АЛТЫН ТАҒАЛЫ АРҒЫМАҚ

Галым фото Өмірдерегінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбайдың жылқышы болғаны айтылады. Бұл, әрине, аса таңырқай қоятын жәйт емес. Ал оның таға жинайтын әуестігі жөніндегі сөз біршама қызықтыруы әбден мүмкін. Жылқышының баласы екен. Өзінің де бір өлеңінде: – Жаздар қалды соңымда, күздер қалды, Тай тұяғы жаншыған іздер қалды. Жылқышының баласы – жылқы мінез – Тұнықтың да тұнығын іздер мәңгі, – дейтіні бар. Ат пен ат әбзелдеріне деген құмарлық адам жанының әуелден жылқыға жақындығынан негіз алса керек. Маралтай ақын да осы Ғалым ағасы туралы: – Кетпендей тұяқтары жер қопарып, Арда емген қара өлеңді Ардакүрең, – деп толғайды. Таға – жастайынан өмірдегі қым-қуыт әсерлерді сіңіре-сіңіре Ақындық орбитасына көтеріліп кеткен ауыл баласының сонау қаршадайда бәйгеге шапқан балғын күндерінен бергі дәнекердей сезіледі. Осылардың ортасында ойға батып, шалқар шабытқа нәр алып отыратындай. Ал ат тұяғына тау-таста қажалмас үшін тағатын осынау қарапайым бұйымның жатқан бір ілім екенін аңғарамыз. Қаузай берсе, нешеқилы сыры бітпейді. Бір қынжылтатыны – кей этнографтарымыз тағаның шығу тегін әлі күнге дейін ерте ғасырлардағы Батыс мемлекеттеріне тіреп келеді. Немесе оны баяғы біржақты Ресей тарихшыларының жазбаларына сүйеніп, Петр Біріншінің ат тағалау ұстаханасына телиді. Сонда қазақтың халық эпостарында жиі ұшырасатын: – Арғымақтың аяғын Алтынменен тағалап, Күміспенен шегелеп, Игі Жібек тұрғанда Арқанменен тұсар ма?! – дегендей жолдар қайдан алынады екен?!. тага Иә, талайдан дәлелденіп те жүргеніндей, жер жүзінде жабайы жылқыларды алғаш болып қолға үйреткен көшпенділердің атқа, көбінесе, XIX ғасырдың орта тұсына дейін мүйіз таға тағып келгенін пайымдаймыз. Арқар мүйізінен дайындалатын таға ұзаққа шыдаған. Темір табандардай емес, жеп-жеңіл. Қатты тақылдамайды да... Ғалекең бастапқыда көзіне оттай басылып, көңілін баураған кәдімгі болат тағаларды жинастырып көрсе керек. Бірақ бұлар қала жағдайында бірталай қолайсыздық туғызады. Содан біртіндеп тағаның сувенир, яғни, кәдесый пішініндегі түрлерінің оңтайлы екенін аңдайды. Ал іздесең, мұның алтынын да, күмісін де табуға болады. Және өте ыңғайлы. Эстетикалық жағынан сонша тартымды. Осылардың өзі-ақ «өткен күннің өлеңі тербетеді жанымды» деп жырлайтынындай, аяулы жастық шақтың елестеріне шомдырып, қиял қанаттандырады-ау. Яки: – Қасиетті қара қос – Айдалада айман-ән, Саған жетсек ырым-құт. Есіңде ме, бала дос, Сексеуілдің жайнаған Шоғын үрлеп жылындық, – дегізіп, ан-о-оу жылдар Бетпақдала беліндегі Талдыеспеде жылқы баққан бозбала күннің терең түкпіріне бір-ақ сүңгітеді. Көз алдымызда ақ түтек боранда шұрқырай кісінеп, ішке қарай дүркіреп ыққан үйір-үйір жылқы жөңкіледі. Сол табынның арасында жүздері алаулап, қиқулай жүйткіген жеткіншектердің сұлбасы қылаңытады. Қазақ тірлігінің қатпар-қатпар қырларын айшықтайтын алуан түрлі бояу палитрасы құбылады. Осындайда халық арасында сақталған: «Шеге – тағаны, таға атты, ат ерді ұстайды. Ер – елді ұстайды» деген тәмсіл еске түспекші. Ал ақын әуестігіне қарасақ, таға... Өлеңді де ұстайды екен. Құлтөлеу МҰҚАШ