Киелі Отырардың 100 гектар жерін арабтар жалға алған

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы шамамен 100 гектар жерді арабтар жалға алып, ол жерде дуадақ өсіріп келеді. Біріккен Араб Әмірлігінен келгендер 100 гектардың 20 гектарын 25 жылға, қалғанын 49 жылға жалға алған, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

ОҚО-дағы киелі ауданда арабтар жерді 49 жылға жалға алғанБұл ақпаратты аудан әкімі Ерлан Айтаханов жоққа шығармайды. Журналистерге арнап брифинг өткізген аудан басшысы өз сөзінде олар қазақ жерін жалға алғаны үшін мемлекетке қомақты қаржы төлейтінін атап өтті. Алайда, одан жылына нақты қанша пайда келетінін Айтаханов мырза білмейтін болып шықты.

"Олардың жерді жалға алу ақысы біздің бюджетке келіп түспейтіндіктен нақты қаржы санын айта алмаймын. Ондай мәлімет жоқ бізде" деген әкім шетелдіктердің аудандағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосып жатқанын да сөз етті.

"Әлеуметтік мәселелерге оларды тартамыз. Олар "жоқ" демейді. Бүгінгі таңға дейін балабақша салу, мектептегі жұмыстар жүргізуге ат салысып келді. Тек қана арабтар емес, "КазАтомпром" мекемелері бар солай жұмыс жасайтын", - деді Айтаханов.

Естеріңізге сала кетейік, мамырдың соңғы күнінде Шымкентте белсенділер мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өткен болатын. Онда белсенділер жерге қатысты сауалдар қойып, біраз шенеунікті тығырыққа тіреді.

Белсенді Күмісбек Аманқұл Отырар ауданындағы 100 гектар жерді арабтар жалға алып отырғанын және ол үшін шетелдіктер Қазақстанға 20 млн АҚШ доллары көлемінде салық төлейтінін айтып, одан өзге арабтардан тағы қандай пайда барын білмек болып сауал тастаған. Жер қатынастары басқармасының өкілі бұл Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігінің бірлескен жобасы екенін және ол жоба жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып отырғанын алға тартты.

Брифингте бұдан өзге аудан басшысы елбасының "100 нақты қадам" Ұлт Жоспарын жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстарын баяндады. Айтпақшы, Отырарда жергілікті өнімді кеңінен насихаттап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында аптаның әр жұма күндері "Керемет" сауда орталығында жергілікті халыққа ешбір құжатсыз әрі шектеусіз азық-түлік пен нан тегін таратылады. Бұл қайырымды шараға жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасауда.