Ресейден КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ БАСЫН ҚАЙТАРУ КЕРЕК!

Ұлт азаттық көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккендігі белгілі. Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Батыр бабамыздың басы әлі күнге Санк-Петерборда сақтаулы тұр...

  Keiki 1 АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейден Кейкі батырдың басын қайтаратын кез жетті. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Серік Ақылбай осы мәселені көтерді. «Тәуелсіздіктің биылғы 25 жылдығы Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы көтеріліс Қазақстанның барлық аймақтарын түгелдей қамтыды. Патша үкіметі қазақ халқының бұл көтерілісін басып-жаншу үшін барлық күш-жігерін аямады. Жетісу, Сырдария, Семей, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі көтерілістер бұрқ еткенде, Торғай даласында Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Амангелді Иманов, Кейкі батыр бастаған көтеріліс те ең  ұзаққа созылған ұлт азаттық қозғалысының бірі болды», - дейді сенатор. Оның айтуынша, Торғай көтерілісі қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Бұл ретте депутат Мәңгілік Елдің рухы мықты,  отансүйгіш ұрпағын тәрбиелеуде ұлы дала батырларын дәріптеудің маңызы зор екенін атап өтті. «Алайда, бүгінгі ұрпақ 1916 жылы болған көтеріліс туралы, оны ұйымдастырушы батырлар жайында толық біле бермейді. Кешегі кеңестік кезеңде де бұл көтеріліс туралы шындық толық айтылған емес. Keiki 2 Енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Осы көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккендігі белгілі. Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Батыр бабамыздың басы әлі күнге Санк-Петерборда сақтаулы тұр. Бұны ҚР Сыртқы істер министрлігінің сұрауына орай 1995 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі де жауап хатында расталған. Жалпы Кейкі батырдың бас сүйегін туған еліне алдыру мәселесі көптен айтылса да нәтиже шыққан емес. Дегенмен, Ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығына орай батырдың басын қайтарып, туған жеріне жерлеу мәселесін Үкімет қолға алса игі», - деді С. Ақылбай. Автор: Қанат Мәметқазыұлы