"Үкімет қаулылары 9 айға дейін кешігіп, бюджеттің атқарылуына кері әсерін тигізуде..."

aitahanov

 Қуаныш Айтаханов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты: 

"Үкімет қаулылары 9 айға дейін кешігіп қабылданып, бюджеттің атқарылуына кері әсерін тигізуде..."

Үкімет жеке тұрғын үй салуға басымдық беріп, жеке азаматтардың әлеуетін толық пайдалануы  керек 

Сенаттың 11.06.2014  жылғы Жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылауда сөйлеген сөзі

 Құрметті Төраға, құрметті әріптестер ! Қадірменді Үкімет

 Үкімет пен Есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Сенат комитеттерінің отырыстарында жан-жақты талқыланды. Сондықтан есепті қолдап, бекітуді ұсына отырып, бір-екі мәселеге тоқталғым келеді. Парламент соңғы жылдары республикалық бюджет туралы заңды әзірлеп бекіткен кезде Заңның баптарымен нысаналы трансферттер бойынша бөлінетін қаражаттың нақты көлемін көрсетпей, Үкіметтің шешіміне сілтеме нормалар ғана келтіреді. Мәселен, «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2012 жылғы 23 қарашадағы Парламент қабылдаған Заңның 13 бабында 39 бағыт бойынша облыстық, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің арасында 2013 жылға арналған 404,3 млрд. теңге ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлу туралы Үкіметке  сілтеме норма көзделген. 2013 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының 18%-дан астамы резервті қоса есептегенде өңірлер мен әкімшілерге  Үкіметтің 2012 жылғы 30 қарашадағы №1520 шешімімен бөлінген. Осылайша, «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң тікелей қолданыталын заңға айналмай, бұл есепті қаржы жылында бюджет параметрлерінің бірнеше мәрте қайта қаралуына, өңірлер арасында бюджет қаражатының жеткілікті дәрежеде негізделмей бөлінуіне алып келуде. Ал, осы Үкімет шешімімен бюджет әкімшілері мен өңірлерге  бөлінген «Ағымдағы нысаналы трансферттер мен субсидияларды пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулылары 3 айдан 9 айға дейін кешігіп қабылданып, бюджеттің атқарылуына кері әсерін тигізуде. Мысалы, «Облыстық, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2013 жылға арналған республикалық бюджеттеріндегі білім беруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысы 2013 жылдың 15 шілдесінде, 6 айға кешігіп шықса, Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге өсімдіктерді қорғау мақсатына арналған биоагенттердің және биопрепараттардың құнын арзандатуға берілетін арналған ағымдағы нысаналы трансферттердің пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысы 2013 жылдың 9 қыркүйегінде, яғни 9 айға кешіктіріліп шыққан. 12 айға жоспарланған бюджет қаражатын 3 немесе 6 айда игеру мүмкін бе? Игерілген жағдайдың өзінде оның сапасы қандай болатыны баршамызға белгілі емес пе? Қорыта айтқанда, мұның барлығы бюджет қаражатының игерілмеуіне, өңірлерде мемлекеттік, салалық бағдарламаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген нысаналы трансферттердің негізсіз, тиімсіз және сапасыз пайдалануына, олардың республикалық бюджетке қайтарылуына әкеліп соғады. Сондықтан, Парламент алдағы кезде нысаналы тарнсферттер мен субсидиялар бойынша бөлінетін қаражаттардың көлемін «Республикалық бюлджет туралы» Заңда нақтыланып көрсеткені жөн деп есептеймін. Ал, Үкімет бөлінген трансферттер мен субсидияларды пайдалану қағидаттарын алдағы бюджет жылына дейін дайындап республикалық бюджеттің толыққанды орындалуын қамтамасыз етуі керек. Екінші мәселе. «Қол жетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы туралы. Бүгінде, баспана мәселесі ең үлкен проблемаға айналды. Есеп комитетінің талдаулары көрсеткендей Үкіметтің осы бағыттағы атқарып жатқан жұмыстары сын көтермейді. Құрылыс индустриясын дамыту, тұрғын үй құрылысына инвестициялар тарту, жалға беретін тұрғын үйді салу, тұрғын үй құрылысы салынатын жерлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мәселелері толық шешімін таппай келеді. 2011-2013 жылдары тұрғын үй құрылысының жинақ ақшасы жүйесі арқылы салу жоспарланған 742 мың шаршы метр тұрғын үйдің 40,7% ғана пайдалануға берілген. 2013 жылдың 1 шілдедегі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2011 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 57 млрд. теңгенің 41,5 млрд. теңгесін немесе 72%-ын игермеген, оны қаржы құралдарына, бағалы қағаздарға салып 1,6 млрд. тг. пайда тапқан. Осы сияқты, тұрғын үй салуға бөлінген қаржылардың игерілмей қалған, мақсатсыз, тиімсіз жұмсалуы көптеген өңірлерде орын алуда. Елімізде тұрғын үй мәселесін шешудің ең тиімді жолы жеке меншік үй құрылысын дамыту өз дәрежесінде емес.         Өткен жылы республика  бойынша 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салынса, соның 3,5 млн. шаршы метрі немесе 52% жеке тұрғын үйлер құрады. Бұл көп пе, аз ба? Әрине аз. Себебі 3,5 млн. шаршы метр ол шамамен 20 000 жеке тұрғын үй деген сөз. Бүгінде, елімізде жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алу кезегінде 1 млн. астам адам тұр. Жеке тұрған үй құрылысы бүгнгідей темппен жүретін болса, бұл кезекті еңсеруге 50 жыл керек. Сондықтан, мемлекет жеке азаматтардың әлеуетін пайдаланып, тұрғын үй салуға барынша қолдау көрсетуі қажет. Бірінші кезекте жер телімдерін беруді шешуіміз керек. Жер кодексінде жеке үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдері тек инфрақұрылымдары дайын жерлерден беріледі деп көрсетілген. Бұл алдымен инжерлік-коммуникация инфрақұрылымын барынша тез, озық қарқынмен жүргізуді талап етеді. Алайда, жеке үй құрылысы инфрақұрылымына қаржы аз бөлінеді, ал кейбір өңірлерде мүлдем бөлінбейді. Соның салдарынан кең байтақ жері бар елімізде жеке үй салуға жер телімі берілмейді. Жер кодексіндегі «Қазақстан Республикасының әрбір азаматының жеке үй салу үшін жер телімін алуға тиісті құқығы бар» деген Заң талабы орындалмай келеді. Мысалы, 2013 жылы қол жетімді тұрғын үй бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 62,3 млрд.тг. көзделген болса , бөлінгені 41,1 млрд.тг. немесе 62,9% ғана, оның ішінде жеке тұрғын үй инфрақұрылымына 18,7 млрд.тг. немесе 30% ғана қаржы бөлінген. Егер, бағдарламада көрсетілген қаржы толық бөлініп, ол жеке меншік үйлердің инфрақұрылымына жұмсалған болса, қосымша 1,8 млн. шаршы метр немесе 10 мың жеке тұрғын үй пайдалануға берілген болар еді. Сондықтан, Үкімет алдағы кезде жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру мәселесін реттеп, оның инфрақұрылымын озық қарқынмен жүргізу үшін, қаржыны көбірек бөліп, жеке үй салу темпін 2-3 есеге көтеруі қажет. Бұл маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй салушы азаматтармен қарым-қатынасын, құқықтары мен міндеттерін айқындап, жер телімдерін берудің ашықтығын қамтамасыз ететін, жеке үй салушы азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетуді (арзан, ұзақ мерзімді несие, инфрақұрылым салу, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету), т.б. мәселелерді қарастыратын арнайы «Жеке меншік үй құрылысын жүргізу туралы» заң қыбалдаулары керек. Алдағы кезде Үкімет жеке тұрғын үй салуға басымдық беріп, жеке азаматтардың әлеуетін толық пайдалануы мүмкіндіктерін беру керек деп есептеймін. Баспана мәселесі демографияға тікелей әсер ететін өте маңызды – әлеуметтік мәселе екенін ұмыптауымыз керек. www.qazaquni.kz