ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ. ЕРЕУІЛ ТӨБЕ

Қазыбек-Қарқара-Ереуіл 2 


Тәуелсіз ел, алған ба тұзақ байлап, 

Ұлтшыл біткен, шығамыз біз-ақ қайнап... 

Амангелді батыр боп атысқан ек, 

Ұзақ батыр секілді ұзақты ойлап... 

Қарсы шыққан патшаға күнді атамай, 

Қалтыраймыз, қона алмай  жүз атқа ойнап...   


Біздер күткен атады таңдар алда, 

Тұяқ серпи алмаса, мал болар ма? 

Ұлт азаттық дегеннен шошитындай, 

Ұлт азаттық әлі де ел алмаған ба?   


Патшаға бас ұрмайтын ұлдар қорған, 

Болған елге қол бұлғар жылдар да алдан! 

"Барлығы өлер - бала өлсе",-  деп бабалар, 

"Шал өлсін"- деп шайқаста құрбан болған! 


Тұтпайды ма,  Торғай да аза мұны, 

Найзасы жоқ намыскер жазады ұлы! 

Хан Тәңірі Алашқа  сауын айтып, 

Қарқарадан естілді Қазақ үні!   


Құлдық құлық - іздемей  ізден ақпар, 

Аттанамыз! 

Дайын тұр  бізге де аттар! 

Желтоқсанда өртеніп жастарымыз 

Мұзқамалды құлатты мұзбалақтар!   


Өз елінде өз тілім өгей міне, 

Тілсіз елді тірі жан елейді ме? 

100 жыл өтті! - 

Тәуелсіз елге айналдық, 

Азайды ма, қорлығым, көбейді ме?!.   


Елді сақтап қалатын ерлік ұғым, 

Ұран салар ел үшін келді күнің. 

Ерімізді қорғаған Ер Қазағым, 

Жерімізді қорғауда енді бүгін!   


Жат тілде өссе - жақын ба  жаттан  олар, 

Балық бастан шірісе, бақ па болар? 

Атын дұрыс жаза алмай жатқан елде, 

Аттан десе, қайда ұрпақ Атқа қонар!   


16-ның өшпеген ұшқындары, 

86- жалын боп қыстың кәрі.. 

Мұз үстінде алаулап ұшқындады. 

Тасқамалды қиратты күштің бәрі!!!   


Жүз жылдан соң - не деген бөгет көп бұл?.. 

Енді тағы- 16! 

Себеп те өткір! 

Жермен бірге Ел сатар елірме көп... 

Еліме бір Ереуіл керек боп тұр!   


Тұлпарымен жайлаған ен ғаламды, 

Әлем түгел біледі Ер бабамды! 

Әр қадамын қорғайды әрбір қазақ, 

Мен ешкімге бермеймін кең даламды! 

Қазыбек ИСА

қарқара 2016   Қазыбек-Қарқара-Ереуіл 3   Қазыбек-Қарқара-Ереуіл 4   Қазыбек-Қарқара-Ереуіл 5