Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы: "Абайламасақ, біз де арандаймыз"

ерлан карин Соңғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, Сириядағы қақтығысқа әлемнің 74 елінен 11 мыңнан аса ерікті қатысуда. Бұған дейін баспасөз беттерінде Сириядағы қақтығысқа Қазақстаннан 500-ден аса адам кеткен деген ақпарат тарады. Ал, лаңкестік жайын зерттеп жүрген белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин осы мәселеге қатысты тың ойларын ортаға салды. – Қазір Сирияда жүрген жиһадшылардың көбі – Сауд Арабияның азаматтары. Бұлар бес пен сегіз мыңның арасында. Сол жаққа Тунистен – төрт мың, Ирактан үш мың адам аттанған. Ал Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағынан екі мыңға жуық адам жол тартқан. Бұған 412 французды, 366 британдықты, 296 бельгиялықты және 290 АҚШ азаматтары мен Германиядан 290 адамды қосыңыз. «The Jamestown» (АҚШ) қорының сарапшысы Джейкоб Зеннің деректері бойынша, Ұлыбританиядан 700-ден аса жиһадшы Дамасске қадам басқан. Тіпті, Англияда азаматтарды Сирия соғысына дайындап апарған «Bangladesh Boys» ұйымының мүшелері ұсталған. Ал Орталық Азия елдеріне келер болсақ, Өзбекстаннан – 500, Түрікменстаннан – 360, Тәжікстаннан – 190, Қырғызстаннан – 100 адам. Сириялық құрылымдар мен экстремистік сайттардың ақпараттары бойынша Қазақстаннан 250 азамат кеткен. Алайда, арнайы қызметтің мәліметтері 190 деп көрсетеді. Олардың екеуі қаза тауып, төртеуі елге оралған. Нақтылап айтқанда, Сирияға кеткен қазақстандықтардың басым көпшілігі Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында туғандар. Одан кейін Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарынан шыққандар. Сириядағы қақтығысқа кеткендер туралы зерттеулерге қарағанда радикалды діншілдердің ошағы еліміздің батыс өңірі ғана емес, Орталық Қазақстан да жиһадшыларды дайындау «орталығына» айналған. www.saigez.kz ақпараттық сайтында саясаттанушы Ерлан Қаринның Қазақстаннан Сирияға аттанған жиһадшыларды үш топқа бөлгендігін жазған. 1. Мәселе құрбандары. «Олар жеке проблемаларының асқынуынан шығар жол іздеушілер. Кейбіреуі мәжбүрліктен шетел асқан. Мысалы Сирияға кеткендердің бірі А. Жансеңгіровтің туыстары оның телефон арқылы «елге қайта алмаймын», «мені алып кетті», «егер елге оралсам, қамауға алады» деген сөздерін жеткізген» екен. 2. Алданғандар. «Жиһад идеясын қолдаса да, алданып қалғандар бар. Сирияда мұсылмандық тәртіпте жақсы өмір сүруге аттанғандар да жоқ емес. Жиһадшылардың бірінің әйелі Әзиза Әзмәметова елге оралғанда «Сирия – мұсылман үшін қолайлы ел. Біз ол жаққа соғысу үшін емес, өмір сүру үшін бардық» деген. 3. Фанаттар. «Жиһад идеясымен уланып, саналы түрде соғысу үшін ғана барғандар. Жезқазғаннан кеткен жастар жергілікті дін өкілдерінен сапарларының алдында «жиһадқа кетуге бола ма?» деген сұрақтарды көп қойған, яғни, оларды сол ой мазалағаны белгілі болды» деп жазған. Ал белгілі sayasat.org сайты Ерлан Қаринның «Адасқан бауырларымыз арашаға зәру» атты сұқбатын жариялапты. Мақалада саясаттанушы лаңкестік жайлы біраз мәлімет айтқан. Бұл вирус бұрын таралып кеткен болатын – Егер бізде ешқандайда сыртқы фактордың әсерінсіз өздігінен құрылған лаңкестік топ бар ма дейтін болсақ, әрине, жоқ. Қазақстанда болған барлық оқиғалар – әлемдегі түрлі террористік топтардың қандай да бір жеке мәселесін шешу немесе өздерінің бар екенін білдіру жолындағы талпыныстары ғана. Әрине, бұл барлық қақтығыстар сырттан қолдау тауып отырды дегенді білдірмейді. Бірақ, бұл топтардың барлығы кезінде құрылған қылмыстық желінің бөлшегі болатын, олар автономды түрде әрекет етті, кейбіреулері сырттан қолдау тапса, кейбіреулері өз беттерінше қимылдады. Алайда, бұл вирус бұрын, көп жылдың алдында-ақ, таралып кеткен болатын. Жаңағы «Халифат сарбаздары» – «Ислам Жиһады Одағының» Қазақстанға жоспарлаған миссиясындағы бір кішкене ғана жоба еді. Жалпы алып қарағанда, бұл Қазақстанда тренд емес, соңғы жылдары түгел Орталық Азияға тән болған террористік мәселелермен астасып жатқан тенденция. Ауған-пәкістан шекара аймағына шоғырланған ӨИҚ – Өзбекстандағы Ислам қозғалысы, Түркістан Ислам партиясы, Исламдық Жиһад одағы секілді және басқа да террористік топтар әлдеқашан белгілі бір мемлекетке орныққан шағын топтарды тәжірибеден өткізуді жүзеге асырып жатыр. Мысалы, Қырғызстандағы террористік ұйым саналатын – «Жаиш аль-махди» немесе тәжік террористік ұйымы – «Джаммат Ансаруллох». ТЕРРОРДЫ ТОЛЫҚ ТІЗГІНДЕГЕН ЖОҚПЫЗ – Әуелі атап өтетін жайт, бұл қауіптің дәрежесін анықтағанда ақпарат құралдарында қалай талқыланып жатқанына сүйену дұрыс емес. Егер біз бұл жөнінде аз айтып, аз талқылап жатсақ, бұл біздің терроризмді толық жеңгенімізді білдірмейді. Әрине, бұл тақырыптың аз айтыла бастауы, сөзсіз, арнайы мамандар мен үкіметтің тынымсыз еңбегінің жемісі, соның нәтижесінде еліміздегі қауіп сейілді деуге болады, дегенмен, әлі де қауіп бар. Қайталап айтамын, қауіп әлі бар, ал оны елемеу қате. Сондықтан жаппай арқаны кеңге салуға болмайды. Халықаралық аренада қарбалас артып келеді. Ғаламдық ойыншылар арасындағы қақтығыс өршуде, олардың келесі жолы қайда маңдай түйістіретінін де ешкім білмейді. Кез келген террористік топтың артында әлдебір мемлекеттің немесе үкіметтің, әйтпесе арнайы қызметтердің мүдделері тұратыны ешкімге жасырын емес. Террористік топтар мен ұйымдар – геосаяси соғыстың өзіндік бір құралдары. Демек, терроризм қаупі әлемдік дәрежеде өсе түсетін болады, сондықтан, бізге сақадай сай болу шарт. Терроризм идеология емес, стратегия! – Жалпы, Қазақстанда болған оқиғаның барлығын классикалық түрдегі терактілік іс деуге келмейді. Көптеген шетелдік сарапшылардың, оның ішінде, АҚШ, Батыс Еуропаның сарапшылары өз есептерінде Атырау мен Тараздағы оқиғаны қоспағанда, Қазақстандағы оқиғаларды террористік әрекет деп таныған жоқ. Бұл негізсіз емес. Идеология маңызды емес демеймін, бірақ идеологияны қандай да бір тапсырмаға пайдалану үшін адамдардың белгілі бір тобына арнайы қолданады. Күні ертең Украинадағы қақтығыстарға қатысу үшін Орталық Азия мемлекеттеріне лаңкестер шоғырланбайды деп кім кепілдік бере алады?! Ал бұл істе басқа идеология қажет болатыны түсінікті. Сондықтан мен терроризм идеология емес, стратегия деймін. Бұл белгілі іс-әрекеттер жүйесі, ал идеологиялық тұғырнамалар небәрі құрал ғана. Мемлекеттің ішкі иммунитеті әлсіресе, қоғам жағдайы да қиындайды – Әр жағдайдың түрлі себебі бар. Кез келген оқиға ішкі және сыртқы факторлардың өте күрделі байланысынан туады. Біздің зерттеуіміз бойынша, 2002-2003 жылдардан бастап түрлі халықаралық террористік топтар өздерінің радикалды желілерін бізде тарата бастаған. Олар әр түрлі ішкі ахуалдарды – идеологиясыз бос кеңістік, кедейлік, жұмыссыздық, сыбайлас-жемқорлық секілді мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасындағы шешімін таппаған күрделі мәселелерді өз мақсаттарына өте тиімді пайдаланады. Тағы қайталаймын, лаңкестік – ол бір вирус, жегі құрт. Егер мемлекеттің ішкі иммунитеті әлсіресе, қоғамда түрлі мәселе туындап, ол мемлекет сыртқы күштердің ықпалына төтеп бере алмайтын болады. Саяси технология Қолданылды – Өкінішке орай, Сирияда біздің азаматтарымыз бар. Ұлыбритания, Франция, Бельгия секілді елдерден келіп соғысып жатқандармен салыстырғанда саны көп емес, бірақ еліміздегі халықтың санына шақсақ, аз да емес. Сирия аумағында Қазақстаннан және түгел Орталық Азиядан келген жүздеген адам соғысып жүр, тіпті, олар әртүрлі топтардың құрамына кіріп, бір бірімен шайқасып жатыр. Ал, саяси технологияның жемісі – сол біздің азаматтарымыз туралы табылған ақпараттың таратылуы. Айтып отырғаным, Қазақстаннан Сирияға соғысуға барғандар отбасыларымен бірге көрсетілген атышулы бейнеролик. Бұл бейнеролик – ақпараттық соғыстың бір бөлшегі. Бір жағынан видеоны түсіргендер барғандардың кері қайтар жолын жабу үшін әдейі жариялаған болса, екінші жағынан оны насихат ретінде пайдаланып, жаңа жауынгерлерді тартуды көздейді. Осы істердің бәрінің де артында тұрғандарға жәрдемдеспейік десек, мұндай ақпараттарды таратқанда өте ұқыпты болу керек. Оларды біреулер қолшоқпар қылды – Кез келген елде қазір бұл тақырып қызу талқыланып, қай заңды қатайту керек немесе қайсысын жұмсартқан жөн деген сыңайдағы дискуссиялар жүруде. Талқылаулар әлі жалғасуда. Бұл мәселені шешуде объективті ұстаным болу қажет. Тым сенгіштіктен немесе қателесіп террористік ұйымдарға еніп кеткендер бар. Қарулы қақтығыстарға қатыспаған адамдарға жеңілдіктер болу керек, мысалы, рақымшылық жасау сияқты. Бұны ымыраға келу деп емес (бізде азаматтар мемлекетке жаппай қарсы шыққан емес), жастарымызға тағы бір мүмкіндік беру деп түсінген жөн. Себебі, олар да біз секілді адамдар, тек бір кездері қатты жалғызсырады, сосын шығар жол, өздеріне түсінікті идеология іздеді, қателесті, теріс жолға түсті, ақыр соңында сол адамдарды бәзбіреулер қолшоқпар қылды. Бірақ, қолына қару алып, қылмыс ұйымдастырып, қасақана әрекет еткендерді міндетті түрде қатаң жазалау қажет. Дайындаған Сейілбек АСАН