Стратегиялық институт міндетін атқарып келеміз

6-66 Әлібек АСҚАР, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры:                         СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНСТИТУТ МІНДЕТІН АТҚАРЫП КЕЛЕМІЗ                                  ҰЛТ МӘДЕНИЕТІН ҰЛЫҚТАҒАН КІТАПХАНА – Әлібек Асылбайұлы, ең әуелі Ұлттық кітапхананың қазақ мәдениетінде алатын орны турасында сөз тарқатсаңыз... – Қазақстан Республи­касының Ұлттық кітапханасы еліміздің ең ірі мәдени ақпарат ошағы болып табылады. Ұлттық кітапхананың ұлт мәдениетіне қосып келе жатқан үлесі зор. 1931-жылдың 5-мамырынан бастап жұмыс істеп келе жатқан кітапхана бүгінде өз оқырмандарына жан-жақты мәдени-танымдылық, ғылыми-ағартушылық, әдістемелік, ақпараттық бағытта қызмет көрсетіп келеді. Кітапхананың алғашқы директоры – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов. Бұл еліміздегі оқырман қауымға арналған 1500 орынды жалғыз кітапхана болып саналады. Мұнда күнделікті 14 оқу залына 2,5 мыңдай оқырман келіп, кітапхана қызметін пайдаланады. Ұлттық кітапхана мәдени  мұралар мен маңызды ақпарат  жинақталған қоры бар бағасы жоқ қазына орталығы. Мұнда 6,5 миллион кітап бірлігі сақтаулы. Қазіргі таңда Ұлттық кітапхана толыққанды, өзін-өзі жетілдірген мемлекеттік, мәдени және ақпараттық саясатты таратушы стратегиялық институт ретінде қалыптасты. Кітапхана 29 құрылымдық бөлімнен тұрады, соның ішінде, Кітап қорын толықтыру, Ақпараттық ресурстар, Цифрлық технологиялар, Қорларды сақтау бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазақстан кітаптары, Әлем әдебиеті, Өнер, Мерзімді басылымдар, Анықтама-библиографиялық және ақпараттық жұмыстар, Мультимедиа, Ұлттық библиография, Ғылыми-әдістемелік, Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімі оқырмандарға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Қалпына келтіру және түптеу, Диссертация, Мәдени-бұқаралық және көрме жұмысы, Оқырмандарды тіркеу, Компьютер, Баспа бөлімдері де кітапхана жұмысының алға жылжуына ықпал етіп келеді. – Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімін естігенде кім де болса елең ете қалары сөзсіз. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз... – Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры қызығушылық тудыратыны және ерекше орын алатыны рас. Қорда 30 мыңдай басылымдар, оның ішінде, 1000-нан аса қолжазбалар жинақталған. Сирек басылымдар жиынтығында шығыс қолжазба кітаптары, қазақ кітаптары, ескі орыс баспа кітаптары, Батыс Еуропа елдерінің тілдеріндегі баспа кітаптар, миниатюралық кітаптар, тағы басқа да бағалы басылымдар сақтаулы. Шағатай тілінде жазылған Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтері» (2 қолжазба кітап, XIX ғ.) мен «Рисаласы» (XVIII ғ.), «Насабнама»: Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі туралы шежіре (XVII ғ.), Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтері» (XVI ғ.), Фирдоусидің «Шахнаме» қолжазба кітабы аса құнды қолжазбалар. Сирек қордағы ең көне қолжазба кітап – араб тілінде куфа жазуымен XII ғасырда жазылған Құран кітабы. Сонымен қатар, ең көрнекті, көлемі үлкен қолжазба кітап – араб және парсы тілдерінде жазылған XVIII ғасырдағы Құран кітабы. Бұл бағалы жиынтықта басқа да толық мәтінді Құрандар бар, ислам дініне байланысты және поэзия жанрындағы қолжазбалар да кездеседі. Мәселен, Низами Гәнжәуидің «Хамса» (XV ғ.), Әлішер Науаидың «Диуани» (XVII ғ.) және Сағди, Хафиз, Жами, Физули және бұл қатарға өзге де шығыстың ғұлама-шайырларының туындылары кіреді. Сирек қорда қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің, дана Абайдың, шежірелі Шәкәрімнің жарық көрген басылымдары сақталған. Мерзімді басылымдар қорындағы «Қазақ», «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Правда», «Жетысуйская правда», «Жетысуйская искра» газеттерінің және «Шолпан», «Айқап», «Абай» журналдарының алатын орны айрықша. Сирек кездесетін кітаптар қорына барлық оқырмандардың кіруіне рұқсат жоқ. Тек ғана ғалымдарға, ғылыми ізденушілерге жұмыс орнынан арнайы рұқсат қағаз әкелінген жағдайда ғана кіруге мүмкіндік бар. Тағы да бір айта кетерлігі Ұлттық кітапхананың қаламыздағы Желтоқсан көшесінен бастап, Күләш Бәйсейітова атындағы көшеге дейін екі қабатты жер асты ғимараты бар. Құнды дүниенің барлығы осында сақталған. – Әлібек Асылбайұлы, осынша бай қорды сақтау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? – Қазіргі таңда кітапха­наның кәсіби білікті мамандары кітапхана қорындағы бай мұраны сақтау жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мамандар кітап қоймасы бойынша жан-жақты мониторинг жүргізіп, құжаттарды физикалық, химиялық және биологиялық әсерлерден қорғап, баға жетпес байлығымызды сақтап қалу үшін көптеген шараларды қолға алған. Бүгінгі заманға сай материалдарды қолдану арқылы құжаттарды түптеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ, осы бағытта республика бойынша мамандардың кәсіби біліктілігі мен шеберлігін арттыру мақсатында 2013-жылы кітапханада Жазба құжаттарды консервациялау және реставрациялау мектебі ашылды. Оқу барысында қорларды сауатты және кәсіби тұрғыдан сақтау, қолжазбаларды қалпына келтіру әдістері, түптеу бойынша тәжірибелік курстар тұрақты жүргізіледі. ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯДАН ШЕГІНЕР ЖОЛ ЖОҚ – Бүгінгі күні дәстүрлі кітап оқудың кенже қалып бара жатқандығы алаңдарлық мәселеге айналды. Бұл туралы не айтасыз? – Дәстүрлі кітап оқуды қанша жерден насихаттағанымызбен, шындығын айту керек,бүгінгі таңда бұл үрдіс кенже қалып бара жатыр. Жалғыз біздің елде ғана емес, жалпы әлем елдерінде қалыптасқан жағдай осындай. Бұл ахуал дүниежүзі кітапханашыларын алаңдатып отырған жайы бар. Қазіргі кезде жұртшылық заман талабына сай кітапты да цифрлық жүйе арқылы оқуға бейімделіп келеді. Әйтсе де, біз оқырмандарымызға нағыз кітаптың орны бөлек екендігін түсіндіруден жалыққан емеспіз. Меніңше, қанша жерден электронды жүйе қолайлы десек те, кітапты қолға алып парақтап оқудың әсері өзгеше. Өйткені, кітаптың өзінің иісі қандай ғанибет десеңізші! Кейбір оқырмандарымыз кітапханаға кітаптың исін сағынып келетіндігін де жасырмайды. Оған қоса оқырмандар кітапхана қызметкерлерінен кеңес алып, бір-бірімен ой бөлісе алады. Қазір жұрт «бұрындары елдің бәрі кітап оқитын еді» дегенді алға тартады. Жоқ, осыдан біраз уақыт бұрын да жұрттың бәрі жүз пайыз кітап оқыған жоқ. Басылымдардың тиражына қарап, елдің сауаттылық деңгейін анықтаған кездер де болған. Кезінде 30 мыңнан астам тиражбен жарық көрген қазақ кітаптарының біраз данасы пайдаланылудан шығарылып отырған. Сондай-ақ, ел егемендігін енді ғана алған тұста да миллиондаған кітаптар осындай күйді кешкен еді. Бірақ, бұрын халықтың бүгінгіге қарағанда, кітапқа деген қызығушылығы жоғары болғаны ақиқат. Өйткені, техника да, ғаламтор жүйесі де, дәл бүгінгідей дамымаған болатын. Біз ескі дәстүр бойынша кітап оқуды ғана насихаттай беретін болсақ, замана көшіне ілесе алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан, электронды кітапхана қызметін дұрыс пайдалануды, дамытуды да жүйелі түрде жүзеге асыруымыз қажет. Дәстүрлі кітап оқу мен электронды кітап оқуды қатар дамытуымыз керек. Себебі, бүгінгі күні цифрлық технологиядан кері шегінер жол жоқ. – Электронды кітапхананың жұмысын жүйелі түрде жүргізу үшін қандай шаралар атқарылуда? – Техника мен технология­ның дамыған заманында оқырмандарға дәстүрлі қызмет көрсетумен бірге, электронды кітаптарды да ұсынуға мүмкіндігіміз бар. Ұлттық кітапхана 2002-жылдан бастап электрондық кітапхананы қалыптастыру жұмысын жолға қойған. Қазіргі таңда «Қазақ кітаптары» электрондық каталогы және «Қазақстан: өткені мен бүгіні» атты библиографиялық мәліметтер базасын толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Кітапхана сайтында орналасқан «Қазақстанның қазіргі заманғы әдебиеті» электронды кітапханасы онлайн режимінде пайдаланушыларға қазақстандық кітап қорын еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Кітапхананың  www.nlrk.kz сайты электрондық каталогтарға және ақпараттық ресурстарға қол жеткізу мақсатымен ұйымдастырылған бірыңғай ақпараттық жүйе болып табылады. Веб-сайтты жыл сайынғы қолданушылардың саны 1,5 миллионнан астам адамды құрайды. 2013-жылы қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана­сының ақпараттық жүйесінің қорын ұлғайту жобасы аясында кітапханамызда Құжаттарды цифрлық түрге көшіру орталығы құрылды. Орталық қазіргі кезде «Қазақстан кітаптары» мұрағаттық қорындағы басылымдарды, соның ішінде, сирек кездесетін басылымдар мен қолжазбаларды цифрлық форматқа көшірумен айналысуда. Электронды кітаптар қордағы жалғыз дана басылымдарды, жиі пайдаланатын кітаптарды тозудан, зақымданудан сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құжаттарды электрондық жеткізу қызметінің көмегіне жүгіну арқылы олардың көшірмелеріне қол жеткізу үшін электронды пошта арқылы тапсырыс беруге де болады. БАСТЫ МІНДЕТ – ОҚЫРМАН ОЙЫНАН ШЫҒА БІЛУ SAM_2997 – Кітапхананың оқырмандар құрамы қандай? – Ұлттық кітапхана оқыр­мандарының негізгі құрамы ғылым мен өндірістің түрлі саласының мамандары, аспиранттар мен ізденушілер, ғы­лыми қызметкерлер, жоғары және кәсіби оқу орындарының оқушылары және зейнеткерлер. Бүгінде кітапхананың 40 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Күн сайын кітапханаға 2-2,5 мың оқырман келеді. Бүгінгі таңда кітапханаға келуші дәстүрлі оқырмандармен қатар виртуальды, яғни қашықтықтан ғаламтор арқылы пайдаланатын оқырмандардың қатары 3-4 есеге артып отыр. Олар Ұлттық кітапхананың сайтында орналасқан электронды каталогтарды пайдаланады. – Бүгінгі оқырманның қай саладағы әдебиеттерге сұранысы жоғары? – Оқырмандар сұранысы әр алуан. Олардың әрқайсысын әртүрлі тақырыптар қызықтырады. Қазақстан кітаптары бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың жыр-дастандары, Мұхтар Әуезов шығармалары, Абай өлеңдері көп пайдаланылады. Қазіргі оқырмандарды көп томдықтар да қызықтырып отыр. Тарихи кітаптардан Шыңғыс хан мен Қазақ хандығына қатысты кітаптар сұранысқа ие. Әлеуметтану, саясаттану, философия, психология, тіл білімі салаларындағы кітаптар көп сұралады. Әлем әдебиеті бөлімінен сөздіктер, ағылшын тілінің грамматикасы, аударма ісі, ағылшын тіліне аударылған қазақ кітаптары сұралса, орыс тіліндегі әдебиеттерден психология, саясат, көркем әдебиет пен тарихи кітаптарға сұраныс көп. – Оқырмандарға қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? – Менің түсінігімде кітапхана деген тек ғана кітап оқитын орын болмауы керек. Бұл жер халықтың қайнаған ортасы болуы керек. Бұл тұрғыда біз де жұмыс жүргізіп келеміз. Түрлі тақырыптағы мәдени іс-шаралар, зиялы қауым өкілдерімен кездесу тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бірінші кезекте кітапхананы безендіру жұмыстарын жандан­дырмақпыз. Кітапхананың кіреберісіне түрлі суретшілердің туындыларын, кітапхана тарихынан сыр шертетін фотосуреттерді қоюды жоспарлап отырмыз. Кітапханаға оқырмандар бас сұққанда, оның іші көз тартарлықтай болса, мұның өзі жанға жайлы әсер қалдыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, оқырмандарымыз кітапханаға өздеріне қажетті мәліметтерге қол жеткізіп қана қоймай, кофе ішіп тынығуына да жағдай жасау жоспарымызда бар. Яғни, кітапхананың бір бұрышынан кофехана ашуды да қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, кітапхана­ның қызмет көрсету сапасын арттыру үшін оқырмандарға әлеуметік сауалнама жүргіз­бекпіз. Түрлі сауалдар қою ар­қылы оқырманның пікірімен санаса отырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуды жолға қоймақпыз. Сондай-ақ, Ұлттық кітапхана оқырмандардың кітапханаға келуіне мүмкіндік туғызу үшін жексенбі күні де жұмыс істеуді қолға алдық. Тағы да айта кетерлік нәрсе, таяу уақытта оқырмандарымыз тегін ғаламтор жүйесін қолдануға мүмкіндік алмақ. Өзінің білімін жетілдіремін деген әрбір оқырманға жанға жайлы жағдайдың барлығын жасауға тырысып жатырмыз. Кітапханаға бас сұққан әрбір жан, өзіне керекті кітапқа, газет-журналға қол жеткізіп, тыныш әрі жайлы орында жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Жоғарыда айтқан бірқатар жоспарымыз жүзеге асса, онда кітапханадан жұрт іздегенінің бәріне қол жеткізеді деген ойдамын. Біздің ұжымымыздың да басты мақсаты – оқырманның ойынан шыға білу. Оқырмандарға қызмет көрсету сапасы арта түссе, мұнда келушілердің де қарасы көбеймек. – Әлібек Асылбайұлы, бүгінгі жастар кітап қадірін қаншалықты ұғынып жүр? – Жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің дені өздеріне берілген тапсырманы орындау үшін ғана келеді. Яғни, мұнда келіп, курстық, дипломдық жұмыстарын жазу үшін ізденеді. Өкінішітісі сол, дипломдары қолдарына тигеннен кейін оларды кітапханадан табу қиын. Қазір жастардың көпшілігі ғаламтор арқылы электронды кітапхананы қолданады. Бұл тұрғыда айта кететін маңызды мәселенің бірі – оқырмандарымызды көркем әдебиет оқуға баулудың қажеттілігі. Өзіне қажетті мәліметтерге, кітаптарға қол жеткізу үшін кітапханаға кез-келген адам келеді. Бірақ көркем әдебиет оқып, рухани байлыққа кенелгісі келетіндер саусақпен санарлық. Көркем әдебиет оқу арқылы адамның жан дүниесі рахатқа бөленетінін оқырмандарымыз ескерсе екен деймін. Әсіресе, бұл тұрғыда жас жеткіншектерді әдеби кітаптар оқуға баулу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесінің бірі. Өйткені, қазіргі кезде, жастардың дені өмірге өте жеңіл көзқараспен қарайды. Ал, егер де көркем дүниені оқуға дағыланса, түрлі тағдырмен бетбе-бет келуі арқылы өмірге бейімделер еді. Өскелең ұрпақты саналы етіп өсіргіміз келсе, онда кітап оқуға үндеуіміз керек. Үлкен өмір жолына енді ғана қадам басқан жастарымызға ата-аналары, ұстаздары «білімнің көзі – кітапта» екенін саналарына құйып отырса, құба-құп болар еді. Кітап оқу мәселесіне келгенде ата-аналар өздері ұл-қыздарына бірінші кезекте үлгі көрсетулері қажет. – Ұлттық кітапхананың өзге елдердегі әріптестерімен байланысы қандай? – Жақында ғана Ұлттық кітапханаға Қазақстан Республикасындағы Пәкістан Елшілігінің Әскери атташесі, бригада генералы Шахид Джавад Хан жұмыс сапарымен келді.Кездесу барысында ынтымақтастықтың мәдени-гуманитарлық саласы, кітапханадағы Пәкістан кітап бұрышы қызметінің даму мәселелері талқыланды. Екі мемлекеттің халықаралық байланыстарын нығайтуға және дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру ұсыныстары қарастырылды. Шахид Джавад Хан Ұлттық кітапхананың қызметіндегі инновациялық тәсілдерді, оқырмандарға қызмет көрсетуді, кітап топтамаларының бай қорын атап өтіп, кітапхана ұжымының қызметіне ерекше ризашылығын білдірді. – Кітапханада оқырмандарға арналған іс-шаралар жиі өткізіліп тұра ма? – Оқырмандарға арналған мәдени іс-шаралар біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Жаңа кітаптардың тұсаукесерлерін, дөңгелек үстелдер, ақын-жазушылармен кездесулер, еске алу кештері, конференциялар мен тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. Бұл оқырмандарымызды тартуға, тікелей араласуға жол ашады. Жақында жазушы, аудармашы Герольд Бельгердің 80 жасқа толуына орай әдеби кеш өткізілмекші. Сондай-ақ Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 90 жылдығына арналған жаңа альбомның тұсаукесер рәсімін өткізуді де жоспарлап отырмыз. Тағы да бір айта кетерлік маңызды шараның бірі – қала көлемінде 15-қазан күні Алматы қаласы кітапханалары күні ерекше аталып өтіледі. Биыл аталмыш мереке күндері «Алматы қаласы – достастықтың мәдени астанасы» атты үлкен іс-шара – халықаралық кітапханалық конференция ретінде ұйымдастырылмақшы. Мәні мен маңызы жоғары мәдени шара Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өтеді. – Әңгімеңізге рахмет!                     Сұхбаттасқан                     Гүлмира САДЫҚОВА