«Қаржыңды қайда шаштың, «Қазмұнайгаз»?

e8a54b90b2fb8c697ac4ef10226«Қазмұнайгазға» қарасты компаниялар Гүржістан мен Румынияға орасан зор инвестиция салғаны жайында кезінде көп айтылып-жазылды. Дәл қазіргі экономикалық  дағдарыс жағдайында енді сол инвестицияның жемісін еліміз де ұлттық мұнай компаниямыз да көруі тиіс еді. Бірақ олай болмай отыр…

Румынияда шығатын Wall-Street экономикалық басылымы «RompetrolWell Services a inregistrat in anul 2015 o pierdere de 2,15 milioane lei» деп аталатын мақала басты. Мәселенің бір ұшы «Қазмұнайгаздың» инвестициясына тіреледі: «Мұнай ұңғыларына қызмет көрсететін Rompetrol Well Services (PTR) компаниясы 2014 жылы 8,85 миллион көлесмінде таза пайда тапса, былтыр 2,15 миллион  лей шығынға батты. Мұндай жағымсыз өзгерістерге мұнай өндірісіндегі шикізат бағасының күрт төмендеуі себеп», — деп жазды. — Естеріңізге сала кетсек, «Қазмұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясының басқаруындағы KMG International тобына мұнай тазалайтын Petromidia и Vega зауыттары тиесілі. Былтырғы жылдың соңына дейін KMG International тобыRompetrol Well Services компаниясы акцияларының 73 пайызына иелік еткен. Бұл компанияның тағы бір ірі акционері — KJK қоры. Оның үлесі 10,68 пайыз».

Түсініктірек болуы үшін, сәл шегініс жасайық. 2007 жылы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы румыниялық Rompetrol компаниялар тобыны (қазіргі атауы KMG International ) 75 пайыз акциялар пакетін 2,71 млр долларға сатып алған еді. Компанияның бүкіл құны 3,616 млрд долларға бағаланғаны белгілі. 2009 жылдың 26 маусымында қалған 25 пайыз акциялар пакетінің иесі Дину Патрисиу қолындағы барлық акцияны тұтасымен қазақ компаниясына сатып жібергенін мәлімдеді. Яғни, «Қазмұнайгаз» ҰК Rompetrol компаниялар тобы сұраған ақшаны толық төлеп, компанияның 100 пайыз қожайнына айналған. Бірақ 2010 жылы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының Румыния мемлекеті алдындағы қарызына байланысты жағдай күрделене түсті. Rompetrol компаниялар тобының бұрынғы иелері соңына көптеген қарыз тастап кеткен екен. Бұл даудың соңы сатып алынған мүлік акциясының 26,69 пайызын Румын мемлекетіне қайтарып берумен біткен. Енді тағы да KMG International немесе бұрынғы Rompetrol компаниялар тобының толық қожайыны болу үшін, тағы да ақша төлеу керек. Басылымның жазғанына сүйенсек, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының Румыниядағы инвестициялық жоспары осымен шектелмейтін көрінеді. Алдағы уақытқа көптеген жоспар құрған. Жарайды делік. Ал бұрнағы жұмсаған миллиардтаған доллардың жағдайы не болды? Оны тек, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы басшыларынан өзге ешкім білмейді.

Ұмытпасақ, 2006 жылы «Қазмұнайгаз» ҰК құрамындағы «Қазтрансгаз» АҚ Гүржістандағы «Тбилгаз» компаниясын сатып алған болатын. 2001 жылдың ортасындағы мәліметтерге сүйенсек, «Тбилгаздың» өндірістік активтерінің төрттен бірі ғана жарамды еді. Жаңадан келген қожайындар бастапқыда газ таратушы торапты дамытуға 82 млн доллар салмақ болды. Кейіннен, инвестицияның жоспарлы көлемі 150 млн долларға дейін «өсіп» шықты. 2009 жылдың көктемінде жоспарлы инвестицияның ауқымды бөлігі игеріліп, газ тораптарына модернизация жасалғаннан кейін, гүржі билігі осы компанияны басқаратын «Қазтрансгаз Тбилиси» деп аталатын арнайы компанияны бекітті. Бұл уақытта Қазақстан жағы инвестиция ретінде 130 млн долларды жұмсап қойған еді.

Содан бері жеті жылға тақады. Бірақ біз әлі де өзіміздің меншігімізді басқармақ тұрмақ, қол жеткізе алмай жүрміз. Жақында Гүржістан астанасындағы «Тбилгаз» компаниясын «Қазтрансгаздың» сатып алғанына 10 жыл толады. Бірақ осы уақытқа дейін «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы жұмсаған инвестициядан қанша пайда тапқанымызды біле алмай отырмыз. Осы жоба басталғанда, биік мінберлерден бұл инвестицияның «саяси астары бар» екенін баса айтқан еді. Әзірше, «саяси» жемісінің дәмін ешкім татқан жоқ. Енді бізді осы уақытқа дейін бейқам отырған «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы басшыларының әрекетіне таң қаласыз. Әйтпесе, осы уақытқа дейін даулы мәселе бойынша, біздікілер не себепті Женевадағы Халықаралық сотқа жүгінбейді? Сонда, Гүржістанға салынған инвестициямен қоса, 10 жылдан бері алынбаған пайданы өндіріп алуға мүмкіндік мол болар еді.

Әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауы – «қара алтын» өндіруші кәсіпорындардың шаруасын шатқаяқтатып тұр. Бірақ былтыр жаздың ортасында «Қазмұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясының қарызы 18 млрд долларды құрады» деген бейресми ақпарат тарады. Компания басшылығы бұл мәліметті не растап, не терістемеді. Шетел нарықтарына «нық қадам басқан» ұлттық компаниямыздың экономикалық экспансиясының қаржылық жағдайы бізге беймәлім. Қалтарыста қалған. Ал көкейде бір сауал: «Қаржыңды қайда шаштың, «Қазмұнайгаз»?   

Дерек көзі: Halyknews.kz