«Ксерокс музейлер»

[caption id="attachment_53646" align="aligncenter" width="800"]DSC_4797 Торғай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин мұражайы[/caption]

(Ұлт азаттық көтерлісінің 100 жылдығына орай Торғай өлкесінде өткен пресс-тур күнделігінен. Жолжазбаның алғашқы бөліктері: “Арқалықтың ақ таңы” және “Ұлылар ұмытылмайды”,  Арқада Әбдіғапар әмір болған (фото)«1916 жылғы көтерліске қатысқандар әлі толық ақталған жоқ» , сонымен қатар "Торғай даласын көрдім" деп аталады)

Мен қайда барсам да, қандай елді мекен, қандай қала, қандай ауылға барсам да алдымен іздейтінім музей. Сондағы жәдігерлерді, сондағы өткен күннің ізін көргім келіп тұрады. Және іздейтін тағы бір нәрсем бар. Ол – тұңғыш рет қазақ даласында ауыздықталды дейтін жылқы малына қатысты деректер. Жылқы мұражайын жабдықтау арманым ғой, себебі.

Бірақ, қайда барсам да, қандай мұражайды араласам да көретінім көзге сүреңсіз, көңілге қораш дүниелер. Барлығын тізбелеп, құрметті оқырманым, сіздің жүйкеңізді тоздырмай-ақ қояйын. Бір ғана жәйді айтқым келеді. Ол біздің музейлерде «мынау бәленшекеңнен қалған жәдігер еді» дейтін бұйымнан гөрі, көшірме жасаған қағаз көп. Солар тым болмаса түпнұсқа болса екен-ау, барлығы да көшірме. Саусақпен санарлық қана түпнұсқа бар. Оның өзі сақтау шарттары сақталмаған, жырым-жырым. Ішің удай ашиды. Сонда бұлардың түпнұсқалары қайда екен деген сұрақ санаға маза бермейді.

Торғайда да төрт музейге кірдік, төртеуіндегі жағдай да осы. Еріксіз ойланып қаласың. Шынымен біздің тарихымыздың түгелденбей, тиісті бағасын алмай жатқандығын осыдан байқауға болады.

Торғай қаласында бір байқағаным, әкімшілік тарапы дұрыс жұмыс істей алмайтындығы. Олай деуіме себеп болған мына бір жағдай. «Егемен Қазақстан», «Қазақ үні», «31 арна», «Бақ.кз», «Қазақстан Қостанай», «Мұнара», «Ана тілі», «Көрікті мекен» т.б. қатарлы 15 шақты БАҚ-тың журналистері жүрген пресс-тур өкілдерімен кездесуге әкімшілік тарапынан ешкім келмеді. Егер дұрыс жұмыс істей алатын әкімшілік болғанда осыншама журналист қалаға күнде келіп жатқан жоқ, өз мұң-мұқтажын, жеткен жетістіктерін, кемшіліктерін айтып, өңірдің тыныс-тіршілігінен ақпар берер еді ғой. Тіпті, бізді адам екен демей-ақ қойсын, елімізде басты мәселеге айналған жер реформасы туралы комиссияның мүшесі Берік Әбдіғалиұлымен жолығып, елдің, сол өңірдегі халықтың жер туралы ой-пікірін жеткізуіне болатын еді.

Әрине, біз әкімдіктегілерге мұқтаж емеспіз. Және басты жұмысымыз да олармен кездесу емес. Өзімізге керек ақпарды, өзіміз діттеген мақсаттарымызды, алға қойған жоспарларымызды жалғастыра бердік. Яғни, ұлт азаттық көтерлісіне 100 жыл толуына орай Алаш зиялыларының, Алашорда үкіметінің арыстарына тағзым еттік. Сол өңірден шыққан ұлт азаттық қозғалысы көсемдері жайлы деректерді іздедік.

Біз бір кездегі дәуірлеген Торғай қаласын артқа тастап, Қызбел, Бидайық өңірлеріне қарай жол тарттық. Бидайықта әйгілі Міржақып Дулатов жерленген.

Аспан мен жер ғана. Басқа ештеңе көзге шалынбайды. Нағыз көк аспанды көрпе ғып, қара жерді төсеніш қып өмір сүретін көшпелілер ғана түсініп, көшпелілер ғана меңгере алатын табиғи маңғаздық.

Көңіл түкпіріне тұнған тарих шарайнасын шоқаңдаған ескі жолдан бүтін жер іздеген машина ғана шайқайды.

Ержан Жаубай

qazaquni.kz