Ыстамбұлда Әлихан Бөкейхан атындағы футбол турнирі өтеді

Стамбұл қаласында шілденің 7-9 күндері Түркия қазақтарының кіші Құрылтайы өтеді. Құрылтай барысында Ә.Бөкейханов атындағы футбол турнирі, Зұқа батыр атындағы қазақ тілі мен ұлттық ойындар сайысы, халықаралық "дөңгелек үстел", қолөнер және кітап көрмесі, Қазақстанның өнер шеберлерінің гала концерті өтеді деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін рухани шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Министрлік өкілдері, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен өнер майталмандары Б.Самидинова, М.Түсіпбаева, Н.Жанпейсов, Е.Рысқали, А.Асқап, Т.Мұқышев және көрмеші Сәулет Тұрсынхан қатысады деп жоспарлануда.

«Еліміз егемендігін алғалы бері шетте жүрген қандастарымызға ерекше көңіл бөлініп, Елбасымыздың өзінің тікелей тапсырмасымен атажұрттан алыстағы қандастарға рухани да ақпараттық әрі мәдени көмек беріліп келеді. 1995 жылдан бері әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп келе жатқан шетелдегі қазақ диаспораларының кіші құрылтайы өз нәтижесін беріп келеді. Бұл реткі Түркия қазақтарының құрылтайы да қазақ ұлтының тарихына қатысты елеулі даталарды, тарихи оқиғаларды қамтып отыр» - дейді ұйымдастыру алқасынан Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботакөз Уатхан.