Экспортқа тауарды рәсімдеуде Маңғыстау алда келеді

фото экспорт Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері кедендік үдерістерді қысқарту бойынша Елбасының тапсырмасын орындап, тауарларды кедендік рәсімдеуден өткізу уақытын қысқартты. Экспортшылар мен импортшылардың кедендік үдерістерден өтуде «бір терезе» қағидасы, электронды декларациядан өткізу жүйесі жұмыс істейді.  Экспорт пен импортқа арналған құжаттар саны қысқарды, оларды рәсімдеу уақыты азайды. «Ағымдағы жылдың қаңтар айында ішкі тұтынуға арналған тауарларға қатысты кедендік операцияларды жүзеге асыруға кеткен орташа уақыт шамамен 4 сағатты, қараша айында жалпы орташа уақыт 1 сағат 37 минутты құрады, соның ішінде экспортқа байланысты кедендік үдеріс жарты сағаттан аспайды.   Кедендік операцияларды ары қарай жетілдіруге ниеттіміз», - деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов. Оның сөзіне қарағанда, бақылау мен ресімдеу уақытының қысқаруымен департаменттің құқық қорғау блогының рөлі күшейді.