ТӨРКІНІ ШЕБЕРЛІКТІҢ – ТОҚЫМАДА...

Калихан Жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың аспаздық әуестігі туралы жазғаным бар. («Қызығу мен зерігу егіз-ау деймін». «Қазақ Әдебиеті». №8. 23.02. 2001). Сол сапар қабырғалы қаламгеріміз қоңыр даусы күмбірлей отырып, өзінің одан да өзге бейімдігі жөнінде бірталай шешілген-ді.

«Етікші болсам да, жаман етікші болмас едім». Лев Толстой. Суреткер жазушы ауызекі сөзге де жүйрік. Аяулы балғын шақтың елестері баурағандықтан ба, ерекше бір шырайлы күйге еніп, жадырай түсетіндей. – Бала кезден-ақ жұмысты көп істеппін. Алты жасымнан өгізге мініп, шөмеле тарттым. Тоғыз жасымда шалғы ұстап, шөп шауыппын. Соғыс кезі. Адам аз. Еңбек күші тапшы. Есейе келе етік тігуді үйрендік. Пима табандаймын. Тоқыма тоқи­мын. Істемеген нәрсем жоқ-ау... Жүсіпбек Аймауытовтың етікшілігі туралы естуші едік. Сол қатардағы өзге де тұлғалардың ісмерліктерін құлағымыз шалатын. Қалекеңнің әңгімесі елеңдете бастайды. – Жұмахан деген бір ағамыз бартұғын. Өзі – балташы, өзі ұста, өзі етікші, қолынан келмейтіні жоқ. Қыс кезінде колхоз жұмысы азаяды, сондай тұстарда ауылдың басынан түсіп, елді аралап жүріп, жұрттың аяқ киімін бүтіндейді. Пима жамайды. Етік тігеді. Кейде түнімен соның қасында отырып, тарамыс ширататұғынмын... Әр нәрсеге ебі бар елгезек бала осылайша тірлікке қажетті қол ісіне де ерте бейімделген сияқты. – Соғым сойғанда малдың жіліншік сіңірінен тарамысын алып қаламыз да, оны кептіріп, сосын әбден тоқпақтап, етік тігетін жіп жасаймыз. Қажетті шылғи қайыс пен етіктің бас-қо­нышын қусырып, қаймалайтын былғарыны Қалима деген шешемізге илетіп аламыз. Қолға тиген сиыр, қой терісін со кісіге жеткізгенше асығамыз. Рақым деген атамыздың кемпірі еді. Керемет ұсынықты адам. Бала Қалихан домалаңдап, ылғи қалыпты да өзі шабатын, шегені де өзі сүрмелейтін Жұмаханның қасынан табылса керек. – Жұмекең алдымен қоныш пен тұмсықты біріктіріп тарамыспен әдіптеп тігеді де, теріні қалыпқа керіп тастайды. Ретінше, ұлтанды ағаш шегемен жағалата шегендеп шығады. Ғажап әдісі – ұлтан мен табан арасына бір қабат қайың қабығын жүргізіп жіберетін-ді. Кейін мен де сөйтетін болдым. Мұны «ақмұрт» десе керек, әйтеуір, ерекше екі қасиеті бар. Біріншіден, су өткізбейді. Әм, жүргенде, етігің сықырлап тұрады. О кезде керемет сән!.. Қалекең ер бала үшін біртүрлі ерсі көрінсе де, қалт еткенде тоқыма бізін жалақтатып отырудан да арланбағандай. – Мен үстідегі көйлектен бастап, бұттағы шалбарға шейін өзім тоқып алатынмын. «Бойжеткен» деген жеңгелерім бар еді. Өзім қойып алған ат. Қасиетті адамдар еді жарықтықтар. Колхоздың жұмысын солармен бірге жүріп істейміз. Түнде шөптен үйген итарқа, қара қоста жатамыз. Бірінші, екінші класта оқитын кезіміз ғой. Байғұстар жалғыз көрпесімен іргемізді қымтап, қамқорлық көрсетеді. Шөп үйсе де, егін орса да осы әйелдердің боқшаларынан жүн-жұрқа түспейді. Шүйке, кестебіз арқалап жүреді. Кешке екі-үш бала жерошақтың басында отырып жүн түтетұғынбыз. Жеңгей, апайларым тоқыма тоқиды. Соларға қарап біз де үйрендік. Өз қолыңнан шыққан тоқыма жейдені жалаңаш етке кие сала­сың. Күн ыс­тықта, әрине, пора-пора терлетеді. Бит қаптайды. Қышынып, қиқаңдап, мазаң кетіп жүргенін байқайтын анау Рақым атамыз киімнің бәрін сыпырып алып, теріс айналдырады да, құмырсқаның илеуіне жайып тастайды. Алла-ау, қаптаған шымал соның әрбір сіркесіне дейін түк қоймай тасып әкетеді екен! Недәуірден соң бір-бір сілкіп жіберіп, қайта киіп аламыз. Бойың тағы жіпсіген кезде құмырсқаның қышқыл сөлі, ой бір, дуылдатып ашытады-ау. Жата қалып аунайсың. Сөйтсек, оның да пайдасы бар екен. Ешкі қотыр болмайсың. Денедегі қотырдың бәрін жылан жалағандай қылып сылып түседі... «Өнерді үйрен де, жирен!» демекші, аталған әуестіктің біртіндеп қала бастағаны түсінікті, әлбетте. Бірақ жинақталған тәжірибе болашақ жазушының интернатта, Алматы мен Мәскеудегі жоғары оқу орны қабырғаларында, жалпы өмірде көмекке келіп отырғаны даусыз. Ұзақ шығармашылық ғұмырда сүйеу болғаны аян. Және қаламгер барлық істі шыңына жеткізе атқаруға тырысқан. Мұны өзі де айтады: «Тегінде, тамақ пісірсең де, етік тіксең де, тоқыма тоқысаң да, бәріне белгілі шығармаңды жазып отырғандай, үлкен жауапкершілікпен қарауың керек». Расында да, әр шаруаның өз құрылысы, финалы бар. Әрқайсының жеке құпиясы да жеткілікті. Нақты жұмысты игеру үстінде кезекті дүниелеріңнің иірімдерін де бірге өріп отырасың. Шілтер кестелегендей, қажетті ойларыңды қоса сабақтайсың. Құлтөлеу МҰҚАШ