаса, кім болады екен?  Бір қадірлі ағамыз айтып еді:  «Маймылдан адамға айналуы үшін қаншама мыңжылдықтар өтті, ал біздер маймылға айналуымыз үшін 25-ақ  жыл керек болды» деп...  Әлгі   әлеуметтік  желілерде отырған әлеуметті  «халық емес, халық  бізбіз» дейтін  дес бермес депутаттарды көріп отырып, ағамыздың осы сөзі еске түсе кетті... 

 Астананың атын Елбасының атына ауыстыру туралы парламенттің бұл ұсынысына тағы да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қарсы шықты:  «Астана – бұл бренд. Астананың атауын өзгертудің еш қажеті жоқ», – деді президент «Россия 24» телеарнасына  берген сұхбатында. Депутаттардың пиғылынан қорқып қалған көңіліміз орнына түсті-ау әйтеуір... Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай! 

  Қазыбек ИСАQazaquni.kz