Алақандай ауылдан шыққан асқар дарын

Мүсінші Тілеуберді Мелдешұлы бүгінде ел мақтанышыUntitled-1.indd«Өнер ордасы» баспасы белгілі мүсінші Тілеуберді Мелдешұлының мектеп бітіріп, ауылдан арман қуып Алматыға келген қырық жыл ішінде өмір мен өнер асуларында жүріп өткен жолдары, жетістіктері қамтылатын «Байырқұмның баласы» атты фотоальбомын жарыққа шығарды. Кітапта осынау өнер майталманына арналған замандастар лебізі, сондай-ақ қолтаңбасы айрықша шебердің өзі туралы қызықты тәмсілдер қамтылған. Солардың кейбірі оқырман назарына ұсынылып отыр.Тилеуберди«Мен Тілеубердінің өзінен бұрын өнерімен таныспын. Қажымұқанмен дәмдес болғанымда оның тұлғасын қалай танысам, балуанның образын мүсін өнерінде Тілеуберді дәл солай, айнытпай сомдаған».

Дінмұхаммед ҚОНАЕВ

АУЫЛЫМНЫҢ ДАНА ҚАРТТАРЫ-АЙ! 

– Мүсінші ретінде біршама атым шығып, атағым жайыла бастаған шақта тоғыз жолдың торабы Арыс станциясының вокзалында жас шамасы сексенді алқымдаған бір ақсақал мені көріп: «Өй, мынау кезінде жалаңаяқ жүгіріп жүретін Байырқұмның баласы ғой! Қазір ел таныған суретші болыпты, міне!» деді. Мен ол кісіні жыға танымасам да, өз ауылымның адамы екендігін түсіндім. Бала кезімде ақсақалды көрген де шығармын, бірақ анық есімде қалмапты. Міне, осы «Байырқұмның баласы ғой!» деген сөз жүрегіме сондай жақын болып, ерекше жылылық оятты. Бүкіл балалық шағым есіме түсіп, бүгінде республикамызға танымал болып жүрсем де, ең алдымен ауылымның түлегі екенімді, туып-өскен жердің топырағы да ыстық екендігін түйсіндім. 

Сөйтіп, «Байырқұмның баласы» атты мүсінді жасау да, кітаптың атын осылай қою да ауылымның ақсақалының мені өзімсіне меншіктеген бір ауыз сөзінен шығып еді. 

*** 

– Мен мүсіншілік өнерді төрт түлік малдың бейнелерін жасаудан бастадым. Біріншіден, ол туғаннан көріп, қатар өсіп келе жатқан қозы-лақ, құлын мен бұзауға етене жақындық болса, екіншіден қазақ қолөнерінің барлық жабдықтары осы төрт түліктің жүн-терісі, мүйізі мен сүйектерінен жасалған емес пе! Ол домбыраның ішегінен басталатын түрлі музыкалық аспаптар, мүйіз сапты қанжар мен садақ, қорамсақ сияқты қару-жарақ, бөрік пен тұмақ секілді бас киім, жүн шекпен мен ішік-тон секілді киім-кешек, мәсі, етік сияқты аяқ киімдер, түрлі ас және үй жабдықтары, айта берсең толып жатыр ғой, шіркін! Міне, біз бүгінде бар өнердің бастауы болған осы төрт түлікке мән бермей, тек жейтін ет деңгейінде қалдырдық. 

*** 

– Өмір дегеніміз – көшпелі заман. Бүгін бар дүние ертең жоқ. Кейде ойыңда жүрген бір сырыңды, әңгімеңді айтар құлақ, түсінер сана таба алмай қиналасың... Кеудемнің терең түкпірінде жатқан кәусар бұлақ сылдырының сырын ақтарайын. Балалықпен, жастықпен өмірдің өтіп бара жатқанына мән бермеппін. Алла мені де екінің бірінің қолына түсе бермейтін ерекше үлестен құр қалдырмапты. Дүние кезген сан қырлы, сан сырлы толқынның бірінен ұстап, мен де қызығынан қиындығы, күлкісінен жылауы көп, көпке түсініксіздеу тірлікке араласып кеттім. Өнерге тым ерте келдім... Өнер – халықтікі. Мен де сол көптің бірімін. Жаратушымның сеніп тапсыр­ған мұрасын келешегіме жинақтап беруді шештім. Осы еңбегімнің арқасында өзім сияқты елеусіздеу қалған жандардың жанарының оты жанып, жүрегіне нұр құйылса, қиналғанда күш алып, қуанғанда рухани азығы болса – мақсатыма жеткенім. Ешкіммен таласым жоқ. Жарыспаймын да. Өнерім халықтың көңілінен шығып жатса, жарағаны. Жасаған туындыларымды менікі емес, халықтың өнері деп есептеңіздер. 

*** 

– Бала кезімде маған ешкім ойыншық сыйлаған емес. Сырдың саз балшығынан неше түрлі мүсіндерді өзім-ақ жасап алушы едім. Үлкен картон қағаз, сырлы бояу болмағандықтан, сарайдың әктеп қойған қабырғаларының бәріне отқа жанған ағаштың күйесімен өзімше сурет салып, көрме (галерея) жасап мәз болатынмын.

 *** 

– Өнердің жолында жүріп түрлі-түрлі суретшілерді көрдім. Біреуі – кісі (интеллигентный), таланты жоқ болса да, омырауы толған орден. Екіншісі – теоретик (өзінше гений) аузымен орақ орады, бірақ «заслуженный художник». Үшіншісі – тума талант (практик), жоғарыдағыларға ұқсамайды, бірақ бірде-бір атағы жоқ. 

*** 

– Өнердің жоғары сатысы шығармашылық жұмыстар – бұл жүректен шығады және оған ешкім ақша төлемейді. Орта сатысы – тапсырыспен жасалатын ескерткіштер. Төменгі сатысы декоративтік саябақтық мүсіндер. 

*** 

– Өзбектердің шаһарының қақпасына кіргеннен өз тілінде сөйлеп, өз ұлттық шапанын киген адамдарды, ұлттық тағамының иісі мұрыныңды жарған, ұлттық әсем әуені әуелеген шайхананы көресіз. Ал бізде неге керісінше?! 

*** 

– Қырық жыл қасымнан қалмай ілесіп, көңілімді көтергендей ішіме күліп кіріп, ертесіне жерге қаратып, абыройымды айрандай төгіп, күңірене шығатын серігіммен мәңгілік қоштастым. Онымен бірге жүрген күндер мен үшін енді келмеске кетті. Ол «өлді». Мен қалдым. Кім қанша ақша төлесе де, оған ешқашан ескерткіш қоймаймын деп өзіме серт бердім! 

*** 

– Ілияс Есенберлиннің алпысыншы жылдары шыққан «Ғашықтар» романын қолдан түсірмей, таласып оқушы едік. Сондағы мүсінші Жантастың образы талайларға өнеге болды, талаптының өнерге деген құштарлығын оятты. Міне, содан бері жұрт қолдан түсірмей оқитын кітап көрген емеспін. Әсіресе, мүсінші туралы шығарма жазылған емес. Алда ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бейнелерін сомдап, болашаққа жеткізетін мүсіншілер жөнінде проза немесе поэма, драмалық шығармалар жазылса ұрпаққа үлгі болар еді. 

 САМОЛЕТТІ ТОҚТАТҚАН ТІЛЕУ 

 – Тіке, осы сен самолетті қалай тоқтатып жүрсің? Естіп едім. – Ой, оны жиендерім ғой айтып жүрген. Бірақ... Тоқтатуын тоқтатқам. 

– Қалай? 

– Біз мына көркемсурет училищесінде бес-ақ мүсінші оқыдық. Бесеуіміз – бес облыстан. Солардың ішінде Жәдігер деген ақтөбелік жігіт жолдама бойынша Маңғыстауға аттанған. Сол алаңсыз шақты, достарымды сағындым. Оқу бітіргеннен кейін Нұржамалды әрі айналдырып, бері айналдырып, көндіріп, ақыры Ақтауға ұшып кеттім. Жәдігер сондағы қуыршақ театрының бас суретшісі екен. Құшақ жайып қарсы алды. Каспий теңізін көрсетті. Бірақ қыс. Желтоқсан. Ай, бір тойладық! Сөйтіп жүргенде Жаңа жыл да таяп қалыпты. Бірінші қаңтар – Нұржамалдың туған күні. Ол да Жәдігерге қайта-қайта «Ананы қайтар, ұят болды ғой», – дейді екен. Ал, мен болсам, шарап ішіп, икра жеп, мәз боп жүрмін. Бір күні Жәдігер: «Әй, давай, қайт» деп ұшаққа билет алып берді. Екеуміз құшақтасып, сүйісіп қоштасып, мен елге қарай ұшып кеттім. 

– Нұржамалға қарай де. Әлде, Алматыға ма?

 – Алматыға ғой. Ол ұшақ Нүкіс арқылы ұшады екен. Бәріміз әуежайға келіп қондық.Ұшақ әуежайға май құюға жарты сағаттай аялдайды екен. Менің ішім жалап барады. «Қой, ауқаттанып алайын» деп, буфетіне кіріп, тамақ, сыра алып отырып, уақыт жағын ұмытып кетіппін. Келсем, менімен бірге ұшып келе жатқандар – жоқ. Тұра кеп жүгірдім. Сөмкем, жылы киімім – бәрі ұшақта. Қарасам, менің ұшағым қозғалып бара жатыр екен. Өзі танымал. Не деуші еді, әлгі екі моторы бар. Алаң алдына құрылған қоршаудан қарғып өттім. Ешкім ұстай алмай қалды. Қозғалып, жүріп кеткен «көлігімнің» тура алдына барып, тізерлеп отыра қалдым. Бір ұшқыш арт жақты бармағымен нұсқап ымдайды. Жайлап жылжып бара жатқан самолет сырғып барып тоқтады. Артына тұра жүгірдім. Сөйтсем, арт жағында жүк тиейтін есігі бар екен, сол есіктен самолеттің механигі маған қолын созып, ішке қарай жұлқи тартып, кіргізіп алды. Ой, сөйтіп бір... қызық болды. 

  Әбубәкір ҚАЙРАН, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты 

  БАУКЕҢНІҢ МҮСІНІ

Тілеуберді Бинашев 1973 жылы Алматыға оқу іздеп келеді. О бастағы ниеті мүсінші болу еді. Көркемсурет училищесіне құжат тапсырмақшы болып, қабылдау комиссиясына келсе ондағылар мүсін бөліміне екі жылда бір рет қабылдау болатынын айтады. Енді не істейтінін білмей тұрған бұған біреулер театр бөліміне түсе бер деп кеңес береді. Тілеуберді құжаттарын тапсырып, өзі қаланы аралауға кетеді. 28 Панфиловшылар саябағына келсе, Бауыржан Момышұлы жүр. Қасында бір кісі бар екен. Өзара сұхбаттасып отыр. 

– Ассалаумағалейкум, Бауыржан аға! – деп ауыл баласына тән аңғалдығына салып үлкен кісілерге қол ұсынып сәлем береді. Олар мұның сәлемін қабыл алады. – Бауыржан аға, мен театр суретшісімін, – дейді Тілеуберді. 

– Ал мен фронтовой художникпін! – деп жауап береді Баукең. 

– Бауыржан аға, мен сіздің мүсініңізді жасасам деймін. Рұқсат бересіз бе? – деп Тілеуберді келесі сұрағын төтесінен бір-ақ қояды. Әрине, оның бұл сұрағы Баукеңе ұнамай қалады. 

– Что?! – деп Баукең ыршып кетеді. Тілеуберді болса әлгі сұрағын қайталайды: – Сіздің бюстіңізді жасасам деймін... 

Баукең шарт сынады: – Встать! Шагом марш! – деп Баукеңнің даусы саңқ ете қалады. 

Қарсыласуға шама қайда?! Тілеуберді үн-түнсіз алды-артына қарамастан әлгі жерден зытып береді. Жолда келе жатып: не істеп қойдым? Ол кісі неге ашуланды деген сансыз сауал жас жігітті көп мазалайды. Жауабын таба алмайды. Ақыры оқуға да ықыласы болмады. Оның үстіне сабақ орыс тілінде жүреді екен. Бір ауыз орысша білмейді. Сөйтіп Тілеуберді оқуын біржола тастап, сұранып әскерге кетеді. Кейін мұның оқуға, сол өзі армандаған мүсіншілер дайындайтын бөлімге түсуіне белгілі суретші, марқұм Құрасбек Тыныбеков көмектескен екен. Бірде Тілеуберді Баукеңе байланысты оқиғаны айтып береді. 

– Дурак! – деп Құрасбек те бұған дүрсе қоя береді.

 – Неге олай дейсіз? – деп Тілеуберді де шарт ете қалады. 

– Сен не Баукеңді өлтіре алмай жүрсің бе? Мүсін өмірден өткен адамға ғана жасалады. Баукең сол үшін ашуланған ғой саған, – деп Құрасбек мұның қателігін айтып түсіндіреді. Содан арада жиырма жыл өткен соң ғана Баукеңнің мүсінін жасауға мүмкіндік алады. Алматы облысындағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери полк бастығы полковник Диханбек Сатылғанов қасына Баукеңнің ұлы Бақытжан мен келіні Зейнепті ерте келіп, мүсінші Бинашевке арнайы тапсырыс береді. Бүгінде ол жасаған мүсін Б.Момышұлы атындағы әскери полктың алаңында асқақтап тұр. Өкініштісі Баукең көре алмай кетті. Полковник Диханбек қызметі өсіп, генерал болды. 

  Есенәлі ЕРАЛЫ, Халықаралық Жамбыл атындағы және Құрманбек Сағындықов атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Untitled-1.indd Байырқұмның баласы бар қазақтың дарасына айналды 

 Бала кезден суретші болуды армандаған біздер үшін Шардара өңірінде Тілеубердіден асқан мүсінші жоқтай көрінетін... Сондықтан, ол барып оқыған Алматыдағы көркемсурет училищесінен артық оқу орны жоқ деп ойлайтынбыз. Ауылда оны бәрі Тілен дейтін, оның даңқы біз 8-ші кластарда оқып жүргенде Темірланда күш атасы Қажымұқанның ескерткішін салумен бірден өрлей жөнелді. «Қажымұқан ескерткішін салған мынау біздің көрші ауыл Байырқұмдағы мүсінші бала екен» деген сөз ауылда, әсіресе, Арыс пен Шардараның арасында Арыстанды-Қарабастың желіндей қатты есіп кеткен еді сол кезде... Керемет дүниелердің бәрі біздің ауыл-аймақтан басқа жақта, тым алыста болады деп ойлайтын қатып қалған қағиданы алғаш бұзған, жаңылыспасам, осы Тілен Бинашев болды. Біз Тіленмен танысуды ойлайтынбыз. Оның қасында жүріп, мүсін жасағанын өз көзі­міз­бен көрсек, үйренсек деп армандайтынбыз. Байырқұмда Тіленмен бір ауылда бірге өскен, ауылда мен мұғалім болып жүргенде Қызылқұмда кеңшардың көркейту суреттерін бірге салған Елтай суретші есіп тұрып, онымен бірге талай ескерткіш-мүсіндерді соққанын соғып отыратын... Қызыл шарапқа қызыңқырап қалған кезде... тіпті, көп мүсіндерді Тілен емес... өзі жасағандай өзеуреп кететін... Әңгіме өзім қатты құрметтейтін дарынды мүсінші Тілен Бинашев туралы болып отырғасын, мен әрине, Елтай досымның бұл «артық кеткеніне» кешіріммен қарайтынмын... Сыртынан атына қанық Тіленді мен Алматыға Елтайды ертіп бір келгенде үйіне іздеп барып, танысқан едім. Беймезгіл уақытта шалабурыл Елтайға еріп барғасын ба, үйдегі әпкеміз Тілеудің «інілерің келіп отыр ауылдан» дегеніне елпілдей қойған жоқ. Біз күткендей дүкенге де жүгірмеді. ...Сондықтан сүлесоқтау қайтқанымыз есімде. Кейін Алматыға суретші боламын деп барған мен ауылға ақын болып оралдым да, мүсінші Тілеумен жолымыз түйісе қойған жоқ. Ақын-жазушылар арасында аты көп шыға бастағанда ғана елеңдеп қалатын едім. Айта кету керек, суретші-мүсіншілердің ішінде әдеби қауымға жақын жүретін, өмірден өткен қаламгерлер-қайраткерлердің мүсіндерін жасаумен аты шыққан Тілен Бинашевтың аты жиі естілетін. Кейбір ескерткіштерінің кейбір қалаларға қойылып жатқанын еміс-еміс естіп қоятынмын. Тілеу өзінің үлкендігін көрсетіп, кейінгі кезде маған жиі хабарласа бастады. «Сен өмірі Алматыда тұрмайсың ғой. Қашан көрсем сапарда жүресің, қолың тиетін кезі бола ма өзі?» деп кейіп те қоятын. Маған әсіресе, ұнағаны, оның Арыста «Мұңлық-Зарлық» ескерткішін тұрғызуы еді. Өйткені «Мұңлық-Зарлық дастаны біздің бала жасымыздан санамызға сіңіп қалған болатын. Менің өзімнің де «Мұңлық-Зарлық мұқамы» атты жыр хамсаятым бар еді... Эпостық жырға сүйенген ескерткіш композициясы өзгеше өрнекте, Тіленнің өзіне тән пластикалық шешімде сәтті бейнеленген. Кейін менің қолыма Тілеуберді Бинаштың «Мүсін» кітабы тиді. Көлемді де, көркем кітапқа 2012 жылдың 12-желтоқсан күні қолтаңба жазып қойған екен, күйбең тіршіліктің күрмеуімен жүріп, соған жарты жылдан асқанда барып зорға қолым жетті. Мәдениетке мән берген азаматтығын көрсетіп, демеу қолын созған Ербол Шымкентбайұлының арқасында жарық көрген сапалы кітап-альбом Тілеудің бар шығармасын алдыңа жайып салатын көркем дүние болып шығыпты. «Мұңлық-Зарлық», «Керей-Жәнібек», «Баба рухы» монументтері, Қажымұқан, Абылай хан, Құрманғазы, Қорқыт баба, Күләш Байсейітова ескерткіштері Тіленнің өнердегі эпикалық кең құлашын көрсетеді. Ал лирикалық лебі бар «Атамекен», «Әуен», «Сырласу», «Байырқұмның баласы», «Көктемгі жаңбыр», «Сүйінші», «Қиял», «Бинаш ата», «Аршагүл ана», «Байырқұмның қыздары», «Кемпірқосақ», «Дала қызы», «Сыр бойы», «Сағыныш» және т.б. туындылары туралы көп сөз айтуға болады. Тілеудің оң жамбасына жақсы келетін шағын мүсіндерінің әрқайсысы үлкен армандарға жетелеп, терең ой қозғайды. Бейнебір үлкен ойларға жетелейтін шағын лирикалық әсем жырлар секілді әсер қалдырады... Ал саябақ мүсіндеріне келсек, сәтті шешімдер тапқан түрлі мүсіндер бейнебір табиғат әлемімен біте қайнасып кеткеніне куә боламыз. Кітапта Тілен туралы қазақтың бүкіл жайсаңдары жақсы тілегін аямапты. Актер Асанәлі Әшімов пен ақындар Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиевтерден бастап, Серік Тұрғынбеков, Ибрагим Исаевтар қостап, талай тарландар жүрекжарды лебіздерін білдіріпті. Бұның өзі де көп нәрсені аңғартса керек. Талантты таланттар таниды. Жігітсің сен баба рухы қолдаған, Талайлардың өр тұлғасын сомдаған. Фараби мен Төлебидің жерінде, Саған дейін сендей шебер болмаған! – деп жырлайды мұзбалақ Мұхтар Шахановтың өзі... Көне Сырдариядан көркем сыр аулап, мұрасы мол Мұрын-Қарақтан шежіре жинап, қазақтың бас батыры болған Алатау батыр бабасына зиярат етіп өскен, Арыстан алысқа шырқаған Тілеуберді Бинаш бүгінде қолына алған тасы тарихқа, ағашы асыл дүниеге айналып шыға келетін дара дарынды мүсінші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Шаңырағын шағын мұражай-көрмеге айналдырған, соңынан қызы Гүлфиядай үздік шәкірттер ерткен ұлағатты ұстаз. Тарихымен тамсантқан тәмам елді, Даламдағы бұл да бір дара белгі – Ұзаққа ұлын ұзатып салып тұрып, Мұңлық-Зарлық мұңданып қала берді... – деп, бір кезде ауылдан Алматыға аттанып кеткеніміздей, бүгінде баяғы «Байырқұмның баласы» бар қазақтың дарасы ретінде танылып, қазақ бейнелеу өнеріндегі бедерлі де, белгілі тұлғаға айналып отыр. «Бинаш ата» жаққан өмір шырағы өнер шырағына айналып, мәңгілік маздап жана берсін деп тілейік. Соған шүкір дейік, Тілеуберді аға-дос! 

Барған сайын Шардара даласына, 

Асығатын ұлы Сыр жағасына. 

Байырқұмның баласы бір кездегі

Айнала бер қазақтың дарасына!

Қазыбек ИСА,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты