Уәлихан ҚАЛИЖАН: "Ұлттық мүддені кеңес кезінде-ақ көтеріп едік".

Уалихан Қалижан

– Сіз бұған дейін Парламентте депутат та болдыңыз, ғылым докторысыз. Бүгінде сізді қандай мәселелер алаңдатады? – Жалпы, қоғам барометр секілді. Қоғамда болып жатқан уақиғаларға әр деңгейде назар аударуға болады, әр деңгейде қорытынды жасауға болады. – Журналистикада да ұзақ жүргеніңізді білеміз. – Ол рас. Бірақ бастапқыда арманым ғылыммен айналысу еді. ҚазМУ-де оқып жүрген кезімде 3-ші курстан бастап атақты профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен қазақ әдебиетінің тарихына қатысты «ескішіл діншіл кертартпа ақындарды» зерттеуді қолға алдым. Ол кеңестік жүйе болған соң, ондай авторларды зерттеу өте қиынға соқты. Сондықтан, ғылымда бір сара жол жоқ, алайда сара жолға бастайтын сан соқпақтар бар. Профессор Кенжебаев «осы кертартпа, діншіл ақындарды» ақырындап діни ағартушылық бағыттағы ақындарға әкелуіміз керек» деп тың ізденістерге барып едік. Осыдан өмірімде ғылыммен байланыстым ғой деп ойлағам. Бірақ, өмірде бір оқиға, жағдай адамның тағдырын өзгертіп жібереді екен. – Сіздің филология факуль­тетін бітіргеніңізден хабардар едік. – Иә, бірақ бүкіл өмірім журналистикамен байланысты. Журналистикада отыз жылдан аса қызмет еттім. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет ете жүріп, сырттай аспирантурада оқыдым. Енді диссертациямды қорғайын деп жүргенімде мені Комсомолдың Орталық комитетіне қызметке шақырды. Бірақ мен бармадым. Қазақша айтсақ, менің ол кезде үйім бар, партияның мүшесімін, диссертациям қорғалайын деп тұр еді. Соны қорғап алсам, ҚазМУ-де оқытушылық қызмет істегім келіп еді. Мен соны армандадым. Сол кездегі Қазақстан комсомол Орталық Комитетінің бірінші хатшысы бүгінгі Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов еді. Ол кісі менің жағдайымды естіп таң қалыпты. «Бұл жерге жұрт кіре алмайды, ал, бұл жігіт кіргісі келмейді, шақырыңдаршы, танысайын» депті. Мен қойқалақтап, барғым келмей жүргем. Бірақ сол кездегі «Лениншіл жас» қазіргі «Жас Алаш» газетінің Бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов бюро мүшесі мені шақырып: «Әй, сені Қазақстан Комсомол Орталық Комитетінің бірінші хатшысы шақырса, неге бармайсың, ұят емес пе?! Бар. Алдынан өт. Қызмет істегің келмесе, оны да айт» деді. Сонымен не керек, мен Комсомолдың Орталық Комитетіне бардым, бірінші хатшы қабылдады. Мен ол кезде, Алматы облыстық Жетісу газетінде «Жас түлек» дейтін жастар бетін шығарамын. Алматы облыстық комсомол комитетінің мүшесімін. Ол кезде Қазақ радиосында жастар проблемасына қатысты көптеген материалдарым өтіп жүрген, біршама адамдар да танып қалған кез еді. Сосын бірінші хатшы маған: «Адам деген бағын сынап көрмей ме, мына жерге телефон соғып қызметке алыңыз деп қаншама адам тұр. Сен енді кәсіби журналист болыпсың, мынау баспасөз қызметі, сен сол қызметте істеп көр. Сен сонда Комсомол Орталық Комитетінен қайтадан журналист болып кете алмаймын деп ойлайсың ба, әлде, комсомолдан ҚазМУ-ге мұғалім болып кете алмаймын деп ойлайсың ба? Қазір бұйрық шығады, бүгіннен бастап қызметке кіріс» деп шорт кесті. – Содан қалай болды?.. – Содан бұл бетбұрыс менің бүкіл тағдырымды өзгертіп жіберді. Мен сонда біраз қызмет істеппін. Қазақстан Орталық Комсомол Комитетіне қарасты біраз журналдар мен газеттер бар еді. Мен солардың идеологиялық, шығармашылық ауқымы немесе заманға сай болуына бағыт-бағдар беріп тұратын жұмыс істедім. Қуаныш Сұлтановтың өзі журналист болған соң, тілшілерді жоғары бағалайды. Көптеген мәселелерде Бас редакторларға телефон соғып, жиі шақыратын. Мысалы, «Балдырған» журналынан мүйізі қарағайдай Мұзафар Әлімбаев секілді тұлғалар қатысатын. Ол кезеңдердегі редакторлардың қаншама кеңестік жүйе деп айтқанменен, олардың азаматтық ұстанымы, көзқарасы ерекше болатын. Қалай болғанда да, ұлттық мәселеге келгенде, партияның Орталық Комитетінің өзі осы жастар газетінде шыққан материалдарға аса шұқшия қарамай, тепкілемей, қоғамдық ойды қозғайтын. Ұлтжанды азаматтар кез келген кезеңдерде болған. Мәселен, партияның қып-қызыл идеологиялық бағытына қарамастан, «Лениншіл жас» газеті жыл сайын, жиырма екінші наурызда «көктем» нөмірін жасыл бояуменен шығаратын. Ал, мұны идеология бөліміндегілер білмейді емес, біледі. Ол жерлерде Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков секілді азаматтар отырды. Бірақ солардың өзі де, жастар газетіндегі материалдарды іштей қолдайтын. Сосын өзім де «Лениншіл жас» газетіне Бас редактор болып барғанымда, сол үрдісті жалғап, Мұхтар Шахановпен бірге «көктем» нөмірін шығарып, Наурызды қайтып әкелдік. Міне, газеттің күші деген осында. Сол кезеңдерге Наурыздың ешқандай діни мереке емес екендігін, бұл ислам дәуірінен бұрын қалыптасқан шығыстық дәстүр екендігін, көктемнің келуі, күн мен түннің теңесуі, жаңа өмірдің басталуы деп жаздық. Ол нөмірге ғалымдардың, этнографтардың, тарихшылардың да мақалала­рын жарияладық. Сол кездерде Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөнінен хатшысы еді. Ол кісінің өзі жастар газетінде шығатын материалдармен мұқият танысып, жоғары жаққа қоғамдық пікірдің қандай екендігін жіті түсіндіріп отыратын еді. – Жалпы, ұлт мүддесіне қызмет ету тұрғысынан өз өмі­ріңізге ризасыз ба? – Журналистиканың көзге көрінбейтін, үлкен қоғамды біріктіруші де, қоғамдық ойды бір арнаға салатын қасиеті бар. Сондықтан, мен өз өміріме ризамын. Менің ұстазым, журналист, жазушы Сарбас Ақтаевтың: «Әй, Уәлихан, сен осы бақытты жігітсің, жалпы қазақ журналистикасының балалығы «Қазақстан пионері» – «Ұланды», жастығы – «Ленин­шіл жас» – «Жас Алашты», даналығы «Егемен Қазақстан­ды» басқардың. Шынында да, сен бақытты жігітсің ғой» деген сөзі бар. Қазақ журна­лис­тикасындағы осындай ұлттық басылымдар­дың жетекшісі болу әрі жауап­кершілік, әрі адамның бағын ашатын сәт. Сондықтан журналистер телефон соғып, пікір сұрап жатса, мен ешқашан бас тартқан емеспін. – Ғылым мен журналистика екі бөлек нәрсе емес пе? Сіздің жаныңыз қайсысына жақындау? – Менің журналистік қызметім ғылымдағы жолды айқындауға ерекше әсер етіп отыр. Мысалы,бәріміз де кезінде әдебиетті оқыдық. Мұхтар Әуезовті алайық. Ұлы жазушының тағдыры бәрімізге белгілі секілді. Алайда, көп жағдайда олай емес. Мен осы Әдебиет және өнер институтына қызметке келген соң, Мұхаңның өмірі мен шығармашылығын зерттей бастадым. – Бұл саланы жатырқаған жоқсыз ба?.. – Расында, мүлдем бөлек дүние екен. Кеңес­тік жүйедегі қатып қалған зерт­теулер мен бүгінгі зерттеулердің айырмашылығы бар. Қазір ғылым биік танымдық деңгейде болуы керек. Сондықтан, қазір сол тұрғыда материалдар жазылып жатыр. Мысалы, 1949 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Тіл әдебиет институты қызметіндегі өрескел саяси қателер туралы» қаулысы шыққан. Сөйтіп, 1951 жылы үш күнге созылған үлкен айтыс болған. Сол айтыста «біз қандай мұрадан бас тартамыз» деген мәселе қойылған. Сол кезеңдерде қазақ фольклорын репрессияға ұшыратып қана қоймай, «Алаш» көсемдерін де қудалап, біздің ұлы әдебиетімізге қол салынды. Сол кездерде біздің хандық дәуірді мадақтайтын жырларымыз «бұл хандық феодалдық дәуірдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын дүниелер» деп эпостарымызды мансұқ етті. Әуезовті шырылдатты. Мінекей, осы жиынның стенограммасын тауып алып, «Қазақ әдебиеті» газетіне «Репрессияланған эпостар» атты үлкен мақала жаздым. Осыдан кейін қазақ әдебиетін білеміз деп жүрген көптеген ғалымдар маған ырзалық танытты. «Әй, сен дұрыс келген екенсің, журналистикадан келген сені Әдебиет институтының жүгін көтере ала ма екен деп секемденіп қарап едік» деп тілектестік білдірді. Қазір осы институттың өзінде 17 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаттары, академиктер Серік Қирабаев пен Сейіт Қасқабасов, атақты профессор Шериаздан Елеукеновтер қызмет атқаруда. Институттың өзінің қалыптасқан ортасы бар. Мен Әуезовті әріқарай қолға алып, «Әуезовтің Петерборда оқыған жылдары» туралы үлкен материал жарияладым. Ғылыми жобаға еніп жатыр. Бұл бұрын ешкім таппаған, ешкім жарияламаған жаңалық. Сол кезеңдердегі Әуезовтің жазған хаттары, стипендия ала алмай қиналғандары, тағы да басқа деректер біздің ұлттық құндылығымызды түгендеу үшін қажет. Біз Әуезовті түгендесек, қазақты түгендейміз. Өйткені, Әуезовтің тағдыры қазақтың тағдырыменен, қазақтың қоғамдық құрылысыменен, қазақтың саяси өмірімен тығыз байланысты. Міне, осы жылдың басында «Простор» журналында Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың арақатынасы туралы да мақала жарияладым. Өйткені, ұлы екі классик жазушының арасында біраз түсінбеушіліктер, айтыстар болған. Ал, осының түп-төркіні неде екендігін біз тауып айтуымыз керек. Жас буын шындықты білуі тиіс. Бұрын бұлар аса айтылмайтын дүниелер еді. Мұқановтың Әуезовке жазған хатын, Әуезовтің Мұқановқа жазған жауабын тауып алдым. Жақында ғана менің «Қазақ Әдебиеті» газетінде Мәлік Ғабдуллин жөнінде үлкен мақалам жарияланды. Мұнда Мәлік Ғабдуллин мен Мұхаңның арасындағы жағдай сөз болады. Бұл енді ғылым емес, бірақ осы мәселеде маған журналистика көмекке келді. Өйткені, журналистің жеделдігі, тез жазуы, фактілерді ойнатып беру машығы бар.

Әңгімелескен Сейілбек АСАН