Заман жайын ойласақ

Қазіргі көпшілік басылымдарда талай-талай ойлы мақалалар жарияланып келеді. Сол туындылардың оқырманға ой қосып қана қоймай, оның өз ойын да оятып кететіні бар. «Уақыт және шығарма тағдыры» атты тақырыппен берілген бір мақала ішіндегі ақын Ғұсман Жандыбаевтың пікіріне көңіл бөлсек, ол былай депті: « Ал осы кітаптардың таралымы бүгінде үш мыңнан аспай қалған болса, бұл үшін заман мен қоғамнан басқа кімге наз айтуға болады?» Осылайша бүгінгі қоғам мен заманды кінәлау соңғы кездің жазылымдарына тән мазмұн болып барады. Сонда заман мен қоғам деген не нәрсе, соны біліп алмақ керек-ау. Қоғам дегеніміз ел мен мемлекеттегі көпшілік қауым, барша халық, бесіктегі баладан биік белестегі қарияларымызға дейінгінің бәрі де осы қоғамды, қауымды құрайды. Бүгінде қуатты, қайратты жастарды былай қойғанда, бала мен қарияның өзі де хал-қадерінше тіршілік қамын ойлаумен еңбектен тыс қалмаған. Әрекетсіз, жұмыссыз жүрген жан жоқ. Сөйтіп қоғам мүшелері қазіргі нарық экономикасы кезеңінде аянбай еңбек етіп жатыр. Халықта кінә жоқ, заманы иығына қандай жүк артса да, қайыспай көтеріп келеді. Айналайын халыққа тіршілік таласындағы осы әрекеті үшін қайт-қайта алғыс айтсақ жарасады. Ал заман деген не нәрсе? Біздіңше, заман - халықты құрайтын қоғам өміріндегі біршама тұрақтап қалған қалып пен тәртіп, ұстаным мен жүйенің нәтижесі. «Халық - қиқымы көп қазына», әйтсе де қиқымы көп екен деп қынжылудың жөні жоқ. Осы ақиқатты айтқан да – сол халық ішіндегі бір данышпан. Қандай болғанда да халық – қазына. Сол қазынадай халық, қоғам мүшелері бүгінде өзін ғана асырап қоймай, елі мен мемлекетін де қуатты, көрікті етуге әжептәуір үлес қосып келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөз бар, мемлекетіміздің қуаты мен құты, беделі мен абыройы артып жатса, мұның бәрі де сол халық атты қазынаның, алып күштің арқасында болып жатқан жетістіктер. Міне осы қоғам мен қауымның, ел мен халықтың болмысын да, бағытын да құрайтын – көпшілдік пен бір-біріне қолғабыс көрсету. Адамға ғана тән асыл қасиеттердің өзі осы қауымдасудан, бір-біріне қайырым жасаудан басталады. Мұны бұрынғы-соңғы ойшылдардың бәрі де бір кісідей қайталап айтып кеткен.

Халықтың өзі қиқымы аралас қазына болғанда, оның ішінен тағы да сүзіліп, жұтынып жүзден жүйрік мыңнан тұлпар көсемдер шығады. Көсемдер - халықтың қаймағы, артықша, айрықша ақыл-ой иелері. Ал ақыл-ой адамзатты ақиқатқа бастар құлабыз секілді. Біз бақыт туралы көп айтамыз, бір-бірімізге бақыт тілеп жатамыз. Осы бақыт туралы арнайы екі трактат жазған әл-Фараби мынадай тапқыр түйін ұсынады: «Бақыт - әр нәрсенің де өз болмысына сай болуы әрі сол өзіне ғана тән болмысын өмірінше баянды ету». Ал адамның өзге тіршілік иелерінен ақыл-ойы арқылы ерекшеленіп, олардан оқшау, биік тұратынын жақсы білеміз. Демек адамның бақытты болуы ақыл-ойын оңды пайдаланумен келеді екен. Әрі өмір бойы ақыл-ойды ұстаным етіп, тура жолда жүру ғана адамды бақытқа жеткізеді. Ғұлама ғалым әл-Фарабидің ойларын ақын Абай да өзінше түйіндеп жап-жақсы айта алған. Ақын адам атануды, адам

болуды - білу, тану, ақыл-оймен байланыстырады: «қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». Әл-Фараби де адам болмысының ерекшелігін тәптіштей түсіндіре келіп былай жазады: «Адамның бойында бірінші пайымдалғыш объектілердің пайда болуы – оның алғашқы жетістігі». Адамзат өз болмысындағы ең мәнді, ең құнды нәрсені танып, оны тиісінше бағалай білуі қажет. Бұрынғы-соңғы ойшылдар адам болмысын қоспа жаратылыс деп санаған. Адамзат - биік болмысты Жаратушы мен өсімдік, жан-жануарлар аралығындағы екі жақты тіршілік иесі. Жаратушы ақыл-ой (ғылым) мен құдірет иесі болса, өсімдік, жан-жануар атаулы - ақылы жоқ, тек жаны бар тән иелері ғана. Ал адамзат Жаратушыға тән ақыл-ой мен өсімдік, жан-жануарларда да бола беретін дене, тәнді иеленген қоспа болмыс. Адамзат жануарда да бар дене, тән қамын жасаумен ғана жүріп абырой таппайды, адам болмайды. Қарын қамы мен тән ләззатын ойлағандар түбінде бір өкінбей қалмайды. Ал өкінуге өресі жетіп үлгере алмай, өмірден өтіп кететіндердің халі тіпті мүшкіл, аянышты. Адамзаттың асыл мұраты – тәні мен жанын құрал етіп ақыл-ойын жетілдіре беру. Ақыл-ой қанша асыл, бекзат, құнды қабілет болғанмен, оны да бағыттап отыратын қасиет бар. Дана ақынымыз Абайдың ақылды бәріне де таразы, өлшеуіш, басшы, құрал көріп, осы ақылдың кейде амал мен айла, қиянатқа да қызмет етіп кетуін ескеріп, ондай ақылды - суық ақыл атауы тегін емес. Ақылдың жүрек сөзін тыңдап жақсылық, әділдік жолында жүруін насихаттау ең берісі әл-Фарабиден бері жалғасып келеді. Ол былай деп жазады: «жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға тән қабілет». Ал «жүректің ізгі ниеттері» - қайырымдылық пен жақсылық. Қоғамды құрайтын халықтың арман-мұраты мен көксейтіні де - осы жақсылық. Қайырымдылық пен жақсылықты көздеу ғана - шынайы тура жол. Ал ғайыптан тайып бүгінде ақша, пайда, байлық қуып кетсек, бұл сөзсіз адасу, тура жолдан бұра тарту. Нарық заманы орнағалы бері осы жол бізге өкінішке орай, ұстаным болып келеді. Адамзаттың барша тарихын жасаушы халық болса, осы халықтың жиынтығы түріндегі қоғам өмірінің белгілі бір кезең, дәуірі алдыңғыдан бөлек, жаңа заман түрінде қалыптанып, түйінделіп отырса керек. Яғни заман біздіңше, қоғам өмірінің белгілі бір қарым-қатынас пен қалып, тәртіп пен жүйе негізінде тұрақтап қалған кезекті кезеңі. Бүгінгі заманды жасаушы - нарық экономикасының тәртібі мен жүйесі. Бұған дейінгі кеңестік кезеңде ұжымдық сана мен қоғамдық меншікке иек артқан өмір салты - көпшіл, әлеуметшіл заман болған. Қоғам мен оны құрап, жасайтын халық қай заманда да бар болып, тарихтан орын алып өмір сүре береді. Ал заман Абай айтқандай, бірқалыпта тұрмай өзгеріп, ауысып отырады. Нарық экономикасы негізінде пайда болған бүгінгі жаңа заман орныққалы да жиырма жылдай уақыт болып қалды. Адамзат тарихындағы қай заман болса да өзіне ыңғайлы, өзіне сай сана мен мінезді қалыптастыруға зор үлес қосып келген. Қоғам мүшелері өзі өмір сүріп отырған заманның ыңғайына, жүйесі мен бағытына бейімделе береді. Абай айтқандай, заман – соққан жел, бейімделмеске, жетегінде кетпеске шара жоқ. Белгілі бір тәртіп пен жүйе, қарым-қатынас пен қалыпқа иек артқан заман өте шықпай, тұрақтап қалар болса, бұл – ең әуелі эволюциялық жолмен келген табиғи қажеттілік, сонан соң осы заманның билігі тарапынан қолдау тауып орнығуының нәтижесі.

Әр кезең, әр заманның кемшілігі мен артықшылығы қатар жүреді. Сол заманда өмір сүріп, ондағы қоғамды құрайтын халық, адамдардың өзі екі жақты қоспа болмыс болған соң, соған сәйкес оларға қатысты құбылыстың бәрі де қайшылықты келетіні заңды. Социалистік жүйеге негізделген кеңестік кезеңде егеменді, еркін ел ретінде өмір сүруіміз шектеулі болғанымен, әділет пен теңдікті белден басып жеке бір кісілердің қомағайлана байып кетуіне жол берілмейтін. Әрине бар болып, бай болып тапшылық көрмей, жақсы да жайлы өмір сүруді әсте терістемейміз. Бірақ өзіне ғана тән жеке байлығын мемлекет пен ондағы халықтың несібесіне қол салу арқылы құрап, жинаған өзімшіл қомағай адамдардың әрекеті мен еңбегін адал деп айту қиын. Амал мен айла, қулық пен сұмдық араласпаса, мемлекет пен қоғам меншігі мен иелігіндегі қазынаға маңайлап қалатын мол байлықты жеке бір кісілердің таза жолмен табуы мүмкін емес. Социалистік жүйе өзінің аты айтып тұрғандай, әлеуметтің, көптің, халықтың қамын жеуді көздесе, нарық заманы саудада жолы болып кеткендердің жағдайын жасауға бейім келеді. Нарық экономикасы заманы әр нәрсенің де бағасы мен нарқын, өзіндік құнын, обал-сауабын біліп, ескеретін болса - жақсы, ал бейберекет базарға айналып кетсе – жаман. Ертеректе атақты ойшыл ақын Ж.Баласағұн бір кейіпкерінің сөзі арқылы адамдарды үйретуші мен үйренушілер деп екі-ақ топқа бөлсе, бүгінгі заманда «базарға қарап тұрсам әркім барар» дегендей, алушылармен бірге сатушылар көбейіп кетті. Сауда жасау шарықтап байып кетудің де, қалт-құлт етіп күнелтудің де амалына айналды. Байқап жүргеніміздей, бүгінгі заманда алдау мен арбау, обал жасау мен қиянат көрсету қадам сайын кездесіп жатады. Өкінішке орай, мұндай келеңсіздіктер мен әділетсіздікке елдің еті өліп, көзі де, көңілі де көндігіп кеткені қашан. Бұл – көнетін, ымыраға келетін жағдайымыз емес еді, бірақ амал бар ма. Абай айтқан «ақылды деп, арлы деп, ақ пейіл деп, мақтамайды ешкімді бұл күнде көп» деген аса тапқыр сөз ойға орала береді. Бұл күнде ақылдыдан гөрі ақшалы мен қалталының қадір-қасиеті үстем, «көркем» көрінеді. Ал ақиқат, ақыл-ой көзімен қарағанда, мұның бәрі де – баянсыз, тіпті жиренішті нәрсе. Бүгінгі тұрмыс пен заман адамдарды, әсіресе жастарды ақшалы мен қалталыға қызыға қарауға тәрбиелеп жатқаны жасырын емес. Нарық экономикасы ел тұрмысын түзеп алғанша оңтайлы-ақ жүйе еді, енді байқасақ, ел мінезі мен ділі дерттеніп бара жатқандай. «Ақша, ақша» деп табына сөйлеу нарықпен бірге туған оның құрдастарының ғана емес, есті деген аға, ата буынның да әңгіме өзегіне айналып барады. Өз басым оларды әбден түсінемін, өз заманының қалыбы, болмысы мен бағытына бейімделген түрлері ғой. Жүрегінің түгі бар адам ғана өзі өмір сүріп отырған заманына қарсы келеді. Осы тұста Абайдың заман туралы өлең жолдары ойға оралады:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Заман қуатты да мықты. Өйткені оның қолдаушы, қорғаушысы бар. Ал «заманды қай жан билемек» дегенге келсек, кезінде күн көсем деп бәріміз де

пір тұтқан Ленин ойға оралады. Ол ел, қоғам, мемлекет байлығын аз ғана топтың иеленіп, сол аз ғана топтың өзгелерді ақымақ етіп аяусыз қанаған жүйесіне қарсы шықты, ортақ байлықты еңбегіне қарай мүмкіндігінше тең бөліп иеленетін заманды орнатуға басшы болды. Әдетте Абай айтқандай, әркімді өзі өмір сүріп отырған заманы сүйресе, ал күн көсем атанған Ленин керісінше заманды өзгертіп, жаңартуға зор үлес қосты. Әрине социалистік жүйе мен қоғамдағы кейінгі билік иелерінің әр түрлі асыра сілтеуге жол беріп, заман кемесін әрлі-берлі шайқап, елді әуре-сарсаңға салғанын, халыққа қиянат жасағанын да білеміз. Мұның бәрі де заман иесі мен заман атын жамылған социалистік жүйенің кемшілігі емес, әлеуметтің, халықтың қамын жеуге лайықталған жақсы жүйені оның өз болмысына сай сақтай отырып, жасампаздықпен дамытуға жарай алмаған отаршыл, қиянатшыл, қарау ойлы басшылар ұстанған саясаттан болған жағдайлар еді.

Соңғы жиырма жылда тағы да жаңа заман орнады. Тәуелсіздігімізді иеленіп, өз алдына еркін, егеменді ел атандық. «Өз үйім - өлең төсегім» дегендей, өз елің, отаның, мемлекетің болғанға не жетсін. Басты байлығымыз – егемендік, тәуелсіздік. Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында әлемге танымал елеулі елге айналдық. Елді ынталандырып, еңбек етуге құлшындыруда, жалпы тұрмысты түзеуде нарық экономикасы жүйесін іске қосудың қажеттілігі болған шығар. Оның жемісі мен нәтижесін көріп, біліп те жүрміз. Бүгінде жалпы көпшілік, барша халықтың қарны кереметтей тойынып, киімі бүтінделіп кетпесе де, мемлекетіміз экономикасы дамыған, байлығы артқан қуатты елге айналып қалды. Бұған қуанамыз, шүкіршілік етеміз. Ұтқанымыз, жеткен жетістігіміз көбірек, ұтылған тұсымыз да жоқ емес. Қоғамымыздағы бай мен кедейдің арасы тым алшақ әрі алғашқылардың адал жолмен баюы көңілге көп күмән ұялатады. Оның үстіне елдегі санаулы байлардың жеке меншігіндегі иеліктерінің ауқымы ақыл-ой түгілі, әсірелеуге бейімдеу келетін қиялдың да қалыбы мен өлшеміне симайды. Ел мен мемлекет байлығының санаулы ғана байлардың меншігіне өтіп, аз ғана топ олигархтардың маңайына шоғырлануы – капитализмнің көрінісі мен белгісі. Капитализм – ақша, пайда, қомағайлана иеленудің қоғамы. Капитализм өз болмысына сай жүйе болып тұрғанында, ол ешқашан да көптің, қауымның қамын жеуді алғы шепке шығара алмайды. Капитализм - Абай айтқан «малға достың» заманы. Нарық, базар заманында кісінің кісіні алдамасқа амалы, шарасы жоқ. Абай мұны да жақсы түйіндеген:

Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,

Аларында шара жоқ алдамасқа.

...Осы күнде мал қайда – боқ ішінде,

Алтын алсаң, береді боғынан жеп.

Бүгінгі заман жайы көбіне осы өлеңде айтылғандай көрінеді. Ойымызға қоғам, заман, билік – үшеуінің бірлігі оралады. Қоғам – халық, заман – біршама орнығып қалыптанған жүйенің жемісі, билік – қоғам мен заманның болмысы мен бағытын жасаушы әрі оның иесі. Қоғам мен халық қара ормандай алып күш болумен бірге, билік таңдап орнатқан әрі бүгінде бағыттап жүзеге асырып

отырған заманды тұтынып, сол заманда өмір сүруші де - қалың қауым мен көпшілік. Ендеше заманның беті мен бағыты, жүйесі мен жағдайы оны тұтынып, сол заманда өмір сүріп жатқан қалың ел, әлеуметке жайлы да күйлі, әділетті болуын тілейміз. Адамзат көбіне қарын қамы, тұрмысымен күйленіп толысатын тәнімен ғана емес, өнері мен әдебиеті, білімі мен ғылымы, солар арқылы қалыптасатын әдебі мен рухани болмысымен қадір-қасиеті артып биіктей бермек.

Мақсат ӘЛІПХАН, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті, ф.ғ.к.

qazaquni.kz