Ақтөбе қаласының жаңа әкімі тағайындалды

Ақтөбеде қала әкімі қызметіне 43 жастағы Бекбол Сағын тағайындалды. Ол бұған дейін Астана қаласындағы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарған, деп хабарлайды Bnews.kz.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ерхан Омаров пен Бекбол Сағынды қатар әкеліп, облыс автивінде жиын өткізді. Ол Ақтөбе жерінде 15 жыл бойы еңбек еткен Ерхан Омаровқа алғыс айтып, шағын картина табыс етті. Енді экс-әкім Ерхан Омаров үкімет канцеляриясының бас инспекторы болып қызмет етеді. Ал жаңа әкім Бекбол Сағынға бірқатар тапсырма берілді.

Қалалық мәслихат депутаты Ахат Мырзалин Ерхан Омаровқа алғыс айтып, жаңа басшыға сәт сапар тіледі.

«Жас адамның жаңа белестерді бағындырғаны дұрыс. Біз оның шешімін құптаймыз. Ал жаңа әкім Бекбол Сағынға «біз сізбен біргеміз» деп айтқым келеді. Жұмыста табыс тілейміз», – деді ол.

Бекбол Сағын ақтөбеліктер үшін жат адам емес. Ол 1993-1998 жылдар аралығында Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің Ақтөбе облыстық басқармасында аға бақылаушы-ревизор, басшының орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін салық комитетіне ауысып, 1998-2003 жылдар аралығында бас салық инспекторы, облыстық салық комитетінің бөлім басшысы, Мәртөк аудандық салық комитетінің төрағасы болды. Кейін облыстық білім басқамасы басшысының орынбасары, қала әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін қызметін Астана қаласына ауыстырды.

2004-2007 жылдар аралығында Астана қаласы білім департаменті директорының орынбасары болды. Бекбол Сағын бір жыл бойы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2008-2010 жылдары осы басқарманың басшысы болды. 2010 жылдан бастап Қаржы басқармасының басшысы қызметінде үш жыл бойы отырды. Ал күні бүгінге дейін ол Астана қаласындағы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарған. Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Мамандығы: экономист, заңгер.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе қаласының әкімі болған Ерхан Омаров өз еркімен жұмыстан кетті. Қала басшысы қызметін 3 жыл 8 ай атқарған ол «Жөндеусервис» ЖШС директоры, «Тазалық» КМК директоры, қала әкімінің кеңесшісі, «Ақтөбе қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының орынбасары, басшысы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2012 жылдың қаңтар айында Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары болып, бір ай өткен соң Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.

Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас