Жазушылар одағының ендігі төрағасы кім болмақ?

ҚР Жазушылар одағы айналасындағы дау толастар емес. Түрлі басылымдарда жазушылардың қырық пышақ болып, арыздан-арыз жазып жатқанын көріп жүрміз. Одақтың бір топ мүшесі қазіргі одақ төрағасы Н. Оразалиннің жұмысына көңілі толмаса, одақ мүшелерінің басым бөлігі оның кандидатурасын лайық деп санайды. Осыған орай, жақында "Қазақ әдебиеті" газетінің кезекті санында Жазушылар одағының 443 қаламгері қол қойған Елбасы Н. Назарбаевтың атына жазылған Ашық хат жарияланды. Онда одақ мүшелері кезекті құрылтайды ұйым жарғысына сай келесі жылдың қыркүйегінде өткізу керектігін алға тартты. Еске сала кетейік, аталмыш құрылтайда Жазушылар одағының төрағасы сайланбақ. Қазіргі уақытта, түрлі басылымдар түрлі болжамдарды айтуда. Кейбір басылымдар одақ төрағасы қызметінде Н.Оразалин қала береді деп жазса, енді біреулер бұл орынға Ә. Асқар, Е. Раушан секілді тұлғалар келуі мүмкін деп болжам айтып, жарыса жазуда.

Аталмыш Ашық хат мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:

Картинки по запросу жазушылар одағы

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біздер, есімдері елге белгілі, арыс­­тар мен алыптардың көзін көрген аға буын қаламгерлер мен әдебиет әлемінде тер төгіп, еңбек етіп жүрген бүгінгі әр буын өкілдері Қазақстан Жазушылар одағы айналасындағы болып жатқан жағдайға назарыңызды бұрып, Ашық хат жазған­ды жөн көрдік.

Қазақстан Жазушылар одағы ұлт руханиятында өз орны бар іргелі қо­ғам­дық  ұйым екені белгілі. Ұйымның ұлт әдебиеті мерейін үстем етер бай тарихы мен Тәуелсіздік дәуіріндегі рухани өмірімізге ұйытқы болып келе жат­қан жетекшілік ролі турасында Өзі­ңіз де әркез айтып, қалам­герлер қауы­м­ына қамқорлық көр­сетіп,  жан-жақты қолдап келесіз. Ол үшін айтар алғысымыз мол.

Шығармашылық тұлғалардың басын құрайтын шығармашылық ұйым­ның  жұмысын жүргізу,  қамтама­сыз  ету  оңай  емесі  белгілі. Қалам­герлер ұйымы  дау-дамайсыз, талас-тартыссыз болған емес. Кешегі арыстар мен алып­тар кезін­де де, өткен ғасыр­дың алпысыншы, тоқсаныншы жылдар  аралығын­дағы тұста да қаламгер­лер дауы толас­та­маған. Ол жағдай, одан кейінгі жаһан­дану дәуірінде де жалғасып келеді...

Өкінішке қарай, Қазақ Елі өз Тәуел­сіздігінің 25 жылдық мерейтойы мен Тәуелсіздікке жету жолын­да­ғы қажырлы күресінің айтулы кезең­дері­нің – Желтоқсан көтерілісі­нің 30 жыл­дығы мен 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы аталар тұста Сіз­дің атыңызға ұйымның бір топ мү­шесі «болмағанды болды» етіп арыз жазған болатын(«Жас Алаш» газеті, 26 мамыр, 2016 жыл). Ес­туі­мізше, аталмыш газетте жарық көрген сол арыз ар­найы тіркеуден өтіп, Президент әкім­шілігінде қара­лып жатқан көрінеді.

Арызда айтылған «Жаптым жала, жақтым күйе» алыпқашпа сөздер бұған дейін де бірнеше рет айтылып, жазыл­ған болатын. «Жазушылар одағының шаруа­шылығына  бай­ланыс­­ты есепшоттары құпия жүргі­зіледі» деген жазушылардың бұған дейінгі арызы бойынша Жазушылар одағын прокуратура, салық және қаржы полициясы бірнеше ай тексеріп, заңсыз­дық орын алмағанын көрсеткен. Деректер өз дәлелін таппады. Тексеру­дің нәтиже­лері соңғы съездің есепті баяндамасында тиянақтап айтылған. Құжат­тары сақтаулы.

Бір кездері белгілі бір топтың ұйым­дасуы­мен заңсыздық орын алып, Жазушылар одағының ғимараты «ұста­ған­­ның қолында, тістегеннің ау­зында» кете жаз­дағаны жазушы­лар­дың есінде. Қанша соттың табалды­рығы тозды... Ақыры Өзіңіздің ара­ласуыңызбен әді­лет­тік орын алып, қолды болған ғи­марат­тар ұйым­ның өз игілігінде пай­да­лануға қай­тарылды. Ұлт қалам­­­герлерінің мінбері саналған әде­би басылымдар да тіке­лей Сіздің  қол­дауыңызбен Одақ құ­рылтай­шылығына берілгені ел есінде...

Жазушылар одағының 2012 жылғы қыркүйекте өткен Құрыл­тайында сай­ланған басқарма, басқарманың құзі­ретін жүзеге асырушы хатшылық өзіне тиесілі міндетін  ойдағыдай атқарып келеді. Секретариат құрамы елімізге белгілі ақын-жазушылар мен басылым басшыларынан құралған.

Жалпы, Жазушылар одағының 770-ке тарта мүшесі бар, бұл арыз  сол 770-тің бәрі емес, Одақ басшылығына таласып, әр сайлау сайын жеңіліс тауып келе жатқан 15-20 қаламгердің іс-әрекеті. Және бұл бірінші рет жазылып отырған жоқ...

Аса күрделі кезеңде Өзіңіздің тікелей ұйғарымыңызбен шығар­машылық ұйымның басшылығына неше дүркін сайлауға түскен Нұрлан Оразалин осы кезеңде Одақ жұмысын қалыпты жүргізіп келеді. Одақ мәрте­бесін көтеру үшін ұйым басшысына сенаторлық мандат берілгенін де жазушылар қауымы жоғары көңіл-күйде қабылдады.

Жазушылар ұйымының жұмысы, өздері бекіткен Жарғысына сай, демо­кратиялық, құқықтық негізде жүргізіліп отыр деп бағалаймыз.

Республика жұртшылығы Ел Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығын қызу атап жатқан кезеңде қалың қалам­гер­лер қауымын дүрліктіріп, кезектен тыс Құрылтай өткізудің еш негізі жоқ деп ойлаймыз. Арызға қол қойған 15 қаламгердің пікірі ұйымға мүше 770-тің пікірі емес...

Сондықтан Қазақстан Жазу­шыла­рының кезекті ХV Құрылтайы Жарғы талабына сай, 2017 жылдың қыркүйе­гінде өз мерзімінде өткені жөн деп санаймыз.

Атап өтейік, аталмыш Ашық хатқа ҚР Жазушылар одағының 443 мүшесі қол қойды. Олардың қатарында О. Сүлейменов, С. Досанов, С. Қирабаев секілді есімі елге таныс жазушылар бар.