Үш тәулік бойы тоқтаусыз компьютерде ойнаған жігіт жансақтау бөліміне түсті

Алматы облысы Қаскелең қаласында 26 жастағы жігіт үш тәулік бойы компьютерде ойнаймын деп есінен танып қалды. Бұл туралы NUR.KZ порталы "Алматы денсаулық сақтау басқармасына" сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысында үш тәулік бойы компьютерде ойнаған жігіт жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты 

26 жастағы Қаскелең тұрғыны "Танки" ойынына қатты қызыққан. Ол кірпік ілмей, үш тәулік бойы аталмыш ойынды ойнап отыра берген. Ақыры есінен танып құлағанда, оны жансақтау бөліміне алып кеткен. Бір тәулік бойы жігіт жансақтау бөлімінде жатуға мәжбүр болды. Себебі, ол инсульт алып, жарты денесі жансызданып қалған. Кейін оны Алматы қаласының №7 клиникалық емханасына ауыстырды.

№1 инсульт бөлімінің дәрігерлері оны әзер құтқарып қалғандарын жасырмайды. Жас жігіттің миында өзгерістер пайда болып, салдарынан ол өліп кетуі мүмкін болатын.

Бірнеше күннен кейін жігіт қозғала алатын болды. Ал кейін өз бетінше жүріп, сөйлей алатын жағдайға жетті. Алайда аздап ақсаңдап жүреді, оң жақ қолы әлі де жансызданған және әлі де сақауланып сөйлейді.

Дерек көзі: NUR.KZ