Тараздық кәсіпкерлер Зүлфия Габидуллинаға хан сарайындай зәулім үй салып бермек

Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зүлфия Габидуллина 26 қыркүйек күні туған жеріне келді, - деп хабарлайды КТК арнасы.

Тараздық кәсіпкерлер Зүлфия Габидуллинаға хан сарайындай зәулім үй салып бермекРио-де Жанейрода өткен паралимпиада ойындарының жүлдегерін шенеуніктер мен оның жақындары әуежайдан күтіп алды. Чемпионның келуін тағатсыздана күткен елде есеп жоқ.

Зүлфия Ғабидуллинаның есімі қазақ спорт тарихында алтын әріппен жазылатыны айтпаса да түсінікті. Бұған дейін паралимпиада ойындарында мұндай жеңіске жеткен спортшы болмаған.

Мүгедек әйел бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған. Алайда бұрындары дәл осылай қошеметке бөленген емес. Мүмкіндігі шектеулі чемпион қазір көпқабатты үйде тұрады. Енді демеушілердің көмегімен жеке жер үйі салынбақ.

Кәсіпкер Зүлфияға баспананы өзінің қалауына қарай салып бермек. Әрі зәулім сарайдан кем түспейді деп уәде етілген жер үй Спорт сарайының маңына түсетін болды. Яғни Ғабидуллинаның жаттығуға барып-келу жағы ескерілген. Бірақ, әзірге құрылыстың мерзімі нақтыланған жоқ. Бұған чемпион аса бас қатыра қоймады. Ол жалғыз қызы мен жақындарын қатты сағыныпты.

"Менің тойымда мұнша қонақ болған емес. Сіздерге көп рахмет. Елді, жақындарымды қатты сағындым. Ол жақтың тамағы ұнамады, етті қатты сағындым. Шынымды айтсам, қатты шаршадым. Енді үйге аман жетіп, жақындарыммен қауышып отырмын", - дейді Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина.

Белгілі болғаны банктердің бірі жеңімпазға тағы 3 млн теңге берсе, мемлекеттен әлі көк тиын алған жоқ. Өйткені паралимпиадашыларға берілетін сыйақы мөлшері әлі нақтыланбай жатыр. Егер дені сау мен мүгедек чемпиондарға үлестірілетін қаржы көлемі теңестірілсе, Габидуллинна 50 мың емес, 250 мың доллар алмақ.