Отандық журналист Ләйлә Сұлтанқызын жұмыстан қуып жіберуді ұсынды

Отандық журналист Ардабек Солдатбай "Қазақстан" ұлттық арнасының басшылығынан белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызын жұмыстан қууды сұрады. Бұл туралы shyn.kz порталы жазады.

Отандық журналист Ләйлә Сұлтанқызын жұмыстан қуып жіберуді ұсынды

Журналист Ардабек Солдатбайұлы ұлттық арнаның эфиріне трансвеститтің шығуын үлкен қауіп деп бағалады.

«Аса құрметті Нұржан Жалауқызы! "Қазақстан" ұлттық арнасының атақ-абыройын және жеке өзіңіздің іскерлік беделіңізді сақтау үшін қазақ елінің эфирінде азғындықтың ең жоғары көріністерінің бірі қызтекеліктің (трансвестит - жынысын өзгерткен адам) насихатталып, еркектен әйелге айналған азғынды төрге шығарып қаймана қазақты ауызына қаратқан "Әйел бақыты" бағдарламасы мен оның жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызына қатысты қатал жазалау шарасын қолданып, оны көрермендеріңізге жариялауыңыз керек», - делінген ашық хатта.

Сондай-ақ, журналист қазақы тәрбие көрген тележүргізушінің мұндай әрекетке барғанын қатаң айыптады.

«Ләйлә Сұлтанқызы басқаратын команда ЛБГТ, қызтекелік, гейлер тақырыбы Ұлттық арнаға абырой әкелмейтінін біле тұра Сіздің абыройыңызды төгу үшін осындай іске барған болар. Әйтпесе, қазақы тәрбие көрген, көрерменнің сұранысын білетін тәжірибелі журналистің мұндай кемшілікке жол беруін басқаша қалай түсінеміз?!», – деп ашынады журналист.

Еске сала кетейік, Ләйлә Сұлтанқызы жүргізген "Әйел бақыты" бағдарламасына жынысын ауыстырған трансвестит қонаққа келген болатын. Бағдарламаның бұл саны көпшіліктің қызу талқысына түсті.