Шымкентті кім бақылайды?!.

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың жұмыстарын сынға алды.

Ол облыстық мәслихаттың құрылыс және коммуналдық саланы дамыту жөнiндегi тұрақты комиссиясының отырысында «Бізге арыз түсіп жатыр. Тротуарда велосипед жүргізуге бола ма, болмай ма? Өйткені біраз азаматтар «Қалада веложол салып жатқандар біз жасаған жолаяқ төсеніштерін алып тастап, қайтадан басқасын төсеуде. Ғимараттар мен тротуарлардың арасында биік бордюрлар қоюда. Жауын жауса, жаңбыр суы бордюрлардан аса алмай көлкіп ғимараттарға қауіп төндіреді ғой» деп шағым жазған екен. Осы мәселені кім түсіндіріп бере алады? Негізі веложол қалай салынуы керек? Қандай талаптар бар?» деп сұрады.

Бұдан хабар жоқ па, әйтеуір облыстық әкімдікке қарасты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Құрылыс басқармаларының басшылары аталған мәселені анықтап, жазбаша жауабын береміз деп құтылды. Дегенмен, олар тратуарда адамдармен бірге велосипедпен қатынауға болмайтынын айтты.

dalanews-21– Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында кезінде кәсіпкерлер ғимараттарының алдынан өтетін тротуар бөліктеріне өздері төсеген плиталардың барлығын алып тастап, қайтадан төсеніш салып жатыр. Бірақ, құжаттарын сұраса, ешқандай құжат көрсетпеген. Не рұқсат қағазы, не бір нұсқауы жоқ. Ертең тағы да ананы алып таста, мынаны алып таста деп басқа талап қоюы мүмкін. Италияда автобустар жүретін жолдар бір бөлек, тротуар бір бөлек, веложол бір бөлек. Ресейде де сондай. Қазақстанда қандай сонда? Сонда біздің облыста бақылау жоқ па, не бұл?! Әлде бітіріп, бүлдіріп болған соң бақылау жасалына ма? Тротуарда велосипед жүргізуге болмайтын болса, бізде бақылау да, қадағалау да жоқ, қалаған адам қалаған нәрсесін жасап жатыр ма? Бұрынғы плита төсеніштерді алып тастаудың не қажеті бар? Қазіргілерін сапасына қарап-ақ білуге болады, үгітіліп қалады. Неге біздің қалада үнемі бақылаусыз жаңа құрылыстар жүре береді? Бюджеттен қаржы қалай бөлініп жатқанын бір Құдай біледі… Оған тендер жарияланған ба? Қаржы көп болса, жұмсайтын қаншама нысан бар ғой, – деді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелеханов.

rgmedia.kz