Абдулла қажы ЖОЛДАСОВ: Адасқан жандарды бауырымызға тартқаннан басқа амал жоқ...

abdulla – Абдулла қажы, діни руханият жолына қалай келдіңіз? Әуелгі әңгімемізді осыдан бастасақ... – Мен 1966 жылдан бастап осы жолдамын. Жиырма жасымда Бұхарадағы «Мір-Араб» медресесіне түстім. 1971 жылы Ташкентте Имам Бұхари атындағы ислам институты ашылды-дағы, мені соған шақырды. Мен сол жерде екі жыл оқығаннан кейін, Бұхарадағы өзім оқыған медресеге мұғалім етіп жіберді. Кейін сол институтқа қайта келіп, оқытушылық жасаған кезім де болды. Кеңес кезінде Ташкентте шығып тұрған «Совет Шығысы мұсылмандары» журналының араб тіліндегі жауапты хатшысы болдым. Мен одан бөлек Қазақстандағы Орал, Павлодар облысында, Түркістанда имамдық еттім, республикалық діни басқармада муфтидің орынбасары да болдым біраз уақыт. Шымкентте институтқа, университетке айналған медреседе қызмет еттім. Қайда жүрсем де ғылыми еңбек жазуды тастаған жоқпын. – Сіздің мамандығыңыз араб тілі ғой? – Маған Имам Бұхари институтын бітіргенде берген дипломда «хатиб имам» деп жазылған. Жай имам «хатиб имам» бола алмайды. – Немен айналысып жатырсыз кәзір? – Мен біраз жыл бұрын көлемі 30 пара Құранды тәпсірлеуді бастап едім, 6 парасын бітіргенде денсаулығым болмай, тоқтатып қойдым. Сөйтіп жүрсем де Құран­ның алғашқы екі парасын баспа­ха­наға жіберуге дайын етіп отырмын. Одан басқасы да бар, бірақ, олар дәл кәзір бастыруға дайын емес. – Сонда тек таза аударма ма, жоқ әлде тәпсірімен бе? – Тәпсірімен. Әр аятқа, кейде тіпті әр сөзге де. Кейін күнделікті өмірде ең көп қолданылатын 30-шы параны дайын етейінші деген ой келді. Бүгінгі таңда ол да тек баспаны күтіп тұр. – Қажы аға, сұрағым сәл оғаштау естілсе айып етпеңіз, осы Құранды тәпсірлеу, яғни, түсіндіру не үшін керек? Құран сауаттысы бар, сауатсызы бар, ғұламасы бар, білімі азы бар, жер бетіндегі жалпы халықтың бәріне түсірілгеннен кейін ол қарапайым көпшілікке ешқандай түсіндірмесіз түсінікті болуға тиіс емес пе? – Ертеде бір ғұлама тәпсір жазыпты. Хадистерді көп пайдаланған екен, жазбасы 300 кітап болыпты. Ғалымдардың өзі: «Азайтып, қайта жазыңыз, тым көп, адам ғұмыры жете ме бұған!» депті. Азайтқаны 30 кітап болыпты. Ғалымдар: «Әлі де көп, азайтыңыз» дейді. Сонда ғұлама: «Е-е, адамдардың құлшылыққа деген ынтасы кетіп қалған екен ғой» депті... Сол айтқандай, ықшамдап жазса артық болмайды деп ойлаймын. – Ана жылы өзіңіз өлең түрінде аударып бастағаныңыз қайсысы еді? – Аяттың ыңғайына қарап өлеңмен жазған осы 30-шы пара болатын. – Халифа Алтай атамыз аударған Құран тілі – өте ауыр. Мен өзім Құраннан бір нәрсе оқып түсінгім келсе, арабша мәтіні, қазақша оқылуы мен мағынасы бірге берілген, діни басқарма шығарған аударма мен Валерия Порохованың орысша нұсқасын қатар қараймын. Себебі, көп сұрақта Порохованікі түсініктілеу, қысқа да нұсқа. Осы жерде ана бір жылы сіз өлең түрінде еркіндеу аударған нұсқа бәрінен де дұрыс көрінеді маған... – Құранды сөзбе-сөз аудар­ғаннан, әрине, мағынасын сақтай отырып, хадистерді, сахабалардың, табийандардың жекелеген аудармаларын қолдана отырып еркін аударған дұрыстау болады. – Құранның көп сүресі, «Ыхлас» пен «Фатихадан» бастап, тыңдап отырсаңыз ұйқасқа құралғанын байқайсыз... – «Мұхаммед» сүресі де сондай. Міне, тыңдаңыз. (Әбекең оқып берді). Көрдіңіз бе, басынан аяғына дейін бір ұйқасқа құралған. Имам Ахмад атты (төрт имамның бірі емес) араб поэзиясын жік­теп, оның жүйесін жасап шыққан ғұлама адам болған. Құран аяттары өлең сияқты естілгенмен, әлгі жүйенің ішіне кірмейді! Олай болатын себебі – біздің тыңдауымызға ың­ғайлы, жаттауымызға жеңіл болуы үшін Алла-Тағала оны өзінің құдыретімен солай етіп түсірген... Соңғы кезде Мұхаммед (с.ә.с.) пайғамбарымыздың өмір тарихын жазып шықтым. Онымен қатар «Пайғамбардың төрт шарияр (төрт дос)» аталған, одан кейінгі 4 халифа туралы кітабым шықты. Бұл екеуінен бөлек төрт шариярдан соң билікке келген Үмәйәлер әулеті жайлы кітабым да бітіп, мүфтияттан рұқсатын алып, кезегін күтіп тұр. Үмәйәлер әулетінен кейінгі 525 жылдай билік құрған Аббасидтер әулеті жайлы кітабым да дайын. – Оларға дейін ше? – Оларға дейін халықққа өте керек кітап қой деп, пайғамбар хадистерінен «40 хадис қазақша сөйлейді» деген, «Тауарих хамса» деген, т.б. кітаптарым шыққан болатын. – Мен өзім пайғамбарымыздың өмірбаянын оқысам жаным рахатқа бөленеді. В.Панованың, Фетхуллах Гюленнің, тағы бір түрік авторы Хайламаздың аудармасының ішінен Вера Панованың «Мұхаммедтің өмірі» деген кітабы ерекше ұнады. Сіз қазақша сол кітаптарды оқып, саралап алдыңыз ба, жоқ, не де болса өзіңіз түйген ойыңыз бойынша жаздыңыз ба? – Мен жазар ма едім, жазбас па едім, пайғамбарымыз тарихына қатысты студенттер оқитын оқулықтар, көркем кітаптар менің ойымнан шықпады. «Жүйелеп жазу керек екен» деп ой түйдім. Мен сіз айтып отырғандар бар, басқасы бар, аудармаларды емес, тек түпнұсқаларды пайдаландым. Өлеңмен келген аяттарды өлеңмен бердім. Мысалы, Әзіреті Әліге қарсы бір шайқаста яхудилердің батыры майданға өлең айтып шығады. Әзіреті Әлі де оған: «Анам мені «хайбар» (барыс) деп атап еді, орманның барысына тақап еді, сендейлерге мінезім шатақ еді» деп өлеңмен жауап береді. Атаулардың арабшасының қазаққа әсері болмайды деп, қазақшаға аударған дұрыс деп білдім. Пайғамбарымыз бір сахабасына «Әбул-лақ-азан», «Ұйықтамайтын», «Ояу» деп ат қойған екен, мен оны «Таңсәрі» деп аудардым. Және «қайынбике, жезде» деген таза қазақы ұғымдарды қолдандым. – Пайғамбар мен оның төрт досы – Әбубәкір, Омар, Оспан мен Әлі халифалар туралы елге өте керек танымдық дүние жазыпсыз. Рахмет! Ал, Құран сүрелері белгілі оқиғаларға байланысты түсіп тұрғанын білеміз. Солардың бәрі бірдей бүгінгі күнге қажетті ме? – Әрине, қажетті емесі де бар. Бірақ, кейбір бүгінгі нәрсені түсіндіру үшін Құранға жүгінуге тура келеді. – Тамаша! Кәзір бар жерде арабша сөздерді тықпалау етек жайып барады. Мысалы, «жұма мүбәрак болсын!» дейді. Мен: «ей, бауырлар, онсыз да араб сөзі бізде аз емес, жаңасын тықпаламай-ақ, «жұма құтты болсын!» десең ол құтсыз болып қала ма?» деген сөзіме ешқайсысы тоқтамайды. Бір жас бала: «Көке, «Аллаға шүкір» деп айтпаңыз, «Әлһамдулиллаһ!» деп айтыңыз, шүкіріңіз ана сөздің мағынасын толық бере алмайды» дейді. Осы ата-бабаларымыз «иншаллаһсыз» да, «машалллаһсыз» да мұсылман болып келіп еді ғой. Арабша сөзді тықпаламасақ болмай ма? – Тықпалаудың түкке қажеті жоқ. Мен де оларға бір-біріңе «ақи» деп айтпа, «бауыр» деп айтыңдар деймін. – Оның үстіне «ақиланып» деген сөз қазақша онша жағымды естілмейтін сөз ғой... Мемлекетіміз жылына 330 баланы Түркияға, Сауд-Арабиясына, Мысырға грантпен оқуға жібереді екен. Соларды өзімізде-ақ оқытуға мүмкіндік жоқ па? – Шымкенттің орталық мешіті «Ордабасы» болып тұрған кезде маған «бата беріңіз,Түркияға барамыз» деп балалар келді. «Бата бермеймін! Не бар сендерге Түркияда? Бүгін барсаңдар, ертең өкінетін боласыңдар!» дедім... Біраз жылдан соң солар маған тағы келіп, сірә, маңдайлары тасқа тисе керек, бұл жолы алғыс айтып кетті. Түркия да, араб елдері де беретін білімді біз өзіміз де бере аламыз! Оған шамамыз толық жетеді. Мен сол «Ордабасы» меші­тінде жүрген кезімде Темірланнан біраз кісі келіп, Түркиядан оқып келген бір имамның жамағатты теріс жолға бастап бара жатқанын айтып шағынған-тұғын. Дәл сол уақытта Темірланның Қасқырбай атты елағасы бір азаматпен танысып қалдым да, «тентегіңізді тыйыңыз» дедім. – Осы жерде еліміз үшін дәл кәзір аса өзекті болып тұрған мәселе бар – қаптап кеткен салафит, уахабит секілді теріс ағымдардан адасқан жастарды қалай қайтарып аламыз? Ал, қайтарудың меніңше жалғыз жолы – оларды адал сайыс, ашық айтыста дәлелмен, дерекпен, уәжбен мойын бұлтартпай отырып жеңіп шығу ғана. Оған жер-жердегі имамдардың шамасы келе ме? – Имамдардың бәрінің бірдей шамасы келе бермейді... Бірақ, әлгілермен байланысқа кіріп, пікірлесіп, бауырға тарта бергеннен басқа амалымыз жоқ. – Осыдан 10 жылдай бұрын сіз Шымкенттегі Жаңа-шаһар мешітінде жұма сайын уағыз жүргізіп тұрдыңыз. Ол күні мешітке адам сыймай кететін. Сол жерде сізге қойылмайтын сұрақ болмайтын. Сіз соның бәріне өте ұғынықты түрде, құлаққа құйып қойғандай етіп жауап беруші едіңіз. Бүгін солай уағыз айтуға, салафит, уаха­биттермен апта сайын теле­дебатта сағаттап айтысуға денсаулығыңыз жарай ма? – Кәзір – жарайды. Апта сайын ондай уағыз айтуды, де­батты ұйымдастырар, оны дәстүрге айналдырар мекеме, телеарна болса, қанеки! Мен – дайынмын! – Ал, дәл өзіңіздей айтысқа жарайтын имам, дінтанушылар саны жеткілікті ме? Мысалы, Рәтбек қажы жарай ма? – Оған көзім жете бермейді... Өйткені, ол кісі кітаппен көп жұмыс істеп жүрген адамның белгісін байқатпайды. Елде сауатты жігіттер жоқ емес, бар деп естимін, бірақ, олардың аты-жөнін, санын айта алмаймын. Бір облыстан бір білімдар адам табылады деген үмітім бар. – Мүфти Ержан қажы сізді тани ма? – Таниды. Сарыағаштағы Серік Ораздың, мүфтидің 1-орынбасарының аулында өткен үлкен бір жиында қасындағы Серік бастаған қызметкерлеріне: «Мына кісіні пайдаланыңдар!» деп тапсырма да берген болатын. – Әбеке, әр адам, сыртқа шығар­маса да, өзінің деңгейін өзі біледі. Талантының білімінің, іскерлігінің, т.б. Қалай ойлайсыз, сол Серік Ораздың, Қайрат Жолдыбайдың сізден білімі артық па? – Олардың менен тек денсау­лығы артық... – Мүфти айтқалы олар хабарласты ма? – Хабарласқан жоқ. – Одан бері қанша уақыт өтті? – Екі жылдан асты-ау деймін... – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz