БІРЕУДІҢ ҚАЛТАСЫНДАҒЫ АҚШАНЫ САНАУ – ӘДЕПСІЗДІК

Шукеев

АЛ, СОЛ АҚША ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫНАН ШЫҒЫП ЖАТСА ШЕ?

БАҚ өкілдерімен болған кездесуде Өмірзақ Шөкеев топ-менеджерлердің айлығын санайтындарға шүйлікті. «Топ-менеджерлердің сыйақысын санау – әдепсіздік» деді. «Самұрық-Қазынаға» тиесілі ұлттық компания басшыларының миллиондаған сыйақысы жайлы сұраған журналистерге қор төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай деп реніш білдірді.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры АҚ басқарма төрағасы: – Дамыған елдерде менеджерлердің алатын ақшасы бұлайша жария етілмейді. Өйткені, ол компанияның табыс табуына кедергі. Біз «Самұрық-Қазынада» білікті менеджерлердің жұмыс істегенін қалаймыз. Бірақ, табысын санап, жұрт сынап жатса, ондай жерде кім қызмет еткісі келеді? Өткенде ғана «Қазақ үні» газеті осы мәселені көтеріп, «Бұл не деген батпан құйрық?» деген мақала жариялаған болатын. Мақалада әріптестері айтқандай, Шөкеевтің өзі бонус алмаса да қоластындағы топ-менеджерлердің әрқайсысына жылына 30 миллион теңгеден артық сыйақы берілетіні жазылған-ды. Әрине, біреудің ақшасын санау әдепсіздік екені рас. Бірақ, қазына қолымда тұр екен деп өз қалтасының қамын ғана қарастыру да әдептілік пен адамгершілікке жатпайды. Дүниежүзілік дағдарыс кезінде олардың басы он жерден алтын болса да осыншама қаржыны «маңызды мамандардың» қалталарына салып беру, әрине, қисынсыз. Елбасымыздың өзі әрбір тиынды үнемдеу керек деп жатқанда бұл не деген мырзалық, бұл не деген жомарттық? Шөкеевтің «Табысын санап, жұрт сынап жатса кім қызмет еткісі келеді?» дегені де сыныққа айтар сылтау ғана. Аталған жалақының бір ширегін ғана берсе кез келген мықты маман «Самұрық-Қазынаның» кеңсесінде түнеп, отымен кіріп, күлімен шығып, тәулік бойы тынымсыз жұмыс істер еді. Бұл халық қаржысын оңды-солды шашу туралы негізгі әңгіме «Қазақстан теміржолының» басшыларынан басталды. «Шығын шаш етектен болса да топ-менеджерлер өздеріне миллиондап бонус жазды» деген ҚТЖ қызметкерлерінің арызы күні кеше ғана әлеуметтік желілерде тараған болатын. Ұлттық компания басшылығы мұны жоққа шығарғанымен, миллиондап болмаса да сыйақының берілгенін мойындады. «Самұрық-Қазынаның» топ-менеджерлеріне биыл табыстың азаюына байланысты ешқандай бонус берілмейді деді Шөкеев. Осыны кеште болса түсінгендеріне шүкіршілік деуіміз керек шығар...

Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ

"Қазақ үні" газеті