АҚЖОЛДЫҚТАР ТЕҢГЕМЕН НЕСИЕ БЕРУ ЖӘНЕ БАНК ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ

2xJxLsfuS0w Елімізде жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге ұлттық теңгемен несие беру жеткіліксіз болып жатқанын және банк жүйесін реформалау қажеттігі жөніндегі мәселені «Ақ жол» партиясы күн тәртібіне шығарып, қайта көтерді. ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың атына жолданған партия фракциясының депутаттық сауалын Ерлан Барлыбаев жариялады. Бұл депутаттық сауалдың туындауы­на еліміздегі көптеген кәсіп­кер­лердің банктен теңгемен несие алу қиындықтарына байланысты жазылған арыздары себеп болып отыр. Олардың айтуынша теңгемен несие алған күннің өзінде оған қойылатын үстеме пайыз тым жоғары. Ол өз кезегінде өндірістің отын өшіріп, кәсіпорындардың есігіне қара құлып салып, шетелдің шығарған тауарларын өткізетін сауда-саттық саласына кетуге итермелейді. Сонда өз отандық өндірісімізді кім өркендетеді? «Кейбір сарапшылар теңгенің қолданыс қарқынын бәсеңдету девальвацияға, яғни ақшаның құнсыздануына қарсы қолданылып отырған шара деп түсіндіреді. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ, теңге айналымы мен өтімділігін мүлдем тежеп тастасақ, онда қайдағы және қандай ақшаның құнсыздануы туралы сөз болуы мүмкін. Олай болса жаңа бизнес-жобалар, елімізді индустрияландыру, тіпті жалпы экономиканы дамыту жайында ұмытуға тура келеді» – делінген сауалда. Жаңадан сайланған депутат Ерлан Барлыбаев өткен жылы 28-қаңтарда осы мәселені «Ақ жол» партиясы көтеріп, Үкімет пен Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтың атына депутаттық сауал жолданғанын еске салды. Бұл сауалға Келімбетов мырза «Ұлттық банк айналымдағы теңгенің жеткілікті болуына банк жауап бермейді» деген жауап жазды. Сонда банк не үшін жауап береді? Сондықтан былтыр 1-шілдеде тағы да қосымша сауал жолдауға тура келді. Ұлттық банк төрағасының ауысуына байланысты 5-қарашада жаңа төраға Ақышевтың атына да дәп осы мәселеге қатысты сұрау салынды. Жаңа қарқынмен іске кіріскен жаңа төраға Ақышевтың 18-қарашада Мәжіліс отырысында «Ұлттық банк теңгенің жеткілікті, өтімді болуына күш салып, барлық мүмкіндіктерді қарастырады» деген уәдесі Парламент пен бизнес өкілдерін бір қуанқан-ды. Ал 16-наурызда Ақышев мырза «Ұлттық банктің қаржы нарығындағы жүргізіп отырған шаралары теңге айналымы мен өтімділігі жөніндегі барлық банктердің қысқа мерзімді сұранысын толық қанағаттандырып отыр» деп мәлімдеді. Әрине, Үкімет пен Ұлттық банк бүгінгі күрделі жағдайда ұлттық валютамызды тұрақтандыруға күш салды. Оның өзінде банктік жүйедегі ішкі жұмыстарын үйлестіруі арқылы емес, мемлекеттің қомақты қаржы құйып, жан-жақты көмектесуі арқасында ғана іске асырды деген ойын білдірді депутат Барлыбаев. «Бірақ, қысқа мерзімді теңге өтілімі Еліміздегі экономикамызды әртарап­тандыру мен индустрияландыру аясында өтіп жатқан өндірісті өркендету мен инвестициялық несиелендіруді қамтамасыз ете алмайды. Ал оны тағы да мемлекеттің көмегі есебінен іске асыру –біздегі банк жүйесінің нашар жұмысын үнсіз қолдау болып қала бермек» – деп есептейді «Ақ жол» партиясы. Кейбір жекелеген сәттерде болмаса біздің банктік жүйенің бүгінгі болмысы қазіргі орын алып отырған экономикалық шындыққа сәйкестенбегенін көрсетеді. Әзірге ол еліміздегі тұрақталған экономикалық саясатты жүргізуде, оны ақшамен қамтамасыз ету сияқты өзінің тікелей міндетін толық атқара алмай отыр. «Бұл мәселені ұзақ мерзімді және тұрақты шешу үшін банк пен қаржы саласының жұмыс жүйесіне елеулі өзгерістер енгізу қажет» деп есептейді ақжолдықтар. Оған қоса инвестициялық несиелендіру – банктің мол кіріс көзіне айналмауы керек. Кәсіпкерлер палатасының жетекшілерінің сараптамасы бойынша банк белгілейтін несиелік мөлшерлеме 7 пайыздан аспаса ғана тиімді болады. Бірақ, банктің ұстанған бағыты мүлдем қарама-қайшы, ақпан айынан бергі белгілеген мөлшерлемелері 17 пайыздан түспей тұр. Осы жоғарыда айтылған мәселе­лерге қатысты «Ақ жол» партиясы Үкімет пен Ұлттық банк алдына мынандай сұрақтар қойды: 1. Ұлттық банк ұзақ мерзімді теңге өтімдігін қашан және қалай жүзеге нақты түрде асырмақ? 2. Экономика салаларын дамытуға арналған несиелендіру барысында банктік мөлшерлемелер азайтылу қа­растырылған ба? Ұлттық банктің база­лық көрсеткіш деңгейі төмендетіле ме? 3. Үкімет пен Ұлттық банк қазіргі экономикалық шындыққа сәйкес келетін қаржылық және банктік жүйеге қандай реформалар жүргізбекші? Ол мемлекеттің көмегіне жүгінбейтін, банктер мен қаржылық мекемелердің өз ішкі мүмкіндіктері мен өзге тиімді тетіктерін пайдалану арқылы іске аса ма? «Ақ жол» фракциясы депутаттары қазақстандық өндірушілерді қолдайтын сайлауалды тұғырнамаларын іске асыруды одан әрі жалғастыра береді.

«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

"Қазақ үні" газеті