АҚИҚАТТЫҢ АЛМАС ҚЫЛЫШЫ ЕДІ!..

nurmahan orazbek

Алаш үшін ауыр қаза! Нағыз батыр еді Нұрмахан көкем! Кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезінде, әйгілі ГКЧП-ның қырғынында "Иә, бұл- төңкеріс!"-деп Кремльге қарсы шыққан жалғыз қазақ!

Cол күні 1991 жылы 19 тамыздағы мемлекеттік төңкеріс кезінде Нұрмахан Оразбек ағамыз өзі басқаратын Қарағанды облыстық партия комитетінің басты органы - "Орталық Қазақстан" газетінің бірінші бетіне «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деп, «ИӘ, БҰЛ – ТӨҢКЕРІС!» деген мәлімдеме-мақаласын жариялайды.   Кейін оны  Оралхан Бөкей   көріп, «Редактордың ерлігі» деп «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап жіберген. Газеттің келесі нөмірінде «Нұрмахан Оразбекті Кеңес Одағының батыры» деген атаққа ұсыну керек» деген ұсыныстары да басылған еді...

Бүгін түстен кейін ғана ұшақтан түсіп жатқанымда Исраил Сапарбай ағамызға хабарласқанда: "Нұрекеңнің көңілін сұрап шықтым. Серік Ақсұңқарұлы бастаған қарағандылықтар да келіп жатыр екен. Жағдайы қиын" деп еді...  Артынша  2-3 сағаттан соң Мақсат Жақау інім хабарласып, суық хабарды жеткізді... Өнегелі өмірінде Әділдіктен таймаған, Ақиқаттың алмас қылышы болып өткен Нұрағамыздың  иманы саламат болып, арты қайырлы болсын ! Алла алдын пейіш, артын кеніш еткей! Қазыбек ИСА qazaquni.kz