Қазақтың киіз үйі Гиннес кітабына енуі мүмкін

Қазақтың киіз үйі әлемнің әйгілі Гинесс рекордтары кітабына енуі мүмкін. Алматы облысы Талғар ауданында аумағы 314 шаршы метр болатын ағаш үй пайда болды.

Фото:Нұрғиса Елеубеков
Фото:Нұрғиса Елеубеков

Ең қызығы, халық сол ағаш үйлерде той өткізуді сәнге айналдырған. Тау бөктерінде орналасқан жер бетіндегі ең алып киіз үй. Бұл моңғол шеберлерінің туындысы. Ал өзіміздің мамандар уық, керегелерін қадаған, іші-сыртын да безендіріпті.

Алайда, алып ағаш үйді жасауға қанша шебердің жұмылдырылғаны белгісіз. Мұны тапсырыс беруші де білмейді. 12 қанатты, 200 уықтан құрастырылған алып киіз үйге 300 кісі сияды. Іші ұлттық нақышта безендірілген. Мұның тағы бір ерекшелігі ғаламтор, заманауи техникалармен жабдықталған.

Енді киіз үй болашақта Гиннестің рекордтары ғажайыптарының тізіміне енуі мүмкін. Мұнда желдеткіш, теледидар, жылу, жарық та бар. Осы бір ғажайып үйдің иесі Гиннес рекордтары кітабының өкілдерін күтіп жүр. Әзірге ең үлкен киіз үй Моңғолия жерінде бар екені анықталған. Оның аумағы 200 шаршы метр.

Сондықтан Ойқарағай шатқалындағы ерекше сәулет өнеріне тең келетін киіз үй Гиннестің рекордтары кітабына енеді деген үміт бар.

"Біз қажетті құжаттарды жинап, арызды жолдадық. Қазір оны осы комитеттің өкілдері қарап, зерттеуде. Содан кейін бізге жауаптарын жібереді. Әрине біз ұсынған деректерге көз жеткізу үшін комиссия мүшелері осында келеді. Жалпы, қазақтың киіз үйі еуропалықтарға да таңсық емес. Мәселен, Франция мен Испания ортасында орналасқан Андорра княздігі біздің киіз үйімізді тігіп, бүгінде туристерді таң-тамаша етуде", - дейді этно-мәдени бақтың PR-менеджері.

"Гранд Валира" деп аталатын мына демалыс орнында ақ үйіміз алыстан менмұндалап тұр. Ал Алматыдағы аумағы үш жүз метрден асатын киіз үй рекордты жаңартып жатса, қазақтың тағы бір құндылығының жоғары бағаланғаны деп біліңіз.

7 арна