Елімізде жезөкшелер еш кедергісіз жеке кәсіпкерлік аша алады - адвокат

Жезөкшелікке заңнамалық түрде қайтадан тыйым салып, оны заңсыз деп тану керек

Адвокат Жангелді Сүлейменов Қазақстанда сексуалдық мәндегі қызметті ұсынатындар мен жүзеге асыратындарға айыппұл салуды енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұндай қызметке заң жүзінде тосқауыл жоқ және жезкөшелерді ешкім жауапкершілікке тарта алмайды.

Сүлейменов жезөкшелерге айыппұл салу туралы баптың Қазақ КСР кезінде және Қазақстанда 1987-2001 жылдар аралығында ғана болғанын еске салды. Кеңес кезінде 100 рубль көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал Ресейде мұндай жаза әлі күнге дейін бар. Қазіргі уақытта көрші елде айыппұлдың көлемі - 1500 рубль.

"Қазақстанда 2001 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы жаңа Кодекс енгізілді. Сол кодексте ондай заң болған жоқ. Сол уақыттан бастап жезөкшелік заңды болды деп және тыйым салынбаған қызмет деп санауға болады. Кейбір баптардың жоғалуы жағдайлары болып тұрады - заңгерлер мұны әрдайым қадағалап үлгере бермейді", - дейді Сүлейменов. Ол қазірде ҚР ӘҚтК 449-бабының бар екенін түсіндірді. Бұл бап - "Қоғамдық орында тиісу".

"Оның мазмұнына келетін болсақ, мұнда сексуалдық мәндегі қызметті қоғамдық орында міндеттей ұсынуға тыйым салынған. Сонда шығатыны - қоғамдық орында болмаса, егер міндеттей ұсынбаса, сексуалдық мәндегі қызмет ұсыныла бермек пе? Жезөкшелік - бұл сексуалдық мәнде жүйелі түрде жүзеге асырылатын ақылы қызмет. Оның заңды екенін растайтын тағы бір дәлел - ҚР Азаматтық кодексінің 380-бабына ("Келісім еркіндігі") сәйкес, тараптар заңнамада қарастырылған және қарастырылмаған келісімшартқа отыруға құқылы. Сексуалдық мәндегі қызметтер жоқ дей алмаймыз. Сондай қызметті ұсынуға міндетті түрде жазбаша келісімге отыру міндетті емес, ауызша келісім жасалса жетеді. Бұдан шығатыны, онсыз да заңды болып отырған қызметті заңдастыруға болмайды ғой", - дейді адвокат.

Сүлейменовтің айтуынша, жезөкшелікке заңнамалық түрде қайтадан тыйым салып, оны заңсыз деп тану керек. "Айыппұл салуды қайтадан қолға алып, нормаға келтіру керек. Мұны бір ай шамасында істеуге болады. Жезөкшелікпен айналысу және сексуалдық мәндегі қызмет ұсынғандарға айыппұл салу немесе қамауға алу керек. Қазір мұның бәріне көз жұмып қарап отыр. Мұндай заңбұзушылықтарды дәлелдеуге болады. Камера бар, куәгерлер де табылады. Бізде кәмелеттік жасқа толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу және ересектерді қорқыту арқылы мәжбүрлеу қылмыстық іске жатады. Дегенмен өз еркімен айналысуға заң жүзінде тыйым салынбаған", - деді адвокат.

"Жезөкшелер тиісті өтініш жазып, жеке кәсіпкерлік аша алады", - деді Сүлейменов. Ол осыдан кейін жезөкшелерге арынан басқа ештеңенің кедергі болмайтынын, қазақстандық қоғамдық бизнес-ұйымдардың мүшесі болып, тіпті "кәсібін" дамыту үшін мемлекеттен көмек ала алатындарын алға тартты.

Алматы ІІД Түсінік беру басқармасының жетекшісі Еділ Әзімшайық жезөкшелердің жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алатынын растады. Оның үстіне, жылына 12 ЕТЖ-дан жоғары табыс тапқан жағдайда (2016 жылға 22 859 теңдеден есептегенде 274 308 теңге) оларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндеті жүктеледі.

Мұндай факторлар есептелген жағдайда, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне интим қызметтен түсетін табысты есептеуге тура келеді. "Тексеру жұмыстарын жүргізбей жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге алуды біз ұсына алмаймыз. Дегенмен мен қызметкерлердің жезөкшелердің интим қызметтен қанша ақша тапқандарын есептеп отырғанын тағы елестете алмаймын", - деді Әзімшайық.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ондай жеке кәсіпкерліктердің тіркелу деректері жөнінде мәліметі жоқ. "Бізде ондай интим-қызметті көрсететін тұлғалардың тіркелуі де мүмкін. Олар интим-қызмет ұсынамыз деп айтпайды ғой. Олар массаж жасаймыз және тағысын тағы деп айтады. Экономикалық қызмет түріне "өзге де қызмет түрлері" деп көрсетулері мүмкін. Тәжірибе жүзінде біреудің келіп, "интим-қызмет ұсынамын, тіркелгім келеді" деген жағдайларды кездестірмедік", - деді ол. Сонымен қатар, МКД өкілінің хабарлауынша, оның мәліметтеріне сәйкес, интим-қызмет көрсетуші тұлғаларға салық төлету бойынша ешқандай ұсыныс ведомствоға келіп түспеген.

Астана ІІД баспасөз қызметінің басшысы Софья Қылышбекованың түсіндіруі бойынша, полицейлер жезөкшелікпен күрес шеңберінде көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау үшін тексерулер жүргізіп тұрады (бұл шет елдерден келген жезөкшелерге қатысты), түнгі сағат 11-ден кейін тыныштықты бұзу, әлеуметке қарсы қылық таныту, қоғамдық орындарда мазаны алу деректері және адам саудасы. Интим-қызмет көрсеткендерге жаза қолданылмайды. Ұсталғандардың құжаттары тексеріліп, есепке алынады және олармен профилактикалық әңгімелесу жүргізіледі.

"Интим-қызметтің көрсетілетінін біле тұра сіздің көрші пәтеріңіздің иесі притон ашатын болса, оларды жауапкершілікке тартуға болады", - деді Қылышбекова. 2015 жылдың басынан бастап шамамен 60 пәтер анықталды. Оларға ӘҚтК 450-бабы "Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну" бойынша жалпы сомасы 10 миллион теңгеден аса айыппұл салынды.

Жезөкшелер бойынша жеке мәлімет, ҚР ӘҚтК 449-бабы "Қоғамдық орындарда тиісу" бойынша айыппұл салынғандар жоқ. Бірақ жыныстық қатынас түріндегі қызмет көрсету мақсатында қоғамдық орындарда тиісу бойынша жалпы бір мыңнан аса дерек анықталды. Ұсталғандарға 9 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жүргізілетін рейд шеңберінде жезөкшелерге венерологиялық ауруларды анықтау үшін тексеруден өту ұсынылады. Таяуда, Алматы ІІД қалада 98 жезөкшенің АИВ жұқтырғанын және әлі де интим-қызмет көрсететінін хабарлады.

Еске сала кетейік, жезөкшелікпен айналысқандарға айыппұл салу мәселесі 2013 жылы қазіргі ҚР ӘҚтК-ны жетілдіру кезінде талқыланған болатын. Ол кезде ІІМ өкілдері бұл мәселенің тыңғылықты зерттеуді қажет ететінін мәлімдеді.

Дерек көзі: tengrinews.kz