ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ӘДЕБИ-СЫН ЗЕРТТЕУЛЕРІ

455  Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның үлкен ден қойып, ғылыми назарын аударған саласы – әдеби сын. Бұл салаға Ұлт көсемі сонау 1889 жылдан бастап қалам тербете бастады.  Әлихантанушы-ғалым С. Аққұлұлы Ә.Бөкейханның әдеби сынға сіңірген еңбегі жайлы мынадай пікір білдіреді: «Әлиханның ұлт әдебиетінің өз алдына жеке бір саласы – әдеби сынның іргесін қалап кеткен еңбегі... әлі де болса лайықты бағасын алған жоқ...Отарлықтың бұғауында отырған халқының төл әдебиетінің күйзелген жайы болашақ Алаш серкесін ертеден терең толғандыра бастайды...» [1,66]. Шын мәнінде, Ә. Бөкейхан әдеби сынға кіріскен кезеңі отарлықтың аса дендеп тұрған кезеңі еді. Соны жақсы түсінген 23 жасар Әлихан 1889 жылы «Дала уалаяты» газетіне «Хат баспаханаға» деген қазақ және орыс тілдерінде жазылған мақаласын жариялайды. Мұнда: «...Қазақ халқының өз алдына өлеңдері бар. Кім білмейді: қазақтың ақындары Шөжені, Орынбайды, Найман баланы, Шерниязды... Құнанбайды һәм һәйриларын. Қазақтарға осы ақындардың қайсысының сөзі күшті екенін білдіруге жөні бар ма!? Шерниязды ойласақ, қызыл тілінің арқасымен жаны қалған. Шөже «Қарымбай»! секілді сараң кісіден сый алған...», - деген [1,245] Алаш арысының пікірі айтылады. Бұл жерден көретініміз, Ә. Бөкейхан қазақтың ұлттық әдебиетінің бірнеше өкілін мысал ретінде келтіріп отыр. Ол өз кезегінде Әлиханға патша заманында «қазақта ұлттық әдебиет болды» деген тұжырымды дәлелдеуге үлкен септігін тигізді. Әрине, олар кітаби ақындар емес еді. Бірақ олардың айтқан сөздерінің қаншалықты құдіретті екеніне зерттеуші арнайы тоқталып өтті. Бұл мақала арнайы әдеби сын зерттеу емес, ол тек Әлиханның өз заманындағы әдебиеттен хабары мол екендігінің айқын көрсеткіші. Осыдан кейінгі Әлиханның жазған әдеби-сын еңбектері XX ғасырдың басында жаңа қалыптасқан қазақ жазба әдебиетімен тұспа-тұс келеді. 1914 жылы Ә.Бөкейханның «Роман не нәрсе?» деген әдеби-сыни мақаласы жарық көреді. Ғалым Д. Қамзабекұлы бұл мақаланы жан-жақты талдап, автор айтқысы келген маңызды мәселелерге тоқталады: «Әлихан Бөкейханның жаңа әдебиетті жүйелеуге күш-жігер жұмсаған еңбегі 1914 жылы жазған «Роман деген не?» атты мақаласынан көрінеді... Мақала, сөз жоқ, қазақ романының туу дәуірінде игі іске ұйытқы болу үшін жазылды. әйтсе де мәселені былай қойған дұрыс секілді: бұл еңбек қазақ қауымына не берді және қазақ әдебиетіне не берді? Енді санамалаймыз: бірінші, қазақ үшін жаңа әдебиет түрі (жанры) – романның не екені, қашаннан бары, халыққа қандай олжа әперетіні жазылды (еуропалық әдебиеттің әліппесі); екінші, руханият пен өмірге жаңаша қарау, оны бар қайшылығымен түсіну романның әлеуметтік-тәрбиелік қуатына сәйкес сөз болды; үшінші, жаңа әдебиет – рухани күштің жаңа тынысы есебінде сараланды; төртінші, әлеуетке ие дәстүрлі әдебиеттен нәр, еуропалық әдебиеттен үлгі алған жаңа әдебиеттің мәні, мақсаты және бағдары тұңғыш рет талданды...          Ә. Бөкейханның осы мақаласы және тағы бір маңызды іс атқарады. Ол тұңғыш роман – «Бақытсыз Жамалдың» (М. Дулатұлы) әдебиетіміздегі орнын байыптап берді...» [2,196]. Зерттеуші Д. Қамзабекұлы Ә.Бөкейханның мақаласын осылайша бағалайды. Шын мәнінде, мақаланың толық мәтініне үңілсек, жоғарыда айтылған дәйектердің объективтілігіне көз жеткіземіз. Қазақтың сол кезеңдегі әдебиет прозасындағы, оның ішінде, роман жанрын толық саралап-айқындау мәселесін алғаш қолға алған, сонымен бірге, қазақтан шыққан тұңғыш роман, М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамалына» алғаш ғылыми пікір білдірген де – Әлихан Бөкейхан болатын. Мақаланың басында Әлихан бұл жанрдың тарихына тоқтайды: «Роман деген сөздің мағынасы мынау. Исадан 150 жыл соң Италия французды билеп тұрған заманда екі тіл қатысып, ортадан дара роман тілі туған. Осы тілмен франсуз жазушылары сол заманның кемшілік, таршылығын көрсетіп кітап жазған һәм кітаптарын роман тілімен жазған үшін «роман» деп атаған...» [3,38]. Осыдан кейін бұл терминнің «ішкі мағынасын» [3,38] ашады: «Романның ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һәм күңгірт жағын бейне өзіндей етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету. Роман – адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші баға жетпес айна...» [3,38]. Тарихына тоқталып, ішкі мән-мағынасын осылайша ашқаннан кейін Алты Алаш көшбасшысы роман жанрының мақсаты мен мұратын айқындайды: «Романның асыл мақсаты: адамзаттың мінез-құлқын түзетпек, кемшілікті, қараңғылықты адамзаттан қумақ. Мұнан мұрат, ол адам баласына үйретінді үлгі тәрбие бермек...» [3,38]. Қарап отырсақ, Ә. Бөкейхан бұл көркем әдебиет жанрын зерделеп, ұғындырып қана қоймайды, сол кезеңдегі қоғамға үлгі боларлық, оларды жақсылыққа, ізгілікке итермелеудің бір амалы ретінде романды қолданады. Профессор Д. Қамзабекұлы айтқан «еуропалық әдебиеттің әліппесіне», [2,196] Әлихан Нұрмұхамедұлы баса назар аударады. Оның себебі де түсінікті – еуропалық әдебиет өкілдерінің шығармасы түгіл, аты-жөнін де бұрын-соңды естімеген қазақ қауымына олар жайлы мәлімет беру аса қажет еді. Бұл ретте Ұлт көсемі: «...18 һәм 19-ыншы ғасырда атақты роман шығарушылар: Англияда Валтер Скот, Чарлз Диккенс, Теккерей, орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Толстой һәм басқалар.          Толстой өзінің данышпандық һәм хакімдік жағынан «Соғыс һәм татулық» деген роман жазып шығарғандығымен бүтін жер үстіндегі адам баласына аты жайылды. Мұнда Толстой алуан-алуан адамның мінез-құлқын бірін қалдырмай тізіп, адам өмірінің жіңішке қылдай жерін суреттеп көрсетеді...»,-деп [4,254] әлем әдебиетінің классиктеріне шолу жүргізеді, оның ішінде Толстой шығармашылығына жоғары баға береді. Жазушының «Соғыс және бейбітшілік» романын – «өмір айнасы» [4,255] деп есептейді.         Бұл жерден Ә. Бөкейханның шетел әдебиетінен білім мол екендігіне көз жеткіземіз. Осылайша, роман жанрын әр түрлі мысалдармен  толық түсіндіргеннен кейін, енді Әлихан басты мақсат – қазақтың тұңғыш романын таныстыруға кіріседі: «Қазақта роман бұрын болған жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман шығарған Мир Яқұб Дулат. Оның «Бақытсыз Жамал» деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты...          «Бақытсыз Жамалда» қазақтың хазіргі жайынан біразы көрінеді. Мұнда қазақтың қай жерінде болса да, малға қызығып я партияға қызығып қыздарын жастай күйеуге беру жайы бар, ысырапқа ақша шашып, жақынмен араздасу, қызын сүймегеніне жылатып ұстап беру, бұған шыдай алмай қыз теңін көксеп қайғыға бату бар...» [4,254]. Мұнда біз көріп отырғандай, Ә. Бөкейхан қазақтың тұңғыш романына бірінші болып баға берді. Романның қозғайтын тақырыбын күнделікті халық тұрмысымен жақындастырып тарқатады. Ал Алаш көсемінің мына пікірін: «...біздің қазақта ең бірінші көзімізге көріген романды озық жұрттардікімен салыстыруға болмайды, біз де бойымызға лайықтап, мұны қазақ әдебиетінде тәуір қызметке санаймыз...», [4,255] алаштанушы Д. Қамзабекұлы былай деп қорытады: «Қаламгер романның негізгі идеясына, бейнелер жүйесіне шолу жасай отырып, оның жанрға қойылатын шартқа сәйкестігін көрсетеді.  Ә. Бөкейханның жалпы пайымынан ризашылықтан гөрі, «әлі де ізденуіміз керек» деген ұсынысы айқын сезіледі...» [2,197]. Сонымен, романға берілген түсініктемеден кейін, Ә. Бөкейхан оның тәрбиелік мәніне де арнайы тоқтап, өз ойын түйіндейді: «Енді біз түсіндік, роман көпке арналған кітап екенін; көптің кітабы болса, һәрқайсысымызға тиісті, міндетті романды тесе қарап, телміре оқып, мінез-хұлқымызды түзеп, романнан халіміз жеткенше тәрбие алу керек...»  [4,255]. Ұлт көсемі өзінің әдебиеттің сан түрлі салаларын қаншалықты терең меңгергенін «Ән, өлең һәм оның құралы» атты зерттеу еңбегі көрсетеді. Бұл мақаланы да терең зерттеп, көп көңіл бөлген зерттеуші Д. Қамзабекұлы: «Қаламгердің «ән-өлең» деп отырғанын біз бүгін бір сөзбен «ән» сөзімен ғана айтамыз» [2,198] деген пікір білдіреді. «Мақаланы жазу үстінде Әлихан әрі суретші, әрі сыршыл, әрі ғалым ретінде көрініп отырады», - деп [2,198] пайымдаған Д. Қамзабекұлы Ә.Бөкейханды үш қырынан қарастырады. Әлиханның суреткерлігін зерттеуші мақаланың мына жолдарын келтіріп дәлелдейді: « «Ән адамның бар ет тамырын, сүйек-сүйегін қозғайды, бәрін ерітеді, елжіретеді: (өлең айтып ән салғанда біреуді аңдысаң) көрмеймісің көзінің жанарынан, байқаусызда шығып кеткен дауысынан тағы жымжырттана қалғанын...» - дейді суреткер Ә. Бөкейхан» [2,198]. «Сыршыл Ә. Бөкейхан мұны былайша жалғастырып әкетеді: «Кімге анық емес, ән-өлең, оның аспаптары – адам жүрегіне, сезіміне, күйлеріне һәрдайым барша уақытта тыныштайды, жайлайды. Ән бір жиында, тойда, айтулы қыздырмада адамдар бәрі бір сезімде, бір қызбада, қызығы бір, қуанышы бір. Кімге мәлім емес, ән-өлең өтім етеді, қозғайды жанды, сезімді, ет-тән, тамыр-тарамыстарға шейін кеулейді, адамға қайрат береді»»,- деп [2,198] Д. Қамзабекұлы Әлиханның сыршылдығына дәлелді осы жерден тауып береді. Ал ғалым ретінде Алаш серкесі қандай үлес қосты десек, профессор былай деп жауап береді: «Ғалым Ә. Бөкейхан: «Ән-өлең, күй – адамның анық тілі, шын тілі, көпке бірдей ұғымды тіл. Бұл тіл – жанға хас жүрек тілі, сезім тілі, күй тілі. Неше түрлі рахат татқан адам жаны осы тілмен сөйлейді» - деп нақтылайды. Сонымен қабат әлем халқының музыкаға деген ықыласын, сөздерін салмақтай отырып, жүйелі топшылаулар жасайды. Мұны Абайдың «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...» лепесімен қорытындылайды» [2,198]. Осы мақаладан кейін Ә. Бөкейхан өзінің әдеби сынға арналған еңбегін 1915 жылы данышпан ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасына арнап жазады. Бірақ осы жерде біз айта кетуге тиіс тағы бір маңызды мәселе бар. Ә.Бөкейханның бұл сыни мақаласы Шәкәрім шығармашылығына арналған екінші ғылыми зерттеу еді.  Сәл ертеректе, 1913 жылы «Қазақ» газетінде Ә.Бөкейхан Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» атты еңбегіне сыни мақала жазған болатын. Мұнда Ұлт көсемі бірнеше маңызды дерек келтіріп, өз пікірін білдірген еді: «Шәкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың...Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шәкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес»  [5,442]. Айтқандай-ақ, Алаш көсемінің мұндағы келтірген дерегі – Шәкәрім еңбегінің тұңғыш шежіре екендігі болса, Әлиханның бұл еңбекке берген бағасы - бұл жұмыстың жалпы халыққа ыңғайлы, пайдалы әрі оны жазу үшін автордың көп тер төккені болса керек. Бұл Шәкәрім шығармашылығына арналып жазылған алғашқы еңбектер еді. Осылайша, Ұлт көсемі қазіргі таңда кең қанат жайып, жылдан жылға зерттелу аясы кеңіп келе жатқан әдебиеттанудың бір саласы – Шәкәрімтанудың негізін салды. Осы деректі растау үшін, 2007 жылы жарыққа шыққан «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық жинағының I томындағы «Шәкәрімтану тарихынан» бөліміндегі алғашқы екі мақала – Ә.Бөкейханның мақалалары екендігін айтсақ жеткілікті деп есептеймін. Жинақты құрастырушы, Шәкәрімтанушы-ғалым Тұрдықұл Шаңбай: «Әлихан Бөкейхановтың «Қалқаман-Мамыр», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» тікелей Шәкәрімнің шығармасы мен еңбегіне арналса, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтің «Абайдан соңғы ақындар», Мұхтар Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мақалаларында Шәкәрім есімі аталып, оның шығармашылығына баға берілген», - деген [6,4] сөзінен-ақ Ә. Бөкейханның Шәкәрім шығармашылығына алғаш назар салғаны айқын көрінеді. Ал енді тікелей Ә. Бөкейханның «Қалқаман-Мамыр» әдеби-сын зерттеуіне тоқталсақ. Біріншіден, Әлихан Шәкәрімді көпшілікке таныстырып, ақын жайлы мәлімет бере кетеді: «Мұны(яғни, «Қалқаман-Мамырды») шығарған «Қазақ һәм хандар» шежіресін жазған Шәкәрім.          Шәкәрім Абайдың ағасы Хұдайберді баласы. Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай көлеңкеде жүре берген. 1900-інші жыл Шыңғыс елін жазған Иван Филипич Гусев Шәкәріммен сөйлескен. Соған сонда айтты: «жұрттың бәрінің ауызға алғаны Абай.  Шәкәрімнің білімі де қазақта жоқ екен», - деді...» [7,77]. Осы орайда Д. Қамзабекұлының:«Бұдан біраз жайт аңғарамыз: ақын аты қазақ ауданынан шығып, Иван Филиппович Гусевтерді (бұл тұлғаны шәкәрімтанушылар анықтаса дұрыс болар еді) мойындатыпты...»,- деген [2,192] пікірін келтіре кеткен жөн. Екіншіден, Әлихан Шәкәрім поэзиясынан үзінді келтіріп, оның «ақындық сипатын» [7,77] аша түседі: «Білімді жұрттың ақыны, Біздің сөзді сынамас. Жазушының жақыны, Қазақ міні ұнамас. Сынатарсың өзіңді, Менің түгім құрымас.          Өстіп көпірту ақындық сипаты. Қанша кішірейем дегенмен Шәкәрімге мұны ақындық жырлатып отыр. Шын ақын бір көпірмей қоймайды» [7,77]. Мұндағы Алаш зиялысының «көпіру» деген сөзінің мағынасын ашу үшін ғалым Д. Қамзабекұлына сүйенеміз: «...Бұл ретте З.Ахметовтің: «Ақын бейнесі дегеніміздің өзі де ылғи бір қалыпта, біркелкі сипатта көрінбейді, әр қырынан, әр жағынан ашылып отырады... Мұнда өзіндік көркемдік заңдылық бар екенін ұмытпау қажет», - деген ойы Әлихан айтқан жайды аңғаруға септігін тигізбек. Яғни, ақынның шалқып-тасуы да поэзия заңдылығы аясында қарастырылады (Ә. Бөкейхан «көпіру» сөзін бұл ұғымның бейнелі мағынасында алғаны шүбәсіз)» [2,192]. Үшінші кезекте, Ә. Бөкейхан бұл мақаланы жазу себебін түсіндіреді: «Өлеңді ақын сынағаны жөн...Орыста Пушкин, Лермонтовты сынға алып, жұртқа жайған Белинский сөзге ақын емес, ойға ақын еді. Шәкәрім Пушкин болмас, біз Белинский болмаспыз...» [7,78]. Автордың айтайын дегені, бізде әзірге кәсіби сыншылардың жоқтығы. Ғалымның «ойға ақын» деп айтқаны сол себептен. Дәл осы ойының бір көрінісі осы мақаладан бұрынырақ шыққан «Роман бәйгесі» (1915) деген ой-толғамында кездеседі: «...сыншы болмақ оңай іс емес.          Әр шебер өз орнында іс атқарса, іс орнына келеді...          ...Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойып жатыр ма: Шаһкерім, Ахмед, Мир Яқұб (бұлар Аполоннан бата алған жоқ) жеріме түсті демесе, мен сыншы фарызын өткеруге құл болдым» [8,182]. Соңғы сөйлемдегі «Аполоннан бата алған жоқ» деген тіркесті Д. Қамзабекұлы: «...«мұны(яғни, сынды) менен гөрі Шәкәрім, Ахмет, Міржақып жақсы жазады» деп қарапайымдылық танытқан Әлихан реті келсе өзі де жазатынын білдіріп: «Бұлар Аполоннан бата алған жоқ», - дейді. Бұл, әрине, әріптестік қалжың. Бірақ осы бір ауыз қазақ тіліндегі Әлихан сөзіне сауатты Батыс пен Шығысқа (эллиндік мәдениет ислам өркениетіне әсер еткені мәлім) түсінікті ой сыйып кеткен. Грек мифологиясынан мәлім жай: Аполлон – олимптік құдайлардың құдайы Зевстің Летодан туған баласы. Ол – жасынан сәуегейлердің жарылқаушысы, өсе келе түрлі ақылымен Мусагет (муза құдайы), Дельфиний (жолаушы жебеуші), Емші, Жарық (Феб) сипаттарын алады. Ә. Бөкейхан оның «жебеуші» сипатын меңзеп тұр. Сонымен бірге қаламгер дәл осы мәтелмен «әдебиет – ортақ іс» дегенді айтып отыр»,- деп [2,199] түсіндіреді. Демек, Әлиханның: «...Болса-дағы «Қалқаман-Мамыр туралы біраз сөз жазайын, бұл кітапты оқушыларға жаю үшін», - деген [7,78]  ойының астарында,  Шәкәрім поэзиясын талдау – тек «шебердің» қолынан келер іс, мен осы саланың маманы болмасам да, жұртқа «жаю үшін» талдауға кірістім деп отыр. Шын мәнінде, осы кезеңде ақын шығармашылығына Ұлт көсемінен басқа ешкімнің бара қоймауы оның сөзін растайды. Төртіншіден, негізгі мәселе – автор «Қалқаман-Мамырды» әдеби және тарихи түрде талдайды. Поэманы орыс классиктерінің шығармаларымен салыстырады: « «Қалқаман-Мамыр» өлеңі орыс тілінде «Историческая хроника» деп аталады. Бұл сияқты тарихта болғанды өлең қылған мәселе: Пушкинде «Царь Борис Годунов», Лермонтовта «Песня о купце Калашникове» » [7,78]. Осылай Пушкинмен, Лермонтовпен жанрлық ұқсастығын айта келіп, ол шығармалардың құдіреттілігін Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің үзінділерімен ұғындырады: «Бұл айтыған Пушкин, Лермонтов өлеңдері Абайдың мына мақтанына тура келеді: Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған. Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағыны жетіп қайырған. Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең, өзің біл... [7,78]. Осындай екі халықтың әдебиетіндегі жанрлық ұқсастығы пен үндестікті келтіре кетсе де, Әлихан Шәкәрімнің поэмасын асыра мақтамайды, қайта керісінше, шығарманың кем-кетік жерлерін ашып айтады: « «Қалқаман-Мамыр» өлеңі біздей ақын емес, надан сынына жақсы көрінеді...          «Қалқаман-Мамыр»-да бұрынғы қазақ жұртының салты, қазақ мінезі, қазақтың іс-қылығы әлгі орыс өлеңдеріне қарағанда, тіпті аз. Шәкәрім жақыннан қайырып, онша толымды қылып жазбады...» [7,79]. Алаш серкесінің бұндай сыни пікір білдірген себебі, бірінші кезекте өзі «тарихи хроника» деп бағалаған «Қалқаман-Мамырдың» бұл жанрға сәл де болса, сәйкес келмей қалуынан шығып отыр. Шәкәрім тарихты сол күйінде жазбай, «жақыннан қайырғаны» Әлиханның сын айтуына әкеп соқты. Ә.Бөкейхан Шәкәрімнен көп үміт күтеді, сол себепті ақын жайлы айтқанда: «Рас, біздің қазаққа осы бойымен де «Қалқаман-Мамыр» айтулы жақсы өлеңнің бірі болар. Бірақ «көп бергеннен көп сұралады» деген. Мұны Шәкәрімнен көп сұрап жаздым», - деп  [7,79] тебіренеді. Демек, Әлиханның айтпақ ойының, жазбақ сынының бір мұраты, айқын нысанасы - Шәкәрімді сынап төмендету емес, қайта ақын поэзиясына, көркемдік ойына осы сөздер арқылы әсер ету, шығармашылығының барынша тереңдеп, алға қарай қарыштап дамуына жол сілтеу болса керек. Бұл көзқарасты дәйектеу үшін ғалым Д. Қамзабекұлының мына пікіріне сүйенеміз: «Ә. Бөкейхан «Қалқаман-Мамыр» жанрын «тарихи хроника» деп анықтайды. Қаламгер пікірінше, оқиға өмірден алынған, ел аузында жүріп, Шәкәрімнің жырына арқау болған. Ендеше бірінші шарт – шығармада Қалқаман-Мамыр заманындағы «қазақ жұртының салты, қазақ мінезі, қазақтың іс-қылығы» көрінуі керек. Әлихан «көп бергеннен көп сұралады» дей отырып, аталған мәселе бойынша Шәкәрімнің «жақыннан қайырып, ойдағыдай толымды қылып жазбағанын сынайды. Әрине, жанашырлықпен сынайды.          Қаламгер Шәкәрім жырының маңызын, көкейкестілігін жоққа шығармайды. Бірақ жалпы әдебиеттің келешек өрісі мен өресі үшін елеулі ескертпелер жасайды...» [9,116]. Ендігі кезекте Д. Қамзабекұлы айтып отырған Ә. Бөкейхан жасаған ескертпелерге тоқталсақ: «Бірінші ескертпе: шығарма оқиға болып жатқан дәуірдің тынысын көрсетуі керек, кейіпкерлер сол шақтың ұғым-түсінігімен сөйлеуі қажет (мұны шартты түрде көркем мұраның тарих пен уақытқа адалдық принципі дейік)»  [2,193]. Ұлт көсемінің бұл ескертпесі мақаланың мына жолынан кезігеді: «Ай, Мамыр, бұл іс оңай алдамасаң, Зорлық жоқ өзің сүйіп, таңдамасаң, Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер, Моллалардан естідім әлдеқашан.          Қалқаман мұны айтқан жоқ. Қазақ қызына 190 жыл бұрын түгіл, осы күнгі еркімен ерге тию болған жоқ. Шариғатта бұл болғанымен, мұны ол уақыт сөйлеген жоқ» [7,80]. Профессор Д. Қамзабекұлы: «Екінші ескертпе: шығармадағы оқиғалар дамуы, ситуация, бейнелер сипаты өмірге жақын болуы шарт. Қаламгер кейіпкерінің сезімі мен ақылын дұрыс көрсету қажет деп есептейді (мұны табиғилық принципі дейік)», - деп [2,193] талдай келіп, Ә. Бөкейханның «табиғилық принципіне» тоқталады. Бұл принципті Әлихан төмендегі үзінділерде жеткізеді: «Мамыр-ау, айтып тұрсың әлде нені, Шариғат қосады екен немерені. ...Сүйіскен екі ғашық миллә айтты, шариғатта солай деп мыжи ма? Махаббат адамды байлағанда шариғат пен милләға уақыт қала ма?» [7,80]. Осыған ұқсас, Қалқаманның садақпен атылуға бұйырылғаннан кейін оның айтқан сөзі де, Әлиханның пікірінше, шындыққа жанаспайды: «...Назасы хақақ жастың хата кетпес, Деймісің қалмақ сені тентіретпес...                          *** Аямай елім оққа байлаған соң, Кетер ме өлгенімше ойдан зарым.          Қалқаманның садақпен атылуға байланғанда қоштасқаны... Қоштасқан зарлы адам көңілге жалынушы еді. Мұнда ақылға жығып тұр. «Деймісің, қалмақ сені тентіретпес»-ті айтуға ол жерде Қалқаманның әлі не келе қойсын?!», - деп [7,81] бұл оқиғадағы кейіпкердің күш-қайратының әлдеқашан кетіп, мұндай сөз айтуға шамасы жетпесіне назар аударады. Бесіншіден, және соңғысы осы, бұл мақала тек «Қалқаман-Мамырдағы» қателіктерді теріп, Шәкәрімнің көркемдік ойлауына қатысты айтылған сын немесе жеке тұлғасына тағылған мін емес екенін түсінген жөн. Ұлт көсемі Шәкәрімнің ақындық шеберлігін Абай салған өлшеммен аса жоғары бағалайды, ақынның осы шығармасы түптеп келгенде ұлттың рухани оянуына қызметі зор екендігін айта түсіп, өз ойын мына жолдармен түйіндейді: «...Жылы жүрек өзіне жар тапқандай, Тыншымады, тулады, жүз құбылды. Қызарды, бір ағарды байдың қызы, Бетке шаппай қоя ма жүрек ізі!                             *** «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», - деген өлең осы болар.          Шәкәрімнің өлеңінің түрі жоғарыдағы өлеңдерінен белгілі болар... «Қобыланды»-ны аз уақытта талап алған біздің жұртта оқушылар (оқырмандар деп түсінген жөн) бар көрінеді. Бұл кітап та кешікпей өтер» [7,82]. Алаштанушы Д. Қамзабекұлы бұл мәселе жөнінде: «Әлиханмен сырлас, алашымен мұңдас Шәкәрім қажы әдәбиеттегі көкейкесті мәселелерді қамтыған аталған мақалаға түсіністікпен қарады», - деген  [2,193] түйін жасап, сөзімізді дәлелдей түседі. Осыдан кейінгі Әлихан Нұрмұхамедұлының әдеби сынға қатысты жазған зерттеуіне – Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» романына жазылған «Кітап сыны» (1926) атты шағын рецензиясын жатқызамыз. Бұл мақаласында Ұлт көсемі жазушы, драматург, ғалым Ж. Аймауытұлының шығармашылығына деген ыстық ықыласын жеткізеді. Сонымен бірге, ең маңыздысы – Әлихан Бөкейхан Жүсіпбектің «Қартқожа» романын «бірінші роман» деп бағалайды: «Жүсіпбектің бұл романы қазақ әдебиетіндегі бірінші роман десек, қателескен болмаймыз. Бұдан бұрынғы қазақ тілінде болған романдар тұрмыстың бір-екі құбылысын ғана суреттейтін романшықтар еді. «Қартқожа» толық роман. «Қартқожада» тұрмыстың көп пернелері басылып, көп құбылыстары суреттеледі» [10,252]. Алаш көсемінің бұл пікірі жоғарыда айтылған М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамалын» тұңғыш роман деп бағалаған өз пікіріне қарсы келмейді, қайта керісінше, бұл жерден қазақ әдебиетінің дами түсіп, тұтас бір кезеңді көркем шығармада қамтығаны Әлиханның «әлі де ізденуіміз керек» деген ойының орындалғанын көрсетеді. Ал Ә. Бөкейханның «романшық» деп отырған терминін Алаш зиялысы, қазақ әдебиеттануының көшбасшысы А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» (1926) атты еңбегінде «ұзақ әңгіме», яғни, повесь деп түсіндіреді: «Мыржақыптың «Бақытсыз Жамалына роман (ұлы әңгіме) деп ат қойылса да, өресі мен өрісі шағын болғандықтан, о да ұлы емес, ұзақ әңгімеге жақын» [11,343]. Осы жерден қос ғалым пікірлерінің үндестігіне көз жеткіземіз. Әлихан мен Ахметтің о баста М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамалын» «роман» деп бағалаған себебі – келешек жазба әдебиет өкілдерінен зор үміт күткендігінен болса керек. Ақыры қос әдебиеттанушының үміті ақталып, дүниеге тұңғыш қазақ романы – Ж. Аймауытұлының «Қартқожа» романы келді. Қазақтың тұңғыш «ұлы әңгімесі» мен тұңғыш «ұзақ әңгімесінің» орны айқындалғаннан кейін, Әлихан Нұрмұхамедұлы ендігі кезекте «Қартқожаның» тұңғыш роман екендігін дәлелдеуге кіріседі: ««Қартқожада» ұйқылы-ояу тыныш шақ емес, талас-тартыс шағы, тарих жаңадан жазылатын қасиетті шағы суреттеледі: қазақты патша билеп, мықты осалды жанышқан заман. Қазақ баласының хат тануға зар болып кіретін мектеп таба алмай зарыққан заманы, қазақ басына қара күн туып, қазақ шаруасы қырылған 1916-ыншы жыл. Қиянгезшілік соғысы, фебрал өзгерісі, қазақтың Ұлт үкіметі (Алашорда), октәбір өзгерісі, кеңес үкіметі, Кеңесті Қазақстан... барлығы «Қартқожада» тегіс суреттеледі» [10,252] деген пікірінде романның тұтас бір ірі кезең, жарты ғасырға жуық кезеңді қамтитынын зерттеуші басып айтып отыр. Бұл романға қойылатын талаптардың бірі. Келесі талап – талас-тартыс, маңызды оқиғалардың орын алуы. Әлихан Нұрмұхамедұлының пікірінше, «Қартқожа» бұл талапқа да жауап береді: «Кітаптың ұзын бойында бай мен кедейдің, құл мен қожаның, жеуші мен желінушінің, төре мен қараның, би мен шаруаның тілектерінің қайшылануы суреттеліп отырады... Бұл реттен де «Қартқожа» тұңғыш роман» [10,252]. Романның  тағы бір маңызды бөлшегі  – жазушы тілінің көркемдігі. Ғалым Ә.Бөкейхан Ж. Аймауытұлының жазушылық шеберлігін аса жоғары бағалайды: «Жүсіпбек дөп сермеді, пернелі, әдемі сөз тап жігін әдемі суреттеді...Сөзі ғана тіл алтын зердің жібіндей жаратылыс, қоғам құбылыстары аса әдемі суреттелген: оқушыны аруанадай жетелеп, еліктіріп, бұйданы іріктірмей өкше бастырып отырады» [10,252]. Мақаланың келесі бөлігінде зерттеуші көркем шығарманы ішкі мазмұнын талдайды. Алдымен, мұндағы оқиғалардың тізбегі турасында: ««Қартқожадағы» оқиғалардың тіркемі дөп дұрыс: бірінен бірі тізіліп шығады» [10,252] деп романның хронолониялық тұрғыдан дұрыстығын айтады. Содан соң «Қартқожаның» композициясына қатысты: «Кітаптағы әрбір буындарға қойылған «ат» жұмбақ іретінде. Оқушы тез оқып шығып, түсінуге әуес» [10,252] деген пікір білдіреді. Роман бөлімдерінің атауларын бұлай «жұмбақ» етіп қойғанына жоғары бағалаған Әлихан Жүсіпбекті орыстың белгілі жазушысы Достоевскиймен салыстырып қарайды: «Мәселен, Достоевский: тағы бір жоғалған адамшылық «мұжықтар шулап келе берді» деп әңгімелеріне ат қоятын. Жүсіпбек «Уайым күшейді», «Қабар берді», «Бұлт қоюланды», «Қош аман бол!», «Мәңгі аңсау» дегендер сияқты әңгімелеріне жұмбақ ат қойып отыр»   [10,252].    Мұндай салыстыру Ә.Бөкейханның табиғатына лайықты құбылыс. Ұлт көсемі әрдайым ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілдерін әлем әдебиетінің классиктерімен салыстыру жасайды. Ондағы мақсаты – қазақ ақын-жазушыларының өзге жұрттан үлгі алуы арқылы ұлт әдебиетін келешекте әлемдік деңгейге көтеруге итермелеу және сол бағытта жұмыс жасауға үндеу салу. Сол себепті «Еуропа көркем әдебиет жазуышыларының кітаптарындай, Пушкиннің «Онегин» кітабындай «Қартқожа» қазақ әдебиетінің тарихында зор өріс алатын кітап» [10,253] сияқты ғылыми тұжырымдар Алаш көсемінің мақаласында жиі кездеседі. Романда қандай кемшілік бар деген сауалға жауап мынадай: ««Қартқожада» кемшіліктер де болар. Бар да, бірақ бұл кемшіліктер өзінен-өзі жойылатын кемшіліктер» [10,253]. Алаш серкесінің бұл жауабында «тырнақ астынан кір іздей бермеу» деген сияқты сыншыларға айтып отырған бір үлкен өтініші көзге көрініп тұр. «Өзінен-өзі жойылатын кемшіліктер» деген сөзін осылай түсінген дұрыс болады.  Әдеби сын барынша объективті болуы керек, себебі сын субъективтілік орын алса, «кемшіліктер» іздеу процесі жүзеге аса бастайды. Ғалым рецензиясын мынадай сөздермен түйіндейді: «Айтатынымыз «Қартқожаны» хат танитын қазақтың оқуы керек. «Қартқожаны» жастардың бәрі оқуы керек» [10,253]. Ж. Аймауытұлының осынау шығармасына арналған әдеби талдау осындай маңызды ұсыныспен аяқталады. Қорыта айтқанда, өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қазақ әдебиеттануында тұңғыш болып кәсіби әдеби сыни зерттеу жазып, жаңа қалыптасқан қазақ жазба әдебиетіндегі жанрларды жіктеуге атсалысқаны – қазақтың рухани өмірінде өшпес із қалдырған құбылыс. Сол себепті ғалымның ұлтқа сіңірген осы  бір ірі еңбегін өзіне сай лайықты бағалап, күллі қазақ жұртшылығына кеңінен насихаттаған жөн.   ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
  1. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937). Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. Полное собрание сочинений в 7 томах. – Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009. 564 б.- I том.
  2. Қамзабекұлы Д. Алаштың рухани тұғыры. – Астана: Ел-шежіре, 2008. – 357 б.
  3. «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ. 1914 жыл/Құраст.: С. О. Смағұлова, Ғ. Қ. Әнес, Т. А. Замзаева.- «Арыс»: баспасы, 2009. – 504 б.
  4. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937). Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. Полное собрание сочинений в 7 томах. – Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2010. 560 б.- V том.
  5. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937). Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. Полное собрание сочинений в 7 томах. – Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009. 555 б.- III том.
  6. Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ. 1-т. – Алматы: Рарирет, 2007. – 448 б.
  7. Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағы = Полное собрание сочинений в 9 томах./Құраст.: Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы. – Астана: Сарыарқа, 2013. Т.6. -520 б.
  8. «Қазақ» газеті/Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. - 560 б.
  9. Қамзабекұлы Д. Алаш – темірқазық (сұхбаттар). – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2015. – 340 б.
  10. Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі»,2012. Т.9: XX ғасыр басындағы Алаш әдебиеттануы – 368 б.
  11. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы, Алаш, 2003. – 408 б.
    Ғибрат Дулатұлы Л.Н. Гумилев атын. ЕҰУ филология факультетінің магистранты qazaquni.kz