Биыл жарты жыл ішінде елімізге 15 мыңға жуық оралман көшіп келген

image

2016 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға шет елдерден 15 мыңға жуық қазақ көшіп келген , - деп хабарлайды Qamshy.kz.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің осындай мәлімет таратты.

«2016 жылғы 1 шілдедегі деректер бойынша, елге 6840 отбасы немесе 14947 этникалық қазақ көшіп келіп, «оралман» мәртебесін алған. Олардың басым бөлігі (66,7 пайыз) Өзбекстаннан, 23,6 пайызы Қытайдан, 4,2 пайызы Түркменстаннан, 2,4 пайызы Моңғолиядан, қалған 3,1 пайызы басқа елдерден көшіп келген», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Шет елдерден көшіп келген қандастардың басым бөлігі Алматы (2364 отбасы, 4729 адам), Оңтүстік Қазақстан (1572 отбасы, 3044 адам) және Маңғыстау (506 отбасы, 2311 адам) облыстарына қоныстанған.

Көшіп келгендер ішінде еңбекке жарамды жастағы азаматтар үлесі 64,2 пайыз, 18 жасқа дейінгі балалар 29,7 пайызды, зейнеткерлер 6,1 пайызды құраған.

Еңбекке жарамды оралмандардың 10,8 пайызы жоғары білімді, 17,8 пайызы арнаулы орта, 68,1 пайызы жалпы орта білімі барлар. Білім алмағандар үлесі 3,3 пайызды құрайды.