Исраил САПАРБАЙ. МӨДЕДЕН ҚАЛҒАН ӨНЕГЕ

немесе, ұлтарақтай жер үшін

Жат жағалап, жау торыса Орданы, Тотықұс та тыным таппас тордағы. Әлімсақтың аманатын құп алсақ – Ұл да, Қыз да – Ұлы Жұрттың қорғаны!!!

Исраил ага-фотоХауа ана... Жер ана... Ел ана... Отан ана...

Қай-қайсысы да іштей күбірлеп, ауызбен емес, жүректің лүпілімен, Алланың үкімімен мың бір қайтара айтып отыратын ең әзіз, ең қасиетті, ең қастерлі үғым-танымға ие шүкірана сөздер. Иә, шүкір-ана...

Біз оның әзірге біреуін ғана ауызға ала тұрайық. Жер-ана!!! Адам ата мен Хауа ана бейкүнә аңғалдығынан Ібіліске алданып Жұмақтан «жер аударғалы» бері Адамзат баласының алтын бесігіне, түпкілікті тұрағына айналған Жер! Алла тағаланың құп-адал құлына деген ізгі махаббатының өлшеусіз екенін осыдан-ақ сезіне беріңіз!

«Махаббатпен жаратқан адамзатты...» Абай аузынан хатқа түсіп, бізге жеткен ақиқи рәуа. Пейілінен тарылып, періштелігінен айрылып азғындық жолға түскен Ібіліс қарап жүрсін бе, Алла дәргейіне бас сұғып: «...сол сүйікті пендең күндердің күнінде құлқынан айнып, құдығынан жеріп, өзің сияқты Құдай болғысы келсе қайтесің?» дегенде, Жаратушы: «...зәуіде қанасынан асып-тасып жүрмесін деп Жерді батпан таумен бастырып қойғаным сияқты, ауық-ауық оның да иығына салмағымды салып отырамын» деген екен. Байқаған кісіге бұл: ишара, ибада, ескертпе. Кешелі-бүгінгі және ертең де бола бермегі ықтимал зілзала, цунами, сел, тасқын, басқа да алапат апаттарды еске ала жүріңіз...

Жер дауы, жесір дауы қазақта ежелден бар. Біріншісі: жер жетпей жатқандықтан емес, әріге тартсаң – ағайынның өзара кикілжіңі, беріге тартсаң – алдындағы малының қора-қопсыға симай ауа жайылып бара жатқандығы. Жесір дауына келсек: жетелі жұрттың жесірі мен жетімін жерге қаратпауға бекінген берік байламы. Ал бүгінгі Жер мәселесі... Ауық-ауық қозғалған сайын әлдекімдер қолқама қол салғандай қолайсыз, рабайсыз күй кешемін. Дүйім жұрттың дүмпуі, билік айтқандай, әлдекімдердің әсіре әулекісі емес –телегейдің тереңінен тепсініп шыққан тежеусіз тегеурін! «Көп түкірсе – көл болады», ал ел елірсе не болады? Жұрттың жүйкесіне ши жүгірту – шиті мылтықпен шеке тұстан оқ атқанмен бірдей! Шыдамның да шегі бар.

Жоғарғы жақтың не ойлайтынын қайдам, қазіргі жұрт саяси сауатты ғана емес, білгір, сезгір, алғыр. Оған «кінәлі» – сәт сайын санаңа келіп құйылып жатқан сан-алуан әлемдік ауқымдағы құбақан құбылыстар, астары анық, бояуы қанық хабар-ошарлар...Уақыт ырқы тізгіндеуге келмейді, саралауға, сараптауға болмаса. «Олай емес, былай...» деп көсемсу көлгірсудің әрі-берісі ғана болып қалды.

Жер жекеменшікке берілді. «Е, дұрыс екен...» дедік. Бірақ ішімізде бір дүдәмал қалды: «арты қалай болар екен?..» Ұзамай Ауылдың ағзасы азып, қаңқасы қалды. «Дипломмен – ауылға!!!» деп аттан салдық. Шұрқ еткен ешкім болған жоқ. Жайдақ ұран жаныққанды да жалықтырады. Есесіне қалаға ағылдық. Қазақ «қазымыр» деген атқа ие болды. Енді келіп...иесі бар, бірақ жүйесіз, түйесіз бос жатқан бөстекі жерлер көбейіп кеткен көрінеді! Енді соларды жалға бермекпіз! Сатудан да кетәрі емес екенбіз! Кімге, қалай, не үшін??? Кешегі Халық шаруашылығы қайда? Оның егіз қозыдай екі тармағы – Егін шаруашылығы, Мал шаруашылығы қайда? Құнарлысы егінге, құбақаны төрт түлікке жетіп-артылмайтын ба еді? Аграрлы реформадан неге қаштық? Әлемді астатөк астықпен, есепсіз ет-сүтпен асырайтын Ел біз емес пе едік?! Сан сауалға салиқалы жауап жоқ. Енді келіп...Жерден жерігелі отырмыз.

...Аяғымның астында – аяулы қара жер, әспеттеп айтсам – Жер ана! Алла тағаланың көп қатарлы қазаққа да еншілеп берген ұлы нығметі! Одан кейінгі ата-бабамның өмір бойы алакөздермен алысып-жұлысып жүріп ұрық- шырығына қалдырған қасиетті мұрасы мен мирасы! Қағанаттың Аманаты!!! Ал Аманатқа қиянат – анттан айну, ақ сүттен жеру!.. Одан өзге ештеңе емес.

015...Есіме көңілден көше қоймаған, өмірден өше қоймаған ескі аңыз түсті. Аңыздың түп атасы – Ақиқат. Мөдеден қалған өнеге. Ауызға алып, алға тартпасыма амал қалмады. Бәлкім, бағзы біреулер есін жинар, ақылға келер...

Асқынып тұр дегбірді алған дертше күн, Сеңдей толқып сеніскен дос, серт, сенім... Ел аманда елші әкелген мына хат Тағы кімді тар қыспақта сынамақ?: «Аман қалсын десең аймақ-алабың, Аз-көп емес, саған қояр талабым: Алтын жалды, алқаракөк құйрықты Алдыма тарт астындағы Жүйрікті! Сонда ғана елің есен, бас аман, Табанымда тапталмайды босағаң!..»

Хан қабарып қара бұлттай, қалды ойға: «Аяр неме қалай-қалай арбайды, ә? Қасам ішіп, қыннан қылыш суырып Қасарысып қарсы шабар хал қайда?.. Ауызымен құс тістеген Алмауыт Амал қанша, кете барса шалғайға? Жарақты жау ақ-қараны таңдай ма?! Жазылғаны осы болса маңдайға Қабыл алдым Тәңірінің бұйрығын – Жұртым үшін жауға сауға Жүйрігім!.. Кемерінен кемігенде кең жалған, Жел қанатпен желіккенім немді алған?!.»

Қара түнде қан жұттырып әулетті, Қас тұлпарды қанжығалап жау кетті.

Көз ұшында шұбатылып шаң қалды, Көк жүзінде жыпылықтап шам жанды. Елдің іші есін жиып дүрліккен, Түтін бір сәт түзу ұшты түндіктен. ...Ұйқы безіп, Сиқы қашып, Қалжырап, Айдан түсіп алтынжалды Арғымақ.., Ханның іші ұлып шықты қан жылап. Қамкөңілге қайдан болсын дамылдау: «Қайта айналып соқпаса игі залым жау... «Иттің сыры иесіне мәлім-ді», Тату көрші табылмады-ау тәлімді? Қияметтің қилы-қилы қылығы Қи шоғындай қинайды екен жаныңды...»

Қалың өрттей қамыс бойлай қаулаған Қай заманнан – «Қайта шапқан жау жаман» Күнгей жақтан Күн кірпігін ашқанда, Күлтөбенің шаңы шықты аспанға. Кезеңді асып, кердең басып қалың қол Келіп жетті кернейлетіп дабылмен. Алабөтен айбарақтап сұсты өңі, Алшаң бұты ат үстінен түспеді. Астында әлгі желден жүйрік қанатты ат, Аларманы алға шықты жалақтап: «Аман қалсын десең халқың, қамалың.., Аз да емес, көп те емес талабым: Жабағысы жайылымға симаған Сен емес пе ен, думаны шат дыйлы адам, Жүйрігіңе тәнті болдым сыйлаған. Жеме-жемде жерім бар ма қинаған: Аман-есен қалсын десең үй, балам.., Ханымынды басыбайлы қи маған! Сонда ғана елің есен, бас аман, Табанымда тапталмайды босағаң!!»

Жер мен көкті бұлтармастай бұлт орап, Шерменде етті шектен шыққан бұл талап. Көз қанталап, көмейді улы шөл қысты: «Тапқан екен көнтақыны, көнбісті!» «Басқа-басқа, мұнысын кім жөн көрген?» «Өлген жақсы бұл қорлыққа көнгеннен?!» «Батыр қайда – көкірегін жел керген?!» «Ақын қайда – дүйім жұртқа дем берген?!» Ер намысын ерге салып өңгерген Елдің сөзі өткенімен өңменнен, Хан тағы да оқшауланып қалды ойға, Су орнына у тамызып тандайға: «Есер неме ел шетіне іліккен Ерегессе, тағы бүлік салмай ма? Халық барда Хан қатынсыз қалған ба.., Енше, мынау екі келмес жалғанда Баз кешуге тура келер жардан да!.. Құмыр құсым болғанымен қолдағы, Өз жұртының бір Қызы ғой ол-дағы...»

«Жат жағалап, жау торыса Орданы, Тотықұс та тыным таппас тордағы. Әлімсақтың аманатын құп алсақ – Ұл да, Қыз да – Ұлы Жұрттың қорғаны!!! Бір Алланың дәргейінде әу бастан Қыз баланың маңдайдағы сор, бағы... Қыздың жолы – «Ақсақ тоқты құрмалдық.. Ұлы жұртым тілеуші еді ұлдан құт, Тілге келсін ішін тартып тынған жұрт. Қанша мәрте қарашықтан қан тамып, Қанша мәрте қызғалдақтай нұрландық!.. Осы болды жан жарыңның таңдауы, Тағдырымның талшыбықты қармауы. Торыққанның белгісі емес, Хан ием, Тотықұстың тоқсан тарау толғауы...» Осыны айтып Әзіз Ару таң алды Артқа тастап Хансарай мен қамалды Жалғыз-жаяу жау жағына жол алды...

Ел риза ерлігіне Ханымның, Ал...ал Ханның біліп жатыр халін кім? Алқым тұсын кескір кездік тілгілеп, Жатса-тұрса жаралауда жанын мұң: «Жетегінде кетті жаудың Тұлпар ат, Қабағымды қала берді бұлт орап. Алды-артына қарай-қарай ақ танда Жан жарым да кете барды жат қолға. Аузын ашып от бүркіп түр Айдаһар, Ес жиғызар енді қандай айла бар?..»

Екі араны тұрғанымен тау бөліп, Шекараны бұзды тағы жау келіп. Қара түнде қамал торып, қаумалап, Енді нені еншілемек, дауламақ? Енді неге көз салмақшы жалаңдап? Енді неге қол салмақшы арандап? Қараспанның қабағына аландап, Күн кешкеннің күні құрсын амалдап. Түн қойнында қарауытып, қараңдап, Аш қасқырдан аумай кетті тәмам жақ: «Қас қылғанда – мен алмайтын қамал жоқ! Құлдық ұрып құп алмасқа шараң жоқ. Желден жүйрік ат сыйладың – жөн көрдім, Аруыңды ат артына өңгердім. Есен-сауын ойлар болсаң енді елдің, Бір пұшпағын сыйла мынау йен жердің?! Мен бұл жолы соны алуға келгенмін!!!»

– Арам ойың осы ма еді ант атқан?! – Ашу қысып атып тұрды Хан тақтан,– Жылқыдағы атым кетті – Тұлпарым, Әйелдегі затым кетті – Іңкәрім. Екеуі де жерге бола бір аттам Алыстады ағайыннан, жұраттан. Кімге керек Иранбағы Жұмақтың, Құлағымда үні тұрса құр аттың?! Кімге керек тыншығаны жанымның, Жүректі езсе сыңсығаны Ханымның?! Бірақ, бірақ... Ұлтарақтай жер үшін Болмайды енді, болмайды енді келісім!!!

Осыны айтып атып тұрды Хан тақтан, Жауға қарсы аттанбаққа ант атқан! Осыны айтып көтерілді қалың ел, Қорғамаққа қара жерді қанымен! Осыны айтып жаңғырықты Жер, Аспан Көкжиекке кенересін кең ашқан! Осыны айтып аттай тулап Балбұлақ, Арқырады айтақырда Арғымақ! Осыны айтып көтерілді Күн көкке, Адамзаттың ақ-қарасын білмекке! Осыны айтып дабыл қақты Тау, Дала!

...Жанұшырып жалғыз қалды Жау ғана...

Исраил Сапарбай, qazaquni.kz