АСТАНАДА ӘЛИХАН АТЫ АСҚАҚТАДЫ

alikhan Өткен аптада Астана әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихаттың шешімімен елордада бұған дейін санмен белгіленген бірқатар көшелерге атаулар беріліп, бірнеше көшенің аттары өзгерді. Соның ішінде Еңбекшілер көшесі және жобалық атауы №36 көше біріктіріліп, Әлихан Бөкейхан даңғылы атауын алды. ҚР Ұлттық музейінде өткен Алаш көсемінің 150 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция соның жалғасы іспеттес болды.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ӘР ЖЫЛЫ ҒАСЫРҒА ТАТИДЫ

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен атаулы шараны қалалық Тілдерді дамыту бас­қармасы ұйымдастырды. Белгілі ғалымдар, ҚР Парламентінің депу­таттары, зиялы қауым өкілдері, Әлихан Бөкейхан туған топырақ­тан бас қалаға арнайы келген қо­нақтар жиналған басқосуды қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып берді. – Биылғы жыл бәріміз үшін айрықша маңызға ие. Осы жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Шындығында келгенде, еліміздің дамуы тұрғысынан қарағанда, оның әр жылы ғасырға татиды. Бүгіндері біз бүкіл әлем танып, әлемдік өркениет мойындаған алдыңғы қатарлы жасампаз елге айналдық. Астана қаласында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясындағы шаралардың үлкен бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елордада қаңтар айынан бастап көптеген шаралар өтіп келеді. Олар желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады, – деген Ермек Әмірханұлы Әлихан Бөкейханның елдік істеріне тоқталды. – «Өткенге – тағзым, бола­шақ­қа – аманат» демекші, мемлекетіміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне, руханият әлеміне, ғылым, білімге үлкен үлес қосқан қайраткерлеріміздің, соның ішінде Алаш ардақтыларының орыны да, жөні де бөлек. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мұның мағынасын өте терең ашып, өз сөзінде айтқан болатын. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы да биыл әртүрлі деңгейде аталып келе жатыр, – деп түйіндеді сөзін қала әкімінің орынбасары.

ӘЛИХАННЫҢ ӘМБЕБАПТЫҒЫ

Тәуелсіздіктің арқасында халқымыз Әлиханның бейнесі­мен қатар Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім сынды аяулы тұлғалармен қайта қауышты. Бұл жөнінде ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов мағыналы сөз өрбітті. «Егер біз Тәуелсіздік алмағанда олардың бірде-біреуін аша алмайтын едік. Азат ел атанбай тұрғанда, 1988 жылы бар күш-жігерімізді салып, Шәкәрімді қалай ақтап алғанымыз есімде. Ол кезде КПСС күшейіп тұрған болатын. Сондықтан бүгін Әлиханның ғана емес, бүкіл Алаштың тойы» деді академик өз сөзінің әлқиссасында. Әлихан Бөкейханның әмбебаптығы таңғалдырмай қоймайды. Оның араласпаған саласы жоқ десек те болады. Сейіт Асқарұлы осыған да тоқталды. «Қазақ халқының тарихы, мәдениеті, этнографиясы, сол замандағы қазақтың хал-жағдайы, қазақ жері мен малының мәселесі, ауыл шаруашылығы мәселесі, статистикасы, не керек Әлихан осының бәрі туралы мақалалары мен еңбектерінде дәлелді деректер мен дәйектерімен жазды. Осы еңбектері әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Шоқаннан кейін, тіпті оны қазақтан шыққан екінші географ деп атауға болады» деді ғалым. Бұдан соң Әлихан тұлғасын зерттеу жағына ойысты. «Әлихан мен Алашпен тамсануымыз әлі біткен жоқ. Біз сол тамсанудан әрі аса алмай жүрміз. Түптеп, тереңдеп олардың идеяларын зерттей алмай жатырмыз. Әрине, бұған қатысты тарихшылар мен әдебиетшілердің еңбектері жазылып жатыр. Алайда, Әлихан ұсынған, жалпы алғанда «Алаш» қозғалысының идеяларының осы замандағы қайсысы өзекті, қайсысын пайдалануымыз керек, олар қаншалықты жүзеге асып жатыр деген мәселелерге келгенде кібіртіктейміз» деген ғалым Әлихан Бөкейхан еңбектерін халыққа жеткізу мәселесін қозғап, оларды үлкен тиражбен шығару керектігіне назар аударды.

ТҰЛҒА «ТАВРИЯ» САРАЙЫНДА ТҰҒЫРҒА ҚОНАДЫ

Әлихан Бөкейханның биыл­ғы 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері күнтізбесіне енгізілгені баршаға аян. Бұған Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова тоқталды. «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» АҚ басқарма төрағасы, тарих ғылымының докторы Дархан Қыдырәлі бауырлас Түркия еліңе Ататүрік, Әзірбайжан халқына Мамед Эмин Расулзаде тұлғалары қандай аяулы болса, қазақ үшін Әлихан Бөкейхан сондай ардақты тұлға екенін айтып, Халықаралық Түркия академиясы «Алаш» қозғалысы көсемінің мерейтойына орай атқарған істерді жеткізді. Оның айтуынша, бұл жұмыстар әрі қарай да жалғаспақ. – 14-15 қараша күндері Бакуде Баку түркологиялық конгрессінің 90 жылдығына орай үлкен шара өтеді. Соның бір секциясын Әлихан Бөкейханға арнап отырмыз. Өйткені, 1926 жылы алғашқы түркологиялық конгрессте Әлихандардың идеясы салтанат құрған болатын. Бұл жайт Алаш идеясының өміршеңдігін көрсетеді. Әлиханның өзі: «Азат ел болсақ, Қараөткелде астана құрсақ» деп армандаған екен. Тәуелсіздігіміз Әлиханның және Алаш арыстарының арманының жүзеге асқанын айғақтайды, – деді Д. Қыдырәлі. Әлихан Бөкейхан Ресейдің І Мемлекеттік думасының депутаты болғаны белгілі. 1906-1917 жылдары аралығында дума депутаттарының отырыстары өткен Санкт-Петербор қаласындағы «Таврия» сарайына ардақты тұлғаның ескерткіш-бюсті орнатылатын болды. Ақжолтай жаңалықты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов жеткізді.

АЛАШ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ РЕНЕССАНСЫ

«Қазақта «Ердің ерлігін білме­ген - елдің бірлігін біл­мейді» деген аталы сөз бар. Әлихандай азаматтардың мерейтойы, былтырғы Қазақ хандығының 550 жылдығы, биылғы Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, келесі жылғы «Алаш» автономиясы құрылуының 100 жылдығы – мұның бәрі мемлекетшілік арқаулар» деп сөзін бастаған ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлы ұлтқа адал қызмет ету мәселесін көтерді. Оның жарқын үлгісін Әлихан Бөкейхан бастаған тұлғалардың атқарып кеткен істерінен көретінін айтқан ғалым «Алаш» партиясы сол заманда халқымызды рухани серпіліске шақырғанын атап өтті. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республи­калық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Ербол Тілешов «Алаш» қозғалысына қатысты кейбір ұғымдарға жаңаша көзқарас қажеттігін айтып, қазақ ренесансы, яғни рухани жаңару кезеңі солардың заманына дөп келеді деп санайтынын жеткізді. Биыл бір топ алаштанушы азаматтар «Әлихан Бөкейхан ізімен» атты экспедицияның құрамында Әлихан туған жерінен бастап, оның жүрген, тұрған қызмет еткен орындарды аралады. Бұл сапардың қорытындысымен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Айгүл Ісімақова таныстырды.

ҚОС ТОМДЫҚТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Әлихан Бөкейхан Ги де Мопассан, Антон Чехов, өзге де әлем классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Онымен шектелмей, ғылыми еңбектерді де тәржімалаған. Мәселен, француз жұлдызшысы Камиль Фламмарионның «Общедоступная астрономия» еңбегін «Астрономия әліпбиі» деп аударған. Осы мысалдан-ақ Әлихан түпнұсқа мәтінге байланбай, аудармаларын ұлтымыздың ұғымына неғұрлым жақындатқаны байқалады. Тұлғаның аударма­шылық ерекшеліктеріне ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы тоқталды. Әлихан өзге тілдегі мақал-мәтелдерді де аударған. «Аңқау елге арамза молда» деген жиі қолданылатын сөзді Әлихан аударғанын ғалымның баяндамасынан білдік. ҚР Әскери-тарихи музейінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Берік Әбдіғали «Алаш әскері баспасөз беттерінде (1918-1920)» тақырыбы төңірегінде толғанды. Конференция барысында Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдерінде шыққан қос томдығының тұсауы кесілді. Алғашқысы «Қазақ жерінің жоқшысы», ал екіншісі «Аманат» деп аталады. Орыс тіліндегі нұсқада – «Творец истории» және «Завещание». Кітаптарды құрастырған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы мәртебелі миссияны академик Сейіт Қасқабасов пен Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа тапсырды. Секциялық отырыстарда тақырып кеңінен талқыланып, қорытындысында қарар қабылданды. Аманғали ҚАЛЖАНОВ qazaquni.kz