Салидат Қайырбекова Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен кетті

Салидат Қайырбекова Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Фото: ortcom.kz

Фото: ortcom.kz

“Қазақстан үкіметінің қаулысымен 2015 жылдың 9 қазанынан бастап Қайырбекова Салидат Зекенқызы өзге қызметке ауысуына байланысты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметінен босатылды”, – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске салсақ, 2010 жылдың қазанынан 2014 жылдың тамызына дейін Салидат Қайырбекова Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметіне 2014 жылдың тамызынан бастап кіріскен.

Салидат Қайырбекова  1961 жылы Қарағанды облысында  дүниеге келіп, Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын “Емдік іс” мамандығы бойынша тәмамдаған.

2008 жылдың желтоқасынан 2010 жылдың сәуіріне дейін Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитетінің төрайымы, медициналық қызметтерді төлеу комитетінің төрайымы қызметтерін атқарған.