ТАУДАН ТҮСКЕН АДАМ. Қонаевтың туған күніндегі Соқпақбаев "содырлығы"

Б Сокпакбаев             ГҮЛ АЛАҢЫ. «АҚҚУ» КАФЕСІ – Иә. Мен іздедім. Уақытың бар ма? Онда қазір жолығайық. Комсомол мен Мирдың қиылысына жарты сағатта кел. Арғы сөз естілмей кетті, автомат-телефон сақұр-сұқыр етті де, үзіліп қалды. Ол кезде мен Фурманов пен Ташкент көшелерінің қиылы­сындағы екі бөлмелі үйде тұрамын. Троллейбусқа міндім де айтқан жеріне әп-сәтте жетіп барсам, Бердібек Соқпақбаев күтіп тұр. Көкшіл, сарғыш жолақтары бар шолақжең көйлек, жеңіл шалбар, қайыс шарқай киген жазушының тығыз қалың бұйра шашының самайына ғана түскен бірер тал ақ болмаса, өзге міні жоқ, қырықтың бел ортасындағы қылшылдаған қылыштай жігіт ағасы ойнақшыған жарау аттай, жүріс-тұрысы сергек, екпінді, батыл. Анық сенбісің дегендей өткір көздерін қанжардай қадап, ай-шайға қаратпай, өзі сөйлеп, дөңгелетіп әкетіп барады. – Мен кеңсе қызметінде қазір жоқ кісімін. Анда-мында не болып жатыр, соған қызықпаймын да, сондықтан, көп нәрседен хабарсызбын! Машқар Гумеров деген балалар жазушысы бар, білесің бе? Өзі Башқұртстанда туған, молданың баласы, ұлты татар болғанымен, қазақ ауылында өскен, қазақша жазады. Пейілі түзу адам. Анау-мынау хабарды анда-санда сол айтып тұрады. Сол кеше телефон соқты. Сүйінші бер дейді. Мақталдың дейді. Жуасың дейді. Бір сөзін ұқсам бұй-ырмасын. Ақыры түсіндіріп, жеткізіп берді. Жыл қорытындысының жиналысы болған екен ғой. Ондай жиналыстарға кезінде мен де барғанмын. Шалқақтап Сәбит, ыңыранып Ғабит, ернін жымырып Ғабиден, айқайлап Тахауи, бақайының басына қарап Әбдіжәміл, одыраңдап Олжас келеді. Біздің жазған-сызғанымыздың мазмұнын айтып беруді ғылым санаған, кейбір сөмке сүйреткендерін жанына ертіп, екі қасының арасы қосылардай болып түйлігіп Мүсілім шығады. Осы жиналысқа қатыспаса бірдеңеден құр қалатындай жініккен, жазушы­лыққа үш қайнаса сорпасы қосыл­май­тын адамдар қаптап кететін. Сұлу әйелдер, сыпа жігіттер, баспагерлер, журналистер, студенттер, пенсионерлер. Әрқайсысын өз орнына шегелеп тастаған, өзгермей, құлаш-құлаш тізімдері бар, соцреализмді мадақтайтын баяндамасын Мұқа­мет­жан баппен, салмақпен оқыса, оның ізін баса шыққан інілері Серік, Зейнолла, Баламер, Рахманқұл, Тұрсынбек саясаттың түбін түсіреді. Бұрын сан рет естіген, талай құлақ­ты жауыр қылған сөздер. Бірер сағат тыңдағаннан кейін, әбден мезі боп, шыға қашқың келеді. Сол уақта бір тентек шығып, өзінің мақталмағанына қарсылық білді­реді, бір тентек шығып, біреудің жағасынан алады. Бір тентектен кейін бір тентек. Шығарма талдау, әдебиетке баға беру жағы азайып, жағаға жармасу жағы кейде бел алып кететін осындай жиналыстардан алыс жүргенді мақұл көрдім. Анау Машқар менің сол мінезімді білмейтіндей сөйлейді: «Келгеніңде жақсы болатын еді, керемет мақ­талдың, жылдың ең үздік романы деп «Өлгендер қайтып келмейді» аталды. Жылда кітабы шығатын анау тақыр бас прозашы: «Әй, бала, Байтанаев, Жұмақанов, Бақбергенов се-кілді ағаларыңның шығармаларына соншалықты шүйліктің, сонда шынымен «Өлгендерді» үздік туынды деп санайсың ба?», деп баяндамашыны қылқындырғандай болған-ды, жас жігіт те таймастың өзі екен: «Әділін айтқанда, «Өлгендер қайтып келмейді» бір жылдың емес, көп жылдың үздік туындысы, кезеңдік шығарма, қазақ прозасының мазмұндық-формалық жаңа үлгісі», деп сөзінен қайтпай, қайта бұрынғыдан бетер өршеленіп кетті дейді Машқар. Осының рас-өтірігін өз аузыңнан естиін, – деп Бердібек бағанадан айтып келе жатқан әңгімесін шорт үзіп бетіме қарағанда, Жазушылар одағының алдындағы Гүл алаңын айналып жүргенбіз. – Татар досыңыз әдеби жыл қорытындысында болған нәрселерді дұрыс жеткізген, – дедім бұрын жүздесіп, көп сөйлесіп көрмесем де, сырттай шығармалары арқылы ғана таныс талантты ағаның алдында бой сақтап. Бұл сөзге айызы қанбаған Бердібек қайтадан өзі сөйлеп кетті. – Сендер, батыстың қазақтары деймін, бауырмал келесіңдер. – Мен батыстың қазағы емеспін. – Қой-ей, қалай батыстың қазағы емессің? Бас-аяғың түгел Ғали. – Мұның мәнісі былай, Беке. Баяғы «Ақтабан-шұбырындыдан» кейін қазақ есін жиып, бұрынғы мекеніне Арқа, Тарбағатай, Алтайға қайтқан кезде арғын, найман, кереймен қоса, алшын, үйсіннің де кейбір ұрпақтары жаңа жерлерге бет бұрған. Біреу еліне өкпелеген. Біреу жаңа өріске қызыққан. Сондай шағын көш жағалбайлы, қаңлы әулеттері біздің ата-бабаларымызбен Қарқаралы, Дегелеңнен қоныс тепкен. Менің әкемнің шешесі – әжем Рабиға деген кісінің сүйегі жағалбайлы. Бойы ұзын, тарамыс қара кемпір еді. Ел-жұртты аузына қаратқан домбырашы. Тоқсан асып, біз ес білгенде қайтыс болды. Сол жарықтық өзі тапқан ұлдарына Нұрғали, Бекқали, Оразғали, Молдағали, Заманғали деп ат қойғаны аздай, қыздарына Шәбілғали, Аққали деп жер-көкте жоқ, қыз балаға қоймайтын аттарды қойыпты. Немерелері де түгел Ғали: Тұрсынғали, Рымғали, Жеңісқали, Айғали. Менің аға-інілерімнің тұсында ғана Ғалилардан құтылдық, – дей бергенімде, Бердібек ішек-сілесі қатып, айқайлап, мәз болып: – Ойбай-ау, сенің әжең Колхозбек, Совхозбек, Моторбай, Фермахан, Коммуна, Сиез, Мэлстерден асырып жіберіпті ғой, – деп дауысы қатты шығып кеткенде, қасымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар күлкімізге разы болып, қандай уайымсыз кісілер дегендей жалт-жалт қарап қалған. – Мен сені батыстың жігіті деп ойлағам. Лайық болсам да, болмасам да Тахауи жүрген жерінде мені мақтайды. Бір сөзіне сенсем де, бір сөзіне сенбеймін. Артықтау айтатын шығар досы болған соң деймін. Екінші жағынан қатар жүрген соң бағаламаймыз. Зор дарынды, мол білімді сұрапыл адам. Орысша кетсе, жебірейдің өзін жаңылдырады. Мінбеге шықса, шешендігі қандай. Проза секциясының бастығы сол ғой. Інісіне мені тапсырып, Тахауи мақтатты деп ойладым. Сонда сен өзің сеніп мақтадың ба? – деп Бердібек бетіме бажырайып тұр. Алғашқыдай емес, өзіне, айтқан сөздеріне бойым үйреніңкіреп қалған. Б Сокпакбаев-4– Шайнап бергенді ойланбастан қылғытып жұта салатын бала деп ойлағансыз ғой. – Өй, сен түгіл талай бастық көмекшілері онан, мұнан көшіріп, қиыстырып берген нәрселерді өз бастарынан шыққандай етіп, ойланған, тол­ғанған болып мінбеге шығып, күнде оқып, газетті былай қойғанда, кітап етуді дағды қылып алды. Сөзге иелік, ойға иелік, пікірге иелік жойылып, көзге көрінбейтін, тасада тұрған біреулердің күшімен, дарынымен жасалған көсемдік пайда болды. Миллиондарды қырып тастаған, жердің тегершігін кері айналдырған анау Жезмұрттың бар оқығаны діни семинария десек те, барлық сөзін өзі жазған. Қазір қоқиып, кресло мінгеннің дастарқан басында айтылатын тосын, өлген кісіге жоқтауын, жиналыстағы баяндамасын дайындап беретін бір-бір құлаққа сыбырлайтын кеңесшісі, құлақкесті құлы бар, – деген Бердібектің басқа жерде айтыла бермейтін, оқыс байламдарын тежемек ниетпен сөзін бөлдім: – Беке, менде оның екеуі де жоқ. Не айтсам да, не жазсам да мына шақша бастан шыққаны. Гүл алаңының ортасындағы граниттен қашалып биік тұғырға орнатылған шойыннан құйылған, аспан зәулім, оң қолын созып, болашақты мегзеп, шабыттанған Ленин ескерткішінің маңайы кептерлерге жем шашқан, улап-шулап жүгірген бүлдіршіндер мекені; одан әрірек, тыныштау орындықтарда бастары қалтылдаған зейнеттегі кемпір-шалдар, қаға берістеу көлеңкеде әрлі-берлі өткендерге пысқырып та қарамай, бірін-бірі тізелеріне отырғызып, қысылмай құшақтасып, еркін сүйісіп, мауыққан мысықтай көздері жұмылып кеткен ғашықтар. Ағаштары бойлап өскен, сан алуан гүлдері неше түрлі иіс шығарып құлпырған, жиек-жиегінде сылдырап су аққан бұл жер алаң емес, үлкен сквер, кішігірім бақ, қаланың дабыр-дұбыр, у-шуынан қашып, салқын, тыныштық іздеген кәрі-жасты көресің. Әсіресе, жолдың арғы бетінде тұрған Жазушылар одағында, сол ғимаратқа орналасқан газет-журналдарда, баспаларда істейтін қаламгерлер қолдары қалт етсе, біресе жалғыз, біресе топ-топ болып, әңгіме-дүкен құрып, осы маңда жүреді. Бұлардың да өздеріне тән секілді болып кеткен негізгі аймағы бар. Ол бақ шетіндегі қолдан жасалған хауызда екі аққу жүзіп жүретіндіктен, «Аққу» аталған, буфетінде түрлі арақ-шарап, сыра, жеңіл-желпі тіскебасар, кофе, шай сатылатын кафе. Сексеуілдің шоғына пісетін кәуаптан ет, сарымсақ, бұрыш, түтін иісі шығып, алыстан мұрын қытықтап, ауыздан су ағызып, өзіне тартатын сиқыры бар сияқты. Сыртқа қойылған жеңіл, таза үстелдерде шоқ-шоқ болып, гу-гу әңгіме соғып отыратын қаламдастар жиі бас қосатын қолайлы, арзан, ауыз жылытып, жүрек жалғайтын бұл нүктеде бәрі оңай, бәрі тез; сарғайтып күткізіп қоятын әрі қымбат ресторан да, ішімдікке тыйым салып қойған асхана да емес. Соған баратынымызды іштей біліп келемін. – Коньяк? Арақ? Шарап? Сыра? Қанша? – деді Бердібек құйрық қалтасынан көнетоздау, әр жері қажалған әмиянын суырып, ішінен ақша алуға бейімделіп. – Өзіңіз? – дедім. – Маған бәрібір ғой. – Бүгін сабағым бар. Елу грамм коньяк алсаңыз жетеді. Жуантық денелі, бет-аузы түгел күліп тұратын буфетші аға­мызды таниды екен. Әп-сәтте айт­қа­нымызды алдымызға әкеп қойды... Бердібек екеуміздің танысып, ұзақ жылдар ағалы-інілі кісілердей сыйласып, аралас-құралас жақын­дасып кетуімізге дәнекер болған жетпіс жетінші жылғы әдеби жыл қо­рытындысында жасалған баян­да­мадағы «Өлгендер қайтып кел­мейді» романы туралы мәтін «Қазақ әде­биетінде», «Лениншіл жаста», бір жинақта, менің кітабымда басылып шыққан сайын «Аққу» кафесіне ба­рып, қайта-қайта жууға сылтау болды. ҚОНАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІНДЕ Сағат он бірдің кезінде негізінен зейнеткерлер және мен секілді қолы бостау адамдар қыдыратын. Мұхтар Әуезов музей-үйінің алдындағы қыста қарға толып қалатын фонтанды енді айнала бергенімде, атымды атап айқайлаған жіңішкелеу таныс дауыс естілді, жалт қарасам, Бекең – Бердібек Соқпақбаев. Өз қатарластары секілді қабат-қабат қалың киіну, әйтпесе ұзын пальто, шұбатылған тон сүйрету дағдысында жоқ, серуенге лайық, адамды тоңдырмайтын да терлетпейтін бойына шақ шолақ күртеше, кендір шалбар (джинсы), аяғында көбінесе кроссовка, бас киімі де жеңіл, жылы, жүннен жасалған тоқыма. Тез, ширақ жүреді, танымайтын адам зейнеткер деп емес, бокс па, гимнастика ма тренері деп қабылдаса болатындай. Кейде қолында бұтақтан жона салған таяғы болады. Қашанғы дағдысымен қолғабын шешіп, ып-ыстық, жігерлі алақанымен қолымды қатты қысып амандасты да: – Бір қызық оқиға болды, бала, мен саған соны түп-түгел айтып берейін, өзге әңгімеге содан кейін оралармыз, – деп бір күліп қойып, дәл қазір кіріспесе ұмытып қала­тындай, асығыс сөйлей бастады. – Әнеу күні осы көшенің бойымен Комсомол көшесіне дейін бір барып, қайтадан айналып, Шевченкомен енді төмен түсе бергенімде, бір топ жігітке жолығайын. Өзіміздің жігіттер, жазушылар ішіндегі үлкені ыздиған Балғабек, одан кейін шіренген Сейдахмет, одан кейін томпиған Тұманбай. Бас-аяғыма ұнатпай бір қарап шыққан Балғабек: – Әй, Беке, сенделбай жүріспен қанша туфли тоздырдың екен? – деп қалды. – Қырық жыл бойы тырп етпей шалбардың артын тоздырып, бір босағаны күзетіп отырғанда саған шыққан мүйіз қайсы? Қаттырақ айтып жібердім бе, Балғабек басынан көп сөз асырмайтын, үлкен мансаптағы, ресми қызметтегі адам ғой, қайтарған жауабымды ұнатпай, түйіліңкіреп қалды. Оны сезе қойған Сейдахмет сөзге араласып: – Туфли де, шалбар да табылар, жақсы ағалар аман болыңдаршы осы, – деді екеумізді бітістіргендей. Содан кейін маған қарап: – Беке, бүгін қазақ үшін тамаша, айтулы, ғажап күн ғой, – деді. Мен әуелде бұл сөздің мағынасын түсінбей қалдым. – Қандай күн еді, қаңтардың көп күнінің бірі емес пе? – Бұл дүниеден мүлде аулақ жүретін, қайран Бекем-ай, – деп сөзге Тұманбай араласты. – Бүгін Димекеңнің, Қонаевтың туған күні. Құттықтауға бара жатырмыз. Мен аңтарылып тұрып қалдым. Шынында ол датаның маңызын, тарихилығын білмейді екенмін. Сейдахмет мені қолтықтап, зорлап жетелегендей болып, өздеріне ілестіре бастады. – Жүріңіз. Бірге барамыз. Құттықтаймыз. Ақсақал қуанып қалады, енді екінші қолтықтан Тұманбай алсын. Үйіне барып, туған күнімен құттықтамақ түгіл, өмірімде ол кісіні екі қадам қашықтықтан жақын көрген адам емеспін. Аяқ астынан бүйткенім ешбір қисынға келмейді. Тіпті барған күнде, бейтаныс мынау қайдан жүр деп жақтырмаса, намыстан өлмеймін бе? Жоқ, баруым дұрыс емес деп қарсыласқаныма қарамай, аналар аяқ-қолымды жерге тигізбей, жұрттың бәрі сыртынан жақсы білетін Димекеңнің үйінен бір-ақ шығарды. Есік ашық тұр. Дәлізде Димекең­нің өзі қарсы алды. Үстінде сұрша, тығыз матадан тігілген, жағасыз желетке. Тамағына дейін түймеленетін қызыл күрең көйлек, қыры сынбаған қара шалбар, түсі кетпеген, сынып, мы­жыраймаған туфлиі аяғына құйып қойғандай жарасымды екен. Көңіл-күйі жайдары, жүріс-тұрысы ширақ. Сексенге кірді дейтіндей емес. Бізді кабинетіне қарай өткізді. Қабырғаның барлығында кітап сөресі. Көзім шалып отыр. Дүниенің барлық саласына арналған сан алуан еңбектерді талғаммен, білікпен жинаған. Менің кітапханаға көзімді тігіп, басқа сөзге онша мән бермей отырғанымды сезді білем, Димекең әңгімені жаңа арнаға бұрды. – Бұрын жұмыс қол тидірмеді ғой. Қазір күндіз-түні сырласым да, мұңдасым да осы кітаптар. Қашан барасың, қанша аласың өз қолыңда. Бұл кітаптар бұлданбайды, ананы айттым, мынаны айттым деп, бәлсінбейді. Барлық сырын ішіне бүгіп, оқырманын күтіп тұра береді. Біздің байлық осы. Бәріңнің де өз қолдарыңмен жазып берген кітаптарың бар. Мен ондай еңбектерді түгел жинап, сөреде сақтаймын. Кітап бермейтін сараң мынау Бердібек, – деген кезде мен іштей ойладым: «Үйіңізге бірінші рет жігіттердің зорлығымен әрең келіп отырмын. Алдыңызға барып көргенім жоқ. Сонда кітапты қалай беремін», – деп. Бірақ жұмған ауызды ашпай, әдеп бағып отырмын. Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын сылдыратып ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды: – Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа». Парижге барғанда Мұх­тардың «Абай жолын» және сенің осы кітабыңды сыйлаған, – де­генде басым айналып, құлағым шыңыл­дап кеткендей болды. Жігіттер: – Кәні, кәні? Көрейікші, – деп барып, аяғында: – Ойбай, Беке, мынау керемет жаңалық қой, жуу керек, – десіп шулап кетті. Кітап қолыма тигенде, қуаныш­тан қаным тасып, жүрегім лүпілдеп соғып, бетім қызара бастағанын сездім. Ол кезде Алматы түгіл, Мәскеу баспаларының жағдайы аса мәз емес, кітап көбіне қоңырқай, газет қағазына басылады, мұқаба қалың қағаздан, ұзаса картоннан, анда-санда көзі тірі классиктердің қолы маталы, тері мұқабаға әрең жетеді. Қолыма ұстап отырған дүниенің авторы өзім екеніне көзім сенсе де, көңілім сенбей, сәбиін еркелеткен ана іспеттес пейілде кітаптың аппақ сүттей қағазға басылған беттерін парақтап, мұқабасын сипалап, суретші келістіре салған Алатау тарабына, Қожа, Сұлтандар бейнелерін қарап отырыңқырап қалған күйімді аңғарған Димекең: – Өй, Бердібек, жоғалтқан ботасын қайтадан тауып алған інгендей еміреніп отырсың ғой. Бұл кітапты бұрын көрмеп пе едің? – деді. – Шыққанын естігенмін. Кітапты бірінші көруім. Басқа да аудармалар қолыма тимейді. Шетелден қа­ламақы да келмейді. Ол жаққа ба­рып алатын Тахауи, Әбдіжәмілдер ғой. – Мен біреудің берген сыйлы­ғын екінші қайтара басқаға берген адам емеспін. Сен қанша қызық­қанмен, бұл кітап өз орнына барып тұрсын, – деді үй иесі французша «Қожаны» сөредегі орнына қайтадан қойып. Димекеңнің анда-санда тұрып, жеке адамдардың қасына барып, иығына қолын салып, еркелеткендей етіп, жылы сөз айтатын мінезі бар екен. Бір кезде жазушылар отырған жерге қарай жүрді. Мен ойлап отырмын: қызмет бабы жоғары Балғабекке, не атын күнде аузынан тастамайтын Сейдахметке, не жаңа ғана қатырып жазылған арнау өлеңін нәшіне келтіріп оқыған Тұманбайға тоқталатын шығар деп. Біреуі де болмады. Екі қолын екі иығыма салды. Алақандары ауыр әрі ыстық екен. Сөйлей бастады. – Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек... Бала-бозбала кезімде Қасым Аманжоловтан, қазір Тахауи Ахтановтан, кейінгі інілерімнен естіген ауызша мақтау сөздердің көбін көңіл көтеру үшін айтыла салған көпшік деп қабылдап, артынан ұмытып кететін аңқау басым мына сөздерді естігенде, шошып кеттім. Басқа-басқа, айтып тұрған кеше көсеміміздей көрген – Қонаев. Қатты қысылып, орнымда отыра алмадым. – Ойбай, Димеке, қойыңыз, – деппін сасқанымнан. – Тұра тұрғын, інім, мен әлі айтып біткенім жоқ. Мен жаңа мұның французшаға аударылған «Қожасын» көрсеттім ғой. Сол бойынша түсірілген фильмі Канн фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алған. Білетіндер, менің кинооператор құрдасым Ескендір Тынышпаев айтады. Ол «Оскарың», тіпті әдебиеттегі Нобеліңнен бірде-бір кем емес деп. Мына сөздерді естігенде, буын-буыным босап, тамыр-тамырым түгел иіп, көз алдымнан қызыл-жа­сыл сәулелер жүре бастағандай болып кетті. – Мен осы классик жазушы Бердібек Соқпақбаев үшін көтеруді сұраймын, – деп оймақтай рюмкасын көтеріп қарап тұр. Мен арақ, шарап, сыра атаулыны тастағалы қай заман. Оның бәрі ұмытылды. Кеше ғана сылқиып тойып алып, енді бас жазуға асыққан адамның өзіме жақсы белгілі күйіне түстім. Арақ па, коньяк па, виски ме, білмеймін, алдымда тұрған бір рюмка ішімдікті алды-артыма қарамай тарттым да жібердім. Басыма бірден шапты, маңдайдан тер бұрқ ете түсті. Мақтау сөздер құтыртты ма, көптен ауызға алмай кеткен ішімдік желіктірді ме, сөйлегім кеп, сөйлегім кеп қопаңдап, ақыры шыдай алмай, қолымды ербеңдетіп орнымнан атып тұрдым. Менің бірдеңені бүлдіретінімді сезді білем, үш жазушы да жаратпай ала көзбен қарады, сол-ақ екен тіпті құтырып кеттім. – Әрине, бұлар менің сөйле­генімді ұнатпайды. Есептері түгел. Атақ десең атақ, мансап десең мансап, үй десең үй – бәрі осыларда, Димекең мен Байекеңнің дәуірі дүрілдеп тұрғанда талай алдарына барған, сұрағандарын алған, – дегенімде біреу жақтырмай тыжырынып, біреу құптағандай күліп отырды. – Сен неге бармадың, сен неге алмадың? Мына сөз қотырдың аузын жұлып алғандай, қайтадан өрекпіп, ешкімнен рұқсат та сұрамай, тіпті айғайлап, шәңкілдей жөнелдім. – Мен Қазақстан түгіл одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Отыздың ішіндемін онда. Азия, Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Бұрынғы бұрыш-бұрыштан пәтер жалдап, сылқита сыра ішіп жүрген күндеріме зар боп қалдым. Кітап басылуы да тоқталды. Атым тізімге қосылмайды. Айналайын орыстарым болмаса, аштан өлетін едім. Әлгінде бәрің жабыла мақтап жатқан «Қожаны» қорғайтын қазақтан біреу табылмай, Мәскеуде жарияланғаннан кейін көзім аздап ашылды. Бірнеше қайтара басты, көп тілдерге аударды, қалтамды толтырып қаламақы берді, – деп шайқақтап тұрғанымда Димекең сөзімді бөлді: – Әй, Бердібекжан, сен жазушысың, қазақтың «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөзін жақсы білсең керек. Не кемістігің бар, үйің жоқ па, атағың жоқ па, құрметтен кендемісің? – деп мені жұмсақ жымиып сабырға, бәтуаға шақырғандай болды. Мен тағы бұзылып бара жаттым: – Бір әйелім, үш балам, екі бөлмелі үйім, «Жигулиім», бұрын жазған кітаптардан басқа түгім де жоқ. Тіпті ең аяғы кәсіподақ берген мақтау қағаз да бұйырған жоқ. Димекең тағы араласты: – Менде қазір бір әйел де жоқ, шырағым. Тәубе, бір кісідей өмір сүріп жатырмыз. – Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол-ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз өтірік. Барлығы өтірік. Кітап өтірік. Газет өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас өтірік. Өтірік, өтірік. Бәрінен жалығып кеттім. – Өй, мына тентек не деп кетті? Бәйкен екеуміз ештеңені ала кеткен жоқпыз ғой. Қалды бәрі. Жарты мыңдай Жазушылар одағы мүшелері бар екенсіңдер, маған келсеңдер де, Бәйкенге келсеңдер де сұрағандарыңды бердік, нәубез қалған кісі жоқ. Ал енді саған көмек жасай алмасақ, онымыз дұрыс болмаған. Ол қатені қазіргі бастықтар түзейтін шығар, – деп Димекең қайтадан қасыма келіп: – Дүниенің бәрі өтірік емес, інім. Дүниеде жақсылық пен жамандық, достық пен опасыздық, қайыр мен қатыгездік, ұят пен арсыздық, кедейлік пен байлық, қамқорлық пен озбырлық қатар жүретіндігіне менің көзім әбден жетті. Адам ретінде соны ұға білу аз, көтере білу керек, бауырым, – деп арқамнан қаққанда, мен жылап жібердім. Сірә, мас болып қалған шығармын. Бұдан кейінгі нәрсенің бәрі сағым ішіне кіргендей бұлыңғыр: біреулер тілек айтты, Бибігүл ме, Ермек пе, ән салғандай, қалай тарастық, қашан үйге қайттық, біреуі анық есімде жоқ. Ертеңіне бас жазылып, қалпыма келгендей кезде, ана екеуіне қарағанда маған жақын жүретін інім Сейдахметке телефон соғып, жолығайық, далаға шық десем, қыңырайып қалыпты, «бүлдірдіңіз, бүлдірдіңіз» дей береді. Бірақ ақыры көндірдім. Бағанадан саған айтқан әңгіменің ұмытып қалған кейбір жерлерін маған ұрса отырып, «былай дедіңіз ғой» деп, мойныма қойып берді. Сонымен, бала, мен өмірімде естімеген мақтау сөзді Димекеңнің аузынан естідім және ол кісі де өмі-рінде естіп көрмеген тентек сөзді менен естіді, – деп Бердібек сылқ-сылқ күлді. Таудан түскен адам, ақ қар, көк мұз іспеттес, өзі де таза, шығар­ма­лары да таза, классикалық туын­дылар берген қаламгер ағамен пейіліміз, сөзіміз, қалжыңымыз жарасып, қол боста қыдырыстап, реті келгенде қаладағы, таудағы үйлерінде, кафе, ресторанда Алла берген ырзықты бөліп жеп, мұң-қайғы бөлісіп, шер тарқатып, баз кешкен сол бір бұлаң күндер көзден бұл-бұл ұшқалы қашан. Көзі тірі жүрсе, осы күндері жасы сексеннің бесеуіне толар еді... 2009 жыл.   Рымғали НҰРҒАЛИ, академик. *Мақала қысқартылды. Толық нұсқасы жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» жинағында. «Ан-Арыс» баспасы. 2014 жыл