Үндемгендер үйдей пәледен үнемі құтыла бермейді

кумсагат Нұрсұлтан Назарбаев өзіндік тың ойы жоқ, бастама көтермей үнемі үнсіз бас шұлғып отыра беретін министрлерді сынға алды. Президент соңғы сайлаудан соң тегіс өз орнында қалдырған ескі Үкіметті Ақордаға жинап алып, жаңаша жұмыс істеуге шақырды. Алдымен көптен айтылып жүрген 5 реформаны қалай жүзеге асыру керектігі талқыланды. Екі сағаттан аса тек Елбасының аузына қарап, бас шұлғып отырған министрлер ақырында сөз естіп тынды. – Мен сендерге айтып отырмын. Ал сендер үндемейсіңдер. Министрлікті, агенстваны, комитеттерді қысқарттық. Бірақ, неге екені шенеуніктер қысқармайды. Суға салсаң батпайтын отқа салсаң жанбайтын тәрізді. «Самұрық Қазына» құртып жатырмыз дейді, бірақ ешкім ешқайда кетпейді. Түкке пайдасы жоқ қызметкерлер орындарында әлі отыр. Бердібек, солай ғой? Біліп отырсың сен де, бірақ істемейсің, – деді Елбасы вице-премьердің өзінен бастап. Пайдасынан зияны көбірек шенеуніктерден бөлек, Назарбаев былыққа батқан соттарға да шүйлікті. Әділдік деген ұғымды ұмытқан соттар халықтың сенімінен әбден жұрдай болғанын беттеріне басты. Ал полициядан қайран шамалы деді Елбасы. Жемқорлықтан ада мемлекеттік аппаратты құру барысында, шенеуніктер атқаруға тиісті жұмысына қарай жоғары жалақы белгіленіп, тіпті сыйақы да беріледі. Бірақ, соған орай нәтиже жоқ деді Президент. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев байларды шетелге тыққан ақшасын елге қайтаруға қайта шақырды. Ал байлар асығар емес, олар ақшаларын өз Отаны үшін жұмыс істеткісі келмейтін сияқты. Мол байлықты сол шетелдің арқасында тапқан болу керек. «Маңдай термен тапқан» ақшаларын отандастарынан тығып, алыста ұстағанына қарағанда оның да тазалығына үлкен күмән бар. Мемлекет басшысы осы отырыста бәрінен бұрын халықтан алшақтап кеткен Жоғарғы сот басшысы мен Ішкі Істер министрінің атына көбірек сын айтты. – Сот жүйесіндегі былық көбейіп кетті. Ескі кадрлар отырып алып парақорлықпен айналысуда. Біразы ұсталып жатыр, ал қолға түспегендері қаншама. Халық бәрін біліп отыр. Көз алдымыздағы «Жансая» тұрғын үй кешенінде бір жұмада қатарынан бірнеше тонау болған. Бірде-бір қылмыскер ұсталмаған, сонда полиция не бітіріп жүр? Осы жерде бұл ұрлыққа сол полицияның өздерінің қатысы бар деген ой келеді. «Ақылды қала» деген бағдарламалар қайда? Бейнежазбалар не үшін орнатылды? – деген Президент сала басшыларына нақты және заңды сұрақтарды тіке қойды. Дәп осы тұста Елбасын екі қолымызды бірдей көтеріп қолдауға болады. Ордалы жиында бұғып отыратын шенеуніктердің тапсырмаларды уақытында орындамайтынына бүкіл халық куә. Баяғы жартас – сол жартас. Елбасы тапсырма береді, шенеуніктер есіктен шықпай жатып ұмытады. Оларға сыйлық емес, басына алтын құйсақ та осы қимылдарынан айнымасы анық. Өйткені шенеуніктер атына ескерту айтып келе жатқанымызға ширек ғасыр болды, осы уақытта көрсетер еді ғой өздерін. Ал қимылдай қалса, білім саласы сияқты шетелден түкке тұрғысыз бір жаңалықтарды алып келіп бәрін бүлдіреді. Соған қарағанда бір жағынан олардың үндемей тыныш отырғандары да дұрыс сияқты. Ең бастысы, шенеуніктердің басым бөлігінде халыққа адал қызмет етуге шынайы ниет жоқ. Ниет жоқ жерде нәтиже де болмайтыны белгілі. Кәсіби деңгейлері туралы айтудың өзі артық. Сырттай қарасақ оларды біреу мемлекеттік қызметке мәжбүрлеп отырғызып қойғандай әсер аласыз. Тек жеке басының пайдасы десе ғана алдына жан салмайды ондайлар. Қысқарту туралы да Елбасы турасын айтты. Қазақстанда қысқарту дегеніңіз ешқашан орындалмайтын өте қиын мәселе. Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы, оған қоса бәрінің де артында тіреп тұрған бір-бір көкелері және бар. Тіпті, жайлы орынды олар сатып алғанға қатты ұқсайды. Сатып алса сөз жоқ, қысқартуға болмайды. Мысалы, бір кезде бүкіл республика басшылығы еркін сыйған Алматыдағы алып ғимарат бүгінде қалалық әкімдікке тарлық етуде. Сонда олар республикалық дәрежедегі мәселелерді шешіп отыр ма? Жоқ. Әкім, әкімнің 5-6 орынбасары мен көптеген көмекшілері, кеңесшілері, бөлім басшылары, олардың орынбасарлары, қатардағы шенеунік сияқты сансыз қызметкерлер қаптап кеткен. Әкімдік қарамағындағы түрлі депертаменттердегі жағдай да дәп осындай. Бастық орынбасарын, орынбасары көмекшісін, олар бөлім бастығын, бөлім бастығы орынбасарын, ол өз кезегінде қатардағы қызметкерін жұмсайды. Қазақ атамыз бұндай әурешілікті – «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды» деген екен. Есептей беріңіз, бір тапсырманы орындау үшін қанша адамды жұмылдырады. Шын мәнінде бұл жұмысты бір ғана қызметкердің ойнап жүріп атқаруына болады. Біздегілердің бәрі шетінен бастық, жұмыс істейтіндері санаулы ғана. Бұл еліміздегі аймақтық, қалалық, аудандық деңгейдегі әкімдік атаулының бәріне қатысты жағдай. Сондықтан бұдан былай ескерту жасаудың орнына, қымбат уақытты қор қылмай міндетін дұрыс атқармайтын шенеуніктерді қызметтен бірден қуатын тәжірибені енгізу қажет. Немесе оларға ешқандай сыйақысыз, ең төменгі жалақы тағайындау керек. Сонда ақша үшін жүргендер өздері жан-жаққа қашатын болады. Оның орнына халыққа адал қызмет еткісі келетін нағыз патриоттар жиналады. Бәлкім, сонда ғана қатып қалған сең орнынан қозғалатын болар...

Зейнолла АБАЖАН

"Қазақ үні" газеті