Талғат Байтазиев: Дінім мен ұлтыма тіл тигізуге жол бермеймін!

Жерлесіміз, «АМӨЗ» ААҚ-ның бұрынғы бас директоры Талғат БАЙТАЗИЕВ тағы да жанжал ортасында қалды. Бірқатар ресейлік БАҚ Байтазиевты «Преднестровьенің сұр кардиналы» деп атап, оны Молдавия металлургия зауытынан миллион доллар шығарып алды, ел президенті Евгений Шевчукке ықпал етеді және криминалмен байланысы бар деп айыптады.

2015-11-20_baytaziev

– Қазақстанда шетелдегі отандастарына қашан да қызығушылықпен бақылау жасайды, әсіресе, олар жанжалды оқиғаларға тап болған кезде. Ресейлік БАҚ-тар («Независимая газета», «Московский комсомолец», «Совершено секретно» және т.б.) сізді қашқын олигарх, миллиардер деп атайды, алайда қазақстандық Форбс тізімінде сіздің есіміңіз жоқ. Сіз кімсіз, Байтазиев мырза?

Мен зауыт директоры болдым. Қазір – жай бизнесменмін. Ешқандай да қашқын олигарх емеспін. Қазақстанда да, Ресейде де маған іздеу жариялаған жоқ. Мұның бәрі дұшпандарымның тіміскілік әрекеттері.

– Ең салмақты айыптау: сізге өз отаныңызда, Қазақстанда іздеу жарияланған дейді. Бұдан басқа, ресейлік БАҚ-тардың сюжеті бойынша, сізге грузиялық және украиналық құқыққорғау органдарының сұрақтары бар екен. Осы айыптауларға комментарий берсеңіз екен.

– Менің қолымда менің іздеуде жүрмегенімді растайтын қазақстандық, грузиялық және украиналық құқыққорғау органдарының құжаттары бар. Мен туралы жазып жатқанның бәрі сатып алынған журналисттер – жалған ақпарат пен жала.

Батуми мұнай терминалы мен портының Байтазиевқа ешқандай талабы жоқ екендігі туралы құжаттарды көрсете аламын. ҚР консулының Грузия билігіне сауал жолдаған хаты бар. Бұл хатқа азамат Байтазиевқа қарсы ешқандай қылмыстық істің қозғалмағаны туралы жауап қайтарылған. Оның үстіне, мен Батуми қаласының құрметті азаматымын.

Талғат Байтазиев «АЖ» редакциясына құжаттардың фотокөшірмелерін ұсынды:

Т.Байтазиевқа терминалдың талабы жоқ екендігі туралы Батуми терминалының бас директоры Б.Намаевтың қолы қойылған анықтамасы;

Т.Байтазиевтың тарапынан қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны туралы деректердің жоқ екендігі туралы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің анықтамасы;

Дипломатиялық қызметте Т.Байтазиевты қылмыстық қудалау туралы фактілер жоқ екендігі туралы Қазақстан Республикасы елшілігінің Грузияға хаты;

Т.Байтазиевтың Украина аумағында сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы мәліметтердің жоқ екендігі туралы Украинаның Әділет министрлігі мен ІІМ анықтамасы.

«ӘБІЛЯЗОВТЫ ӨМІРІМДЕ КӨРГЕН ЕМЕСПІН. ШЕВЧУКПЕН ДОСПЫЗ»

– Ресейлік журналистердің айыптауларындағы негізгі жайттардың бірі сіздің қазір француз түрмесінде жатқан банкир-оппозиционер Мұхтар ӘБІЛЯЗОВПЕН байланысыңыз бар екендігі-мыс туралы факт болып табылады. Қазақстанда қуғынға ұшыраған Әбілязовпен кез келген байланыста болғаны үшін қатаң жазалайды. Сіз онымен таныссыз ба?

– (Күлді).Әбілязовты көзіммен көрген емеспін. Онымен таныс емеспін және ешқашан кездескен де жоқпын. Осы жаланы жауып отырғандар бұрын мені бір оңтүстік қауымға қосақтап қоюға тырысқан еді. Енді Әбілязовқа таңып отыр. Сіз преднестровиелік БАҚ-тарды оқыңыз – олар Байтазиевтың бандиттерге және тіпті ДАИШ-ке қатысы бар деп жазады. Әрине, мұның бәрі өтірік!

– Сіз металлургиялық зауытына басшылық еткен, мойындалмаған Приднестровье Республикасының алдағы президент сайлауына қазіргі айыптаулардың байланысы бар ма?

– Әрине, байланысы бар және мұны кім жасап отырғанын біз білеміз. Осы бүкіл ақпараттық соғыстың артында маған қарсы Преднестровьенің ішіндегі белгілі бір саяси күштер тұр.

20 жыл республикаға молдавиялық «Шериф» холдингі (Преднестровье Молдавия Республикасындағы жеке компаниялардың ірі холдингі – Автор ескертпесі ) монополия орнатты. Олардың республикадан қаншасын ұрлап, қаншасын тасып әкеткені қолжетімді құжаттармен расталған. Неліктен екені белгісіз, бұл туралы ешкім жақ ашпайды. Бәсекелесіне айналған ақылды бизнесмендердің алдында монополистерді үрей билейді. Біз келдік те (президент Шевчук қолдайтын бизнес – Автордың ескертпесі), дүкендерді аша бастадық, автобустар шығарып, зейнеткерлерге көмектесе бастадық...

– Сіздің қазіргі президент Евгений ШЕВЧУКПЕН қарым-қатынасыңыз қандай? Сіз сол адамның қолдауымен зауыт директоры болдыңыз ба?

– Мен онымен достық қарым-қатынастамын. Рас, қазір біз сирек көрісеміз. Ол сайлауалды науқаннан (желтоқсанда ПМР-да президент сайлауы өтеді. Шевчук – үміткерлердің бірі – Автордың ескертпесі), мен өз бизнесімнен босамаймыз. Біз телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз, рас, саясат туралы айтпаймыз. Евгений Шевчук металлургия зауытынан құрметті ресейлік инвесторы (ресейлік олигарх Алишер Усмановқа тиесілі («Металлоинвест» холдингі – Автордың ескертпесі) кеткен кезде мені сол зауытты көтеру үшін шақырған болатын. Кәсіпорын мемлекетке көп шығын – айына 4 млн доллардай шығын әкелді. Зауыт аяғынан тұрып, табыс табуы үшін 2500 адамнан тұратын ұжымды сақтап қалып, зауытты іске қосу керек болды.

– Сіз басшылық еткен уақыт ішінде МӨЗ банкротқа ұшырап, кәсіпорын қаржысы офшорға шығарылды деп растауда...

– Бұл ақылға сыймайтын айыптау! Біз мемлекеттен көк тиын да алған жоқпыз – бұл бір. Инвесторлардың ақшалары шығарылды – бұл екі. Мойындалмаған республикаға ешкім де ақша салмас еді – бұл үш. Инвестор (БРИК ОИЛ ФЗИ ОАЭ (Dubai Banking Group компаниясы – Автордың ескертпесі) 140 млн доллар көлеміндегі ақшаға металл сынықтары түрінде тауарлық несие берді. Оның 90 млн-дай доллары – металл сынықтары мен дайын өнім зауыт аумағында жатты. Егер тіпті ақша инвесторға берілсе де, ол өз ақшасын алды. Мен осы: «Ақшаны шығарып алды!» деген орынсыз мәлімдеменің мәнісін түсіне алмаймын. Кімнің ақшасын? Олар сонда өздерінен өздері ұрлады ма? Қандай ақша шығарылған? Әрине, біз несиелерді қайтардық, металл сынықтарын сатып алу үшін несиемен берілген соманы компанияларға бердік. Осыны зауыттан ақша шығарып алғандай дабыра қылды. Бұл ақымақтық! Біз керісінше, ол жерге өзіміз ақша әкелдік. Өйткені, әдетте мұндай зауытқа инвестор бір-екі жылға емес, төрт-бес жылға келеді. Әрине, біз кәсіпорынды біртіндеп жаңартып, өндірісті жақсартқымыз келді. Алайда осынау дәлелсіз айыптаулар мен қысымнан кейін инвесторлар қорқып кетіп: «Біздің бұл жерден кеткеніміз жақсы болар!» деді. Нәтижесінде инвестор банктік және теміржол кепілдіктерінен 7 миллион доллар жоғалтты.

«ЮРАШ МЕНІҢ ҰЛТЫМ МЕН ДІНІМЕ ТІЛ ТИГІЗДІ»

– Преднестровьеде жұмыс жасап жүрген кезде сізді елдің саяси өміріне белсенді түрде араласты деп жазады. Жергілікті саясаткерлерге, бизнесмендерге, оппозицияға ықпал етіпсіз. Сіздің кабинетіңіздегі әңгімені жазып алған Преднестровье Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы депутаты Владимир ЮРАШТЫҢ мәлімдемесіне қатысты эпизодты еске салайық. Сіз оны шынымен де өлтіремін деп қорқыттыңыз ба? Осы жанжалдың мәнісі қандай?

– Жанжалдың себебі – бұл адам біздің ұлтымыз туралы, мұсылмандар туралы, дін туралы жағымсыз сөздер айтты. Мен Рыбницадан өз қаржыма мешіт салдырғым келген, жобасын да әзірлеп қойғанмын. Юраш пен басқалар қазақ Байтазиев өзімен бірге Преднестровьені жаулап алуға мұсылмандарды әкеледі деп мешіт төңірегіне үрей сезімін тудырған.

Мен өз тарапыма қатысты көп нәрсеге шыдауға әзірмін, бірақ менің дінім мен ұлтыма тіл тигізуге жол бермеймін! Бұдан басқа, бұл депутат маған таныс әйелге – банк директорына әдепсіз ұсыныс жасаған, ол әйелге қысым көрсеткен.

Иә, бірінші қоңырау менікі еді. Мен оған қоңырау шалдым, әңгімемізді жазып алған. Қалғандары монтаждалған. Өз мәлімдемесінде Юраш мен оған қоқан-лоқы жасаған күнді көрсетіпті. Алайда сол кезде мен Алматыда едім. Бұл менің беделімді түсіру үшін жасалған қойылым болатын.

–Ал оған тапаншаңызды кезеніп пе едіңіз?

– Ешқандай тапанша болған жоқ. Еркектерше әңгімелестік. Ал ол қорқақ қорыққанынан мен оны ұрып жібере жаздады деп сөз қылыпты.

– Сізді нағыз бандит етіп көрсетті. Ар-намысыңыз бен беделіңізге нұқсан келтіргені үшін сотқа талап-арыз берген жоқсыз ба? Бұл хикая немен аяқталды?

– Тергеу шаралары болып, осы оқиға кезінде менің Преднестровье Молдавия республикасының аумағында болмағанымды анықтады. Эмоцияға берілген адам телефон арқылы айта бермей ме?! Ештеңе дәлелдей алмай, істі жауып тастады.

– Youtube-тағы осы бейнежазбада сіз әлдебір Спарта дегенге қоңырау шалып, оған: «Бауырым» депсіз. Ресейлік БАҚ-тар оның грузиялық «заңдағы ұры» Спартак ДЖАПАРИДЗЕ екенін растайды. Ол сіздің досыңыз ба?

– Жоқ. Мен ешқандай да Джапаридзе дегенді білмеймін. Айтып өткенімдей – бұл шебер монтаждалған жазба. Іс жүзінде маған жас кезімізде бокспен бірге айналысқан Қазақстандағы жақын досым қоңырау шалған еді. Есімі Мұхаммед, жақсы боксшы еді, сол үшін оны Спартак деп атап кеткенбіз. Жолдасым менен өзімді ұстай білуімді, осы арандатушылықтардың бәріне берілмеуімді өтінді. Оның өзі кейін осы депутатпен сөйлесіп, сыпайы түрде, қорқытусыз мені арандатуды тоқтатуын өтінді.

Сіз Михаил СААКАШВИЛИМЕН доссыз ба? Сіздің Батумиге тағайындалуыңызға ықпал еткен сол адам ба?

– Батуми порты «ҚазМұнайГаз» нысаны болып табылады және директорды тек ұлттық компания ғана тағайындай алады. Мен Батумиге тағайындалғаннан кейін 4-5 айдан соң Саакашвили Грузиядан кетіп қалды. Мен тек оны теледидар арқылы ғана көргенмін. Сондықтан оның менің тағайындалуыма ешқандай қатысы жоқ.

– Сіз Батуми мұнай терминалы мен портының бас генералы болған кезде шылым контрабандасына және т.б. бақылау жасады деп растайды.

– Сіз Батуми портының басшылығынан олардың немен айналысатынын сұрап біле аласыз. Порт құрғақ және құйылмалы жүктерді тиейді. Мен ешқашан, тіпті порт директоры болып тұрған кезде де, ол жерде шылымдар тиеледі деп естімеппін. Егер мұнымен контейнерлерде айналысқан болса, онда контейнер терминалын шетелдік компаниялар жалға алған болатын. Батуми айлақтарынан мен басшылық еткен кезде ешқашан шылымдар тиелген емес.

– Сіз Украинада қандай қызметпен айналысасыз? Одесса портының сіздің бизнесіңізге қандай қатысы бар?

– Одесса портының менің бизнесіме ешқандай қатысы жоқ. Бұл қазіргі саяси ахуалды пайдаланып, міне, ол Украинада деп, адамдарды маған қарсы қойғылары келетін біздің дұшпандарымыздың ойдан шығарғандары. Менің Украинада бизнесім жоқ. Ұлым украин қызына үйленген, ол жерде екі немере қызым бар. Олармен жүздесіп, көрісу үшін айына бір рет Киевке барып тұрамын.

– Байтазиев мырза, сіздің қазіргі бизнесіңіз немен байланысты?

– Мен IT-технологиясымен айналысамын. Бағдарламалаумен және софт-қамтумен айналысатын бір компанияның 60 пайыз акциясын иемденемін. Сонымен қатар, біз авиа-такси ұйымдастырдық. Бір еуропалық банктен лизинг үшін ақша алып, шағын әуе тасымалымен айналысамыз. Сондай-ақ, Польша шекарасынан өткен кезде жүкті ауыстырып тиеу және сервистік қызметтер көрсетеміз. Ол жақта біздің жүк ауыстырып тиейтін контейнерлік терминалдарымыз бар.

– Бүгінгі күні сізге қатысты ресейлік БАҚ-тар тарқатып жатқан бүкіл «грузиндік-молдавиялық-украиндық» хикаяларды сіздің Кремльге «қырын қабақты» елдердегі кәсіпкерлік қызметіңіз үшін тартып отырған зауалыңыз деп есептейсіз бе?

– Мұның бәрі Принестровьеден келіп жатыр. Бір Молдавия газеті осы өсек-аяңды басып шығарды, ресейлік БАҚ-тар оны көшіріп басты. Бұл жерден «Кремльдің ізін» іздестірудің қажеті жоқ, менің Ресеймен қарым-қатынасым өте жақсы.

«АМӨЗ-ДЕ КӨПТЕГЕН ҰРЫЛАРДЫ ҚУЫП ЖІБЕРДІМ»

Сіздің Қазақстандағы қызметіңізге оралайық. Сіз 2013 жылдың желтоқсанында «АМӨЗ» ААҚ бас директоры лауазымынан кеткеннен кейін бір айдан соң АМӨЗ-ге өңдеуге жіберілген заңсыз мұнайға байланысты қылмыстық істер қозғалды. Сіз бұған комментарий бере аласыз ба?

– Менің кезімде ондай мұнай болған жоқ. АМӨЗ-де үнемі тексерулер болып тұрады. Мен үнемі: «Зауыт мұнайды қайта тексеріп шығатын фискалды орган емес» дейтінмін. Бір кездері біз мұнайды кенішке дейін дерлік тексере бастайтын болдық. Оның қайдан, қалай келе жатқандығы туралы құжаттармен жете таныстық. Іс жүзінде заң бойынша біздің бұлай жасауға құқығымыз жоқ. Бәлкім, әлдебір жолдармен шығар... Мен растай алмаймын. Менің білуімше, бәрі реттелген сияқты. Зауыт өзінің қалыпты, жоспарлы режимде жұмыс жасағанын дәлелдей алды. Егер қандай да болмасын заң бұзушылық анықталған болса, жазасын алған болар еді. Менің тұсымда зауытта ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Директор кеткеннен кейін оның қызметін тексеруді дұрыс тәжірибе деп есептеймін. Ал маған қастық ойлаушылар бұл фактінің өңін айналдырып алып, бәріне мені кінәлі етіп шығарды. Тіпті, бұрынғы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВПЕН байланысы бар деп қосып та айтты. Мен АМӨЗ-ге келген кезде көп ұрыны қуып жібергенімді бәрі біледі. Мақтанғаным емес, бірақ мен басшылық еткен кезде зауытта қандай жұмыстар жасалғанын қараңыздар.

– Қазақстанда сіз «ҚазМұнайГаз» менеджерінің, негізінен АМӨЗ қызметімен байланысты лауазымын атқардыңыз. Сіз банктердің активтерін, кәсіпорын мен ұшақтар сатып алуға қаржыны қайдан алдыңыз?

– Бұл банк пен лизингтік компанияның ақшасы. Біз оны төлеп құтылмайынша, бұл қаржылар – менің емес, банктің меншігі болып есептеледі. Мен АМӨЗ-ге 35 жасымда келдім. Бұған дейін босқа сандалып жүрген жоқпын, қазақстандықтардың көпшілігі менің Біріккен Араб Әмірліктерінде бизнесім болғанын біледі. Сегіз жылдай уақыт Дубайда жұмыс жасадым, ол жаққа ай сайын ұшып бардым. Ол кезде біз жиһаз, автокөліктер мен пәтерлер саттық. Әмірліктерде пәтерлердің бастапқы бағаға қарсы төрт-бес есеге қымбаттап кеткені көпшіліктің есінде. Бір жерлерде акцияға, банктерге, жылжымайтын мүлікке қаржы салдым. Мен зауытқа бизнестен бардым. Мені «Қазақойлға» шақырған кезде менің белгілі бір капиталым бар болатын. Қолымдағы барымды еңбектеніп таптым.

«МИХАИЛ ТҮЗЕЛДІ, РУСТАМ – ЖЕНЕВАДА ТҰРАДЫ»

– Сіз ірі компаниялардың бірінен топ-менеджер лауазымын күтіп жүр деп естідім. Сіздің жоспарыңыз қандай?

– Ұсыныстар көп. Менің менеджерлік тәжірибем сұранысқа ие. Мен әлі шешім қабылдаған жоқпын, ойланып жүрмін. Кейбір компанияларға консультация беретінім жасырын емес, ол жерден де табыс табамын. Мені порттарды, резервуарларды, терминалдарды және т.б. салу жобаларына тәжірибелі маман ретінде шақырады.

Сіз Қазақстанға ораласыз ба? Президент Назарбаев қазақстандық миллионерлерді отандық бизнеске қаржы салуға шақырды. Қазір елімізде экономикалық дағдарыс болып жатыр. Өз жерлестеріңіз үшін жұмыс орындарын ашып, қазақстандық қазынаға салықтар төлер едіңіз...

– Мен Қазақстаннан кеткен жоқпын. Біз Қазақстанда жұмыс жасаймыз. Мен жария еткім келмейді, алайда, менің маңайымдағы компаниялар мен бизнеске 100 шақты адам түрлі салада жұмысқа орналастырылды. Ал отандық бизнеске қаржы салып келу туралы ойланып жүрмін. Біреулерге Байтазиевтың қайтып оралатыны жағымсыз әрі қорқынышты болмақ! Маған қарсы өсек-аяң мақалаларға тапсырыс беруді бастайды!

– 2016 жылдың желтоқсанында Қазақстанда капиталды заңдастыру аяқталады. Сіз оған қатысқан жоқсыз ба? Активтерді отанға аудару жоспарыңызда бар ма? Билікте сіздің бизнесіңізге қатысты сұрақтар туындайды деп алаңдамайсыз ба?

- Жоқ, ондай жоспарым жоқ. Өйткені мен нені заңдастыруым керек екенін білмеймін. Менде бәрі заңды, жария әрі ашық. Егер қажет болса, әр нысанды және әр теңгені дәледейтін құжат табамын.

– Үлкен ұлыңыз Михаилдың бизнесі қалай жүріп жатыр? Қазақстандықтар оған да қызығушылықпен бақылау жасап отыр? Люксті автокөліктер автопаркінен басқа оның Инстаграмдағы парақшасынан доллар мен еуро толтырылған арқақоржынды көрдім. Алматыға Bentley бренді келді. Михаил Қазақстаннан тюнингтік ателье ашайын деп жүрген жоқ па?

– Инстаграмдағы әрекеттеріне сын айтып, ұрысып жүремін. Бұл баланың қылығы ғой. Бірнеше жылдан бері ештеңе жариялап жүрген жоқ, ол жерде оның есімімен тіркелген клондар қаптап кеткен. Қазір Михаил 30 жаста, аяғына нық тұрған бизнесмен. Жақсы отағасы, темекі шекпейді, ішімдік ішпейді. Кроссфиттен санаты бар. Еуропада банктік бизнесі бар. Өзінің тюнингтік компаниясын ашып алды. Танымал Mansory («люкс» санатындағы автокөліктерді модификациялаумен айналысатын неміс компаниясы – Автордың ескертпесі) фирмасының серіктесі. Оған кей кездері өзі дизайнер болады. Өз автокөліктерін өз брендімен шығарғысы келіп жүр. Қазір Михаил Алматыда, қазақ сеірктесімен сол жерден тюнингтік ателье ашу туралы келіссөздер жүргізуде.

Кіші ұлым Рустам Женевада тұрады, құрылыс бизнесімен айналысады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Азамат МАЙТАНОВ

Дереккөз: Ақ Жайық