Бұл не деген батпан құйрық?

1

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕРІНІҢ БОНУСЫНАН БАС АЙНАЛАДЫ

БІЗ БІЛМЕЙТІН БОНУС

Аталмыш қордың қағидасында көрсетілгендей ашықтықты сақтап, «ағынан жарыламыз» деген «Самұрық-Қазына» көпшіліктің көңіліне күдік ұялатып, айықпас дау тауып алған секілді. Өздері мәлімдеген қызметкерлеріне берілетін бір жылғы сыйақы ретіндегі 345 млн. теңгеден астам бонус бастарына бәле болып жабысты десек де болады. Себебі осыны естіген қарапайым адамдар күні-түні тынбай жұмыс істесе де өздерінің алатын 60-80 мың теңгесімен салыстырып естерінен танып қала жаздады. Бұдан кейін «Бұл не деген батпан құйрық?» деген күдігі бар көпшілік осыны түсіндіруді талап етуі де заңды дер едік. Таңдай қақтыратын табысына, басты айналдыратын бонусына байланысты Қордың басқарма мүшесі, қаржы директоры Нұрлан Рахметов өз әлінше БАҚ-қа жан-жақты түсініктеме беруге тырысты. Бірақ, онысы қарапайым адамның түсінбек түгілі, құлағына да кірмейтін күрделі есепке қатты ұқсады. Алдымен «бонус» дегеннің басын ашып алайықшы. Оның түп-тамыры латынның «bonus» деген сөзінен шығып, «хороший, добрый, благой» деген мағынаны білдіреді екен. Біз көтеріп отырған тақырыпқа орай қазақшаласақ, «жақсылық», «молшылық», «жарылқаушылық» деп түсіну керек шығар. Кейін еуропалық іскерлер бұл сөзді өз қолданыстарына енгізіп, оған материалдық мән берген. Бонустың берері мол керемет дүние екенін байқаған біздің биліктегі пысықайлар шетелден шекпеніне орап, қазақ жеріне алып келген. Біреуге байлық әкелген, біреуге атының өзі мүлдем түсініксіз «бонустың» бар болмысы, түпкі тарихы осы ғана. ДҮНИЕЖҮЗІНДЕ – ДАҒДАРЫС, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАДА» – САЛТАНАТ

Шын-өтірігін кім білсін, Рахметовтың айтуынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев әр жыл сайын белгіленген бонустық сыйлықтан бас тартады екен. Өкінішке орай, басшысынан үлгі алған басқа бір адамның атын да атай алмады. Басқарма мүшесі алдымен 2013 жылғы Қордың ең жоғары қызмет көрсеткіштерін алға тартты. Таза табыс 654 млрд. теңгені, EBITDA margin - 21,3%, салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдер - 913 млрд., кеңейтілген дивидендтердің жалпы көлемі – 157 млрд. теңгені құрапты. «Жыл қорытындысы бойынша бонустар күллі әлем бойынша да қордың директорлар кеңесінің шешімі бойынша ғана менеджментке төленеді және олардың мөлшері қызметтің нақты негізгі көрсеткіштері бойынша мақсаттарға қол жеткізу дәрежесіне тәуелді. Алайда үш жылдық жалақыдан аспайды. Яғни, бонустар қатаң түрде заңнамаға сәйкес төленеді», - деп заңдастырды Н. Рахметов. «345,5 млн. теңге көлеміндегі сан – жалақы мен жылдық бонусты қоса алғанда 2014 жылы қор басқармасының мүшелер алған сыйақының жиындық сомасы. Бұған қоса, 2014 жылы алынған жылдық бонус, бұл – 2013 жылдың жұмысы нәтижесінде менеджментке аударылған бонус. 2013 жылдың осы бонустары бірнеше мәрте талқыланған болатын. Бұл санға жеке табыс салығы мен аударымдар да қосылады. Сондықтан да, жалақы мен аударымдар сомасын алып тастар болсақ, 2013 жылғы басқарманың барлық мүшелеріне аударылған жылдық бонустың мөлшері 185,5 млн. теңгені құрайды. Қор басқармасында алты адам барын ескерсек, орташа жылдық бонус 31 млн. теңгеге тең» - деп түсіндірді ол. Иә, шынында бір миллионға жуық ай сайын жалақы алып, оның үстіне жылына 31 миллион теңге сыйақы алған «Самұрық-Қазына» мамандарының әрбір күні мереке, әрбір сағаты салтанат деуге әбден болады. Дүниені дүрліктірген дағдарыс деген дүлей бұл Қордағы мамандардың түсіне кіріп те шықпайтын секілді. ҚЫЗМЕТІ ҚЫМБАТ ҚОР КІМНІҢ ҚАРЖЫСЫН ИГЕРІП ОТЫР? «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыру және әлемдік нарықтағы өзгерістердің елдегі экономикалық өсуге ықтимал жайсыз әсер етуі факторларынан сақтандыру үшін құрылғандығын еске салғымыз келеді. Демек, «Самұрық-Қазына» дегеніміз – еліміздің активтері мен қаржылық қорды сеніп тапсырған маңызы зор ірі мемлекеттік мекеме. Бұл олардың құжаттарында былай деп көрсетілген. Қордың негізгі міндеттері мыналар болып табылады: 1. Өңірлік, ұлттық және халықаралық ауқымдағы инвестициялық жобаларды әзірлеу және оның іске асырылуын қамтамасыз ету; 2. Қордың компаниялары топтарының қолданыстағы активтерін қолдау және жаңғырту; 3. Өңірлерді дамытуға және әлеуметтік жобаларды іске асыруға жәрдемдесу; 4. Отандық тауар өндірушілерді, отандық тауарлар мен қызметтерді қолдау. Қор қызметінің негізгі бағыттары мыналар болып табылады: 1. Ұлттық экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға жәрдемдесу; 2. Елдің экономикасын тұрақтандыруға жәрдемдесу; 3. Компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру. «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАША» БАҒАЛАСАҚ, БӘРІМІЗ ДЕ БАЙ БОЛАР ЕДІК... Біз Қордың міндеттері мен бағыттарынан үзіндіні босқа келтірген жоқпыз. Түсінуімізше, осы міндеттерді жүз, бәлкім, мың пайызға орындағаны үшін бонус берілетін шығар? Олай болса мектептегі мұғалімдерге балаларды беске оқытқаны үшін немесе «Самұрық-Қазына» сияқты қымбат мамандарды тәрбиелеп, негізін қалағаны үшін оларға да дәп осындай бонус белгілеу керек болар. Сол сияқты дәрігерлерге немесе еліміздің экономикасын көтеруге күш жұмсаған өзге де мамандық иелерінің еңбегін дәп осылай бағалауға тиісті емеспіз бе? Ал шынтуайтына келгенде, жаңағы үзіндіде көрсетілген міндеттерді орындағаны үшін олар ай сайын жоғары жалақы алып жүр емес пе? Олай болса мынандай мөлшердегі сыйақы қай аспаннан түсе қалды? Осындайда Елбасымыздың алқалы жиында қазіргі дағдарысқа қатысты қатаң үнем керектігі туралы ескертіп, барлық жерде артық кадрларды қысқартып жатырмыз дейді, ал «Самұрық-Қазынада» оның мүлдем байқалмайтынын баса айтқаны еске түседі. Мәселенің мәнісі енді түсінікті болғандай, мынандай «бонустан» кім бас тартсын, таяқтасаң да ешкім бұл Қордан оңайлықпен кетпейді. Бір ғана мысал келтірейік, 2014 жыл ішінде Қор корпоративтік орталығының сайтында жарияланған бос орындарға 2196 өтініш келіп түсіпті. 197 үміткер тестілеуге шақырылып, 53 кандидат тестілеудің барлық кезеңдерінен ойдағыдай өткен. Іріктеудің нәтижесі бойынша 25 адам Қорға жұмысқа қабылданыпты. Еске алатын сәттер көп, соның бірі Мәжілістегі депутаттарымыздың бірі «Самұрық-Қазына» өзінің қызметкерлерінің фитнес-клубқа барғанына дейін қордың есебінен ақша төлейді дегенін де естен шығаруға болмас. Міне, үнем деп осыны айт! Кадрларды құрметтеуді де осы Қордан үйренуіміз керек! – Біз ғана мұндай ірі көлемдегі сыйақы алмаймыз. Өзге алпауыт компаниялардың басшылары қанша алатынын тексеріп көріңіз. «Самұрық-Қазынадан» әлдеқайда жоғары. Егер Ұлттық қорда нағыз мамандар жұмыс істесін десек, бұл сома кем болмауы керек. Өйткені қай жерде ақша көп төлесе адамдар сонда жұмыс істегісі келеді. – Бұл – шындық, - дейді ағынан жарылған Рахметов телеарналардың біріне берген сұхбатында. Рахметовтың шындығына ешкімнің таласы жоқ. Ақша бәріне керек. Бірақ, сол ақшаға сай қай маманы өзгелерден бірнеше мың есе айлық алатындай ерекше еңбек сіңіріпті? Жер астына түсіп, күні-түні көмір қазсаң да осыншалықты ақша табу мүмкін емес. Әлде өзі айтқандай шетелдік үлгі, шетелдік заң деген осы ма? Рахметовтың айтуынша бұл заң басқарма мүшелерінің жалақысы мен бонустық жүйесі Үкімет қаулысымен бекітілген және 2011 жылдан бері еш өзгермеген. Олай болса «Бұл не деген батпан құйрық?» деген сұрақты Үкіметтің тура өзіне жолдауға тиістіміз. Оған қоса шетелдік, бірлескен немесе жеке компаниялардың да қандай «бонуспен» жұмыс істеп жатқанын қатаң бақылауға алатын уақыт баяғыда жеткенін құлаққағыс етеміз. Мейлі олар жер байлығын игеріп, экономикамызды көтерсе де, сол жер халықтікі екенін естеріне түсіріп қою артықшылық етпейтін шығар... Тым болмаса мына дағдарыс өткенше «бонуссыз» жұмыс істеуге болмай ма?..

Зейнолла АБАЖАНОВ

"Қазақ үні" газеті