Құрманбек пен Риза: «Көк тудың желбірегенін» әр қазақ жырлауға тиісті

Құрманбек Риза 5      Өнерде де, өмірде де қол ұстасып бірге келе жатқан жарасымды жұптың бірі – Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбайқызы. Өздерінің өнерлерімен сонау аспан асты елін мойындата білген талантты жұп бүгінде отандық эстрамыздан ойып тұрып орындарын ала білген өнер иелері. Сондай-ақ, Қазақстандағы әнсүйер қауымға «Қарғаш-ай», «Ағажай – Алтай», «Бүркітбайдың әні», «Ой, Ғайша» атты әдемі әндерді керемет жаңалықпен жеткізді. Егемен елдің жарқын болашағы жолында жұптары жазылмай, еселі еңбек етіп келе жатқан әншілермен тілдесудің сәті түскен еді.  Ең әуелі әңгімемізді сіздер туған топырақтан бастасақ... Риза: – Мен Қытай Халық Республикасы Алтай аймағында қарапайым ғана отбасында дүниеге келдім. 6-жасымда әкеден көз жазсам, 12 жасымда шешеден айрылдым. Балалық балдәуренім қатты қиындықпен өткені де күніи бүгінге дейін көз алдымда. Әдетте ата-ананың мейріміне қана қоймаған балалар жасқаншақтау болып өседі емес пе? Бірақ, мен керісінше өжет едім. Алла тағаланың берген қабілет-қарымының арқасында бүгінгі күнге жеттім деп ойлаймын. Ал, Құрманбек Тарбағатай өңірінің тумасы. Сондағы Сарыбел дейтін қыстақта өмірге келген. – Өнерге деген құлшыныс қай кезден бастау алды? Риза: – Мен өнерлі отбасында өмірге келдім. Анам –  Қалила Омарқызының суырып салма ақындығы бар кісі. Бойымдағы талант ананың ақ сүтімен дарыса керек-ті. Ал  әпкем Қытайдағы жұртшылық өнерін жоғары бағалаған, осы саланың өз өкілі-тін. Мен осы кісілерге еліктеп өстім.  Өнерге деген құлшыныс та сонау балалық кезден бастау алған-ды. Мұның өзі да заңдылық та шығар бәлкім. Тәтті қиялға барынша ерік беретін сонау балғын шақта-ақ мен өзімді танымал әнші ретінде сезінетінмін.(күліп).  Тіпті өз-өзімді хабарлап, сахна төріне шығаратынмын. Ауыл-аймақтағы бала-шағаны жиып қорада концерт қойып беретінмін. Қазір еске алсам еріксіз күлкім келеді. – Құрманбек аға Риза апаймен алғаш танысқан сәтіңіз есіңізде ме? Құрманбек: – Әрине есімде. Ол сәтті қалай ұмытайын?! Ол кезде Қытайдың Өнер академясында жоғары білім алып жүрген студент едім. Ал Ризаның аққұба өңді, бұлбұл үнді сұлу да сымбатты бойжеткен кезі. Тіпті жас әнші ретінде танылып та үлгерген шағы. Менің өнерге енді ғана қадам басып келе жатқан бетім. Осынау албырт шақта бір оқу орнында оқып жүргендіктен Ризамен танысудың сәті түсе қойды. Қолында үкілі домбырасы бар әдемі бойжеткен талайлардың арманы етін. Екеумізді таныстырған да, табыстырған да, әуелі – Алла, одан кейін қасиетті өнердің құдіреті дер едім. Жігіт емеспін бе?! Өмірдің заңдылығымен алғаш рет Ризаға өзім сөз салдым, әрине. 1987 жылдан  бастап қыз-жігіт ретінде махаббат айдынында қол ұстасып бірге жүрдік. 1991 жылы Өр Алтайдың аққуын Тарбағатайдың тарланы болып қолыма қондырдым. Дәл осы жылы  Қазақстан халқы өзін Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялады. Қазақ елі қуаныштан жанарына жас алды. Егемендікке қол жеткізген осы сәт ел үшін де, біз үшін айтулы дата. Өйткені біз де атажұрттағы ағайын үшін бөрігімізді аспанға атып қуанып, әрі Риза екеуміз отбасын құрып, үлкен өмір жолына қадам бастық. – Ендеше ел егемендігінің мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келген отбасылық қуаныштарыңыз құтты болсын! Тәу  етер Тәуелсіздігіміздің сіздер үшін мәні мен маңызы қандай? Айтулы датаға орай тыңдармандарыңызға қандай да бір тарту жасау ойларыңызда бар ма? Риза: – Еліміздің ең басты, әрі теңдессіз байлығы ол – егемендігі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның егемен, тәуелсiз мемлекет ретiнде орныққаны айқын болып отыр. Бiз әлемдiк қауымдастыққа абыройлы кiрiгiп, өз айналамызда қолайлы халықаралық ахуал қалыптастыра алдық, әлемнiң жетекшi елдерiмен саяси, экономикалық және мәдени салаларда ынтымақтастықты жолға қоя бiлдiк» деген тұғын. Дамудың даңғыл жолымен келе жатқан бірлігі жарасқан осынау бейбіт елде өмір сүріп жатқандықтан ойға алған істерімізді орындауға мүмкіндік алып отырмыз. Тарихи отанымыз – Қазақстан атажұртты аңсап келген біздей қандастарын құшақ жая қарсы алды. Егемендіктің арқасында ел үшін еселі еңбек етіп келе жатырмыз. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының барша қазақстандықтар үшін мәні де, маңызы да ерекше. Еліміздің азат ел атанғанына, біздің шаңырақ көтергенімізге және Құрманбек - Риза ретінде ел алдында қос дауыста ән шырқап келе жатқанымызға да 25 жыл толып отыр. Сондықтан да ел өмірі үшін де, біз үшін де, айтулы жылды жоғары дәрежеде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Алла қаласа, осынау мерейлі мерекеге орай жеке ән кешімізді Астана қаласында өткізуді межелеп отырмыз. – Қарап отырсақ, репертуарларыңыздың басым бөлігін патриоттық әндер құрайды. Мұның өзі Туған елге деген шынайы құрметтің белгісі болса керек-ті... Құрманбек: – Әлбетте солай. Аспан асты елінен атажұртты аңсап келдік. Өзімізбен бірге «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық әнді ала келуіміздің өзі, көк туымызға деген аса зор құрметпен қатар, отанға деген сағыныш лебі іспетті. «Туған елге алайық деп емес, берейік деп келдік» деген сөзімнің мәнісін көзі қарақты әрбір тыңдарман ұғынатыны сөзсіз. Өйткені, елге қызмет – біз үшін мерейлі міндет. Күні бүгінге дейін Туған елде төрт рет концерт бердік. 2007 жылы Республика сарайында, 2009 жылы «Қазақконцертте», 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Абай атындағы опера және балет театрында өткіздік. Ән қоржынымыздағы партиоттық әндердің біз үшін орны ерекше. Мәселен,  Сағат Заханқызының әні мен сөзіне жазылған "Нұрлы жол шақырады" атты әніміз қалың елді Елбасымыз Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдауға шақырады. Туған елге келіп жеткен жетістіктеріміз де жетерлік. Бүгінде екеуміз де Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлеріміз. Сондай-ақ, екінші дәрежелі "Айбын" орденінің иегерлеріміз. Яғни, ел үшін еткен еселі еңбегіміз ел алдында еленіп жатыр. Бұған да шүкіршілік етеміз. Бұл тұрғыда ән де жазылды. Ғұсман Шалабаевтың әніне жазылған «Еліме келіп, елеулі болдым» атты әніміз бүгінде көптің көңілінен  шығып жүр. – «Көк тудың желбірегені» атты әннің алғашқы орындаушылары, яғни елге жеткізушілері өздеріңізсіздер. Айтыңызшы, бұл ән сіздердің репертуарларыңызға қалай енді? Риза: – «Көк тудың желбірегені» атты ән көптің көңілінен шыққан ән. Бұл әннің сөзін Алмасбек Ахметбекұлы, әнін Ермұрат Зейіпхан жазған. Қытайда бір оқу орнында білім алғандықтан Ермұрат бізбен етене таныс-тұғын. Қытай Халық Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қайраткері деген абыройлы атақты алып, ондағы жұрттың біздің өнерімізді жоғары бағалап жатқаны оған белгілі-тін. Біздің әнді орындау шеберлігіміз көңілінен шығып жүрсе керек, бір күні өзі келіп «Көк тудың желбірегені» атты әнді ұсынды. Әрі қос дауыста орындауымызды сұрады. Біз қарсы келген жоқпыз. Содан Ермұраттың өзі бізбен екі аптадай бірге жүріп, Оралхан Садуақас ағамызбен кеңесе отырып, осы әнді жаздырдық. Әнді орындау мәнеріміз авторға ұнады. Содан барып, Ермұрат марқұм әннің бір нотасы өзгермей, осы күйінде қалуын аманаттады. «Әннің ішінде менің де дауысым жүрсінші» деп өзінің дауысымен бір шумақ өлеңді оқып қалдырды. Бұл әнді жаздырғанымызға 16 жылға жуықтады. Аманатқа қиянат жасамай,  сол күйінде орындап келеміз. – Халықтың жүрегінен орын алған осынау әдемі әнді Ибрагим Ескендір деген жас әнші де жақсы орындап жүр. Сіздердің бұған деген көзқарастарыңыз қандай? Құрманбек: – Бұл ән ең біріншіден, лирикалық емес, патриоттық ән. Ал, сіз айтып отырған әлгі жігіт бұл әнді өзінің дауысына икемдеп алып орындап жүр. «Көк тудың желбірегені» атты әнді туған елге деген шынайы махаббатпен, рухпен шырқау керек. Ол үшін әрине, ең бірінші кезекте кәсіби дауыс керек. Жақсы дүниеге елдің бәрі қызыға да, қызғана да қарайды емес пе?! Осы әнді бұл баладан бұрын Майра Мұхаммедқызы мен Тілеубек Қожан деген азамат әуелете шырқаған еді. Тәп-тәуір шықты. Ашығын айтқанда, біз де ешқандай да қызғанышқа бой алдырып отырған жоқпыз. «Көк тудың желбірегенін» әр қазақ жырлауға тиісті. Шырқасын... Тек бір ғана өтініш - ән авторының аманатына жауапкершілікпен қараса екен... Осы мәселеге қатысты, жас орындаушылардың орындау мәнеріне байланысты  кәсіби мамандардың тарпынан талай рет сыни пікірлер айтылды да. – Сонда бұл ән өзге орындаушылардың қолына қалай түсіп жүр? Оқырман қауымға ұғынықты болуы үшін, осы жағын тарқатып айтып берсеңіз.. Риза: – «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп, дана Абай айтпақшы, бұл әннің тұрғысында әжептеуір талас туғанын ән сүйер қауымнан жасыра алмаймыз. Мүмкін бірі білсе, бірі біле бермеуі де мүмкін. Әннің өзге орындаушылардың шырқауына мүмкіндік туғызған бұл әннің сөзін жазған авторы – Алмасбек Ахметбекұлы. Қанша жерден талас туса да, қай нәрсеге болса да төрелік айтушы ол – қарапайым халық. Аллаға шүкір, бұған дейін Елбасының алдында да, шырқалған әсем ән дүйім жұртқа біздің орындауымызда да ұнайтыны  ақиқат. Неге десеңіз, біз туған елге көк туымызды көкке көтереміз деп келген жандармыз. Алға қойған осынау мақсатқа жетіп те келеміз. Таяуда ғана, қазағымыздың атын Рио төрінде әлемге танытқан спортшыларымызды салтанатты түрде күтіп алу рәсімінде де «Көк тудың желбірегені» атты әнді шырқадық. Жиылған жұртшылық өздерінің ризашылықтарын білдіріп жатты. Яғни, біз бұл әнді әрбір орындаған сайын халықтың жүрегіне жеткізіп келе жатырмыз деген ойдамыз. Мұны нық сеніммен айта аламыз. Алдағы уақытта да Көк туымызды көппен бірге шырқап, көппен бірге желбірете береріміз анық. – Риза апай, дегенде өнер адамының жары болу – қиынырақ. Өзіңіз де ән әлемінде жүрген жан ретінде бұл тұрғыда не айтар едіңіз? Риза: – Өнер жолы расында да, ауыр жол. Әдетте, оны кез-келген жан ұғына бермеуі де мүмкін. Бұл біржағынан заңдылық та. Кейде өнерде жүрген кейбір талантты қыздарымызға өмірлік серіктері түсіністік таныта бермейді. Ортақ тіл табысу болмағаннан кейін, базбірінің отбасы қамымен өнерлері тұншығып та жатса, енді бірі, екі жолмен жүруге мәжбүр. Бұл күнделікті өмірде көріп жүрген құбылыс. Аллаға шүкір, деп айтайын бұл тұрғыдан менде аса бір қиындықтар туындаған емес. Менің бағыма орай өнердің өз өкілі Құрекеңмен бір кемеде қол ұстасып жүру жазылыпты. Ал, бұл менің маңдайыма жазылған үлкен бақ. Сондықтан да, мен өзімді бақыттымын дей аламын. Өйткені,  әуелі Алла, одан кейінгі қолдаушым да, қорғаушым да, өмірлік жолдасым – Құрманбек. Екеуміз бір арнада келе жатқандықтан, бір-бірімізді қиындықсыз ұғынамыз. – Балаларыңыздың өнерге деген ынтасы бар ма? Құрманбек: – Өнерлі отбасында дүниеге келгендіктен, ұлым да, қызым да осы жолды таңдады. Өздерінің қалауы осы болғандықтан, біз де бетінен қақпай, керісінше қолдау көрсеттік. Ұлым – Олжас 1992 жылы туған. Астана қаласындағы Шабыт қазақ ұлттық өнер университетін қылқобыз мамандығы бойынша бітірді. Қазіргі таңда осы оқу орнында магистратурада білімін жетілдіруде. Жас та болса, жеткен жетістіктері жетерлік. Күні бүгінге дейін республикалық конкурстардың бас жүлдесін 9 рет иеленді. Халықаралық конкурстардан да құралақан қайтқан емес. "Шабыт", "Әлем тұлғалары", "Талантты тарлан" атты халықаралық дүбірлі додалардың бас жүлдесін иеленді. Ал, қызымыз – Үкілай Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде білім алады. Жеке өмірімізде оқырмандармен бөлісер жағымды жаңалығымыз да жоқ емес. Жақында ғана келініміз Ислам атты шекесі торсықтай ұл сыйлады. Немере сүю бақытын иеленіп, қуанышымызда шек жоқ. – Әңгімелеріңізге рахмет! Көрер қызықтарыңыз қашан да көп болсын! Гүлмира Садық "Жұлдыздар құпиясы" журналы juldizdar.kz Құрманбек Риза 8   Құрманбек Риза 10   Құрманбек Риза 11   Құрманбек Риза 4   Құрманбек Риза 3