Ұлытауда айтылған ұлағат

улытау-         Для меня слово мудрости ценнее золото                                                                            Демокрит. Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасиетті қазақ жерінің бір киесі – Ұлытау төрінде айтқан ұлағатты ойларын көгілдір экраннан тыңдап, газеттен оқығанда менің ойыма Стив Джобстың: «Мен өзімнің барлық технологияларымды Сократпен кездесуге айырбастар едім» деген сөзі оралды. Дара туған данамен көгілдір экран арқылы болса да жүздесіп, толымды ойлар толғаған аса мағыналы сөзін тыңдау көңілге қуаныш сыйлап, жан-дүниеңді байытады. Ойшылдардың бірі айтқандай: «Сөз – жалғыз ғана мәңгілік нәрсе». Сөздің де сөзі бар. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Елбасының Ұлытау төріндегі толғанысы да бұдан бұрынғы сөздері сияқты жүректен шығып, жүрекке жетті. Себебі – ол сөздер іштен шыққан әрі шын сөз. Мұхаммед пайғамбар айтқандай: «Шын сөз – құдіретті сөз». Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген һакім Абай ойын еске салған Ұлытау төріндегі ұлағатты толғаныс еліміздің бүгіні бекем, келешегі бүгіннен де жарқын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ел тарихынан бастап тіл тағдыры, діннің жай-жапсары, экономика мен саясаттың өзекті де өткір мәселелері төңірегінде өрбіген өрелі әңгіме алшы түсер асыққа құйылған қорғасындай көкейге қона кетті. Әлемдегі бес мыңнан астам ұлт пен ұлыстың бар болғаны 192-сі ғана мемлекеттік деңгейге жетті. Сол биікке көтерілгендердің қатарында Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастықтан өз орнын ойып тұрып алды. Алла тағала қазаққа ақ адал ниет, кең пейіліне орай Тәуелсіздікпен бірге өзі дара, сөзі сара Нұрсұлтан сынды президентті де сыйлады. Тәуелсіздікке жету қандай қиын болса, оны сақтап тұру одан да қиын. Құдайға шүкір, қиыншылықта қайыспайтын еңбексүйгіш халқымыздың, дара тұлғалы Елбасымыздың арқасында Тәуелсіздігіміздің бүгіні бекем, келешегі кемел. Ұлттық сананы қалып­тастыру, ұлттық рухты асқақтату, қазақстандық патриотизм – Тәуелсіздікті сақтап, нығайта берудің басты шарттарының бірі. Президент осыған орай әр жылдары қадау-қадау, парасатты ойлар айтып келеді. Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойлар соның заңды жалғасы. Нұрсұлтан Әбішұлы қадап айтқан аса құнды пікір, асқан парасатты сөздің бірі – тіл жайлы. Бұл орынды да. Тіл болмаса, халық та жоқ. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері оның жан-дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек». Радлов: «Әлемде аса бай, аса әуезді үш тіл бар, олар – француз, орыс, қазақ тілдері» деген ой айтқан болатын, өз зерттеулеріне сүйеніп. Қазақ тілінің байлығына мың мысалдан бір мысқал – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» 16983 сөз, Шекспирдің бүкіл шығармаларында 15 мыңға жетпейтін сөз бар. «Білімділіктің ең басты факторы – туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады (Гегель). «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағиданы қадап, қайталап айтып жүрген Президенттің ұлы Ұлытау төріндегі толымды ойлар толғаған жүрекжарды сұхбатынан біз Елбасының ана тілінің байлығын соңына дейін толық игергенін де, тілге деген құрметін де айқын екенін аңғардық. Сұхбатта кеңінен әңгіме­ленген өткір проблеманың бірі – діннің қазіргі ахуалы. Бұл өзекті мәселе төңірегіндегі Елбасының қайратын бүкіл әлем көріп, мойындап отыр. Өзгесін айтпағанның өзінде әрқилы көзқарастағы әртүрлі дін өкілдерін Астанаға жинап, бір столдың басында тоқайластыруының өзі көп нәрсені аңғартады. Діннің жеке тұлғаның ғана емес, қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызы, жастардың әртүрлі теріс ағымдарға еріп, адаспау жолдары жайлы айтқан ойларын ақиқаттың адастырмас ақ жолы деп бағалауға лайық. Сан салалы діннің жолы сан тарау. Сол көп жолда адаспай дұрыс бағытпен жүру аса маңызды. Осы тұста Т.Абдуладзенің: «Бақытқа бастамайтын жолдың қажеті қанша? («Зачем дорога, если она не ведет храму») деген сөзі ойға оралады. Кения мемлекетінің тұңғыш президенті Джомо Кениата (1894-1978) былай депті: «Батыстың адамдары келгенде қолдарында інжіл, ал біздің қолымызда жеріміз болатын. Біздің көзімізді байлап шоқынуды үйретті. Көзімізді ашқанда алақанымызда інжіл, ал олардың қолында біздің жеріміз тұрды». Әркез әрқайсымыздың жадымызда болатын сөз емес пе?! Осы тұста Черчилльдің: «Ақымақтар өз қатесінен, ақылдылар өзгелердің қатесінен үйренеді» деген сөзі ойға оралады. Мына дөңбекшіген дү­ниенің қысқа күнінде қырық құбылған алмағайып, аласапыран уақытта адаспаудың бағытын белгілеп берген бағдаршам болды Елбасының дін жайлы толғанысы. «Алаш­қа аты шыққан адамдар! Кө­семдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан Алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деп еді-ау ақылман Ахаң – Ахмет Байтұрсынов. Н.Ә. Назарбаевтың сөзі мен ісінен ғасыр басында айтылған осы қасиетті сөзді қастерлейтіні анық аңғарылады. Соның айқын бір айғағы – Ұлытаудағы толғаныс. Ұлт ұясы – Ұлытаудағы толымды толғанысында Н.Ә.Назарбаев тіл мен дін ғана емес, ел тарихы, қазіргі экономика мәселелері, Украинадағы шиеленіс тудырған проблемалар, тағы басқа да өмірдің өзекті мәселелерін жан-жақты қамтып, кеңінен толғады. Ұлт Көшбасшысының биліктің биігінде жүрген білімді кадрларға қарата айтқан сөзі Әлихан Бөкейхановтың: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген сөзімен үндес. Ұлттың ұлағатты ұстаздарының бірі Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы қазан айының екінші жұлдызында «Абай» журналында жарияланған «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» - деп жазды. Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойлардың бір парасы осы парасатты пікірді жаңаша жаңғыртып тұр.                                                                          Сәбит Досанов,                                                                         жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты