ӨЗ ПРЕЗИДЕНТІНЕ ҚАРСЫ МИНИСТР  ЫДЫРЫСОВ ПУТИНГЕ СҮЙЕНІП ОТЫР МА?

ыдырысов 1

Мемлекеттік тілге миы, мемлекеттік мүддеге ойы жетпейтін мемлекеттік қызметкерлер мемлекетке қауіпті!

 

Иә, сізге өтірік, маған шын, ана тілінде - мемлекеттік тілде нан сұрап жей алмайтын, яғни бір ауыз сөз білмейтін  Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты не түлен түрткенін қайдам, мемлекет басшысының өзіне, ел алдында айтқан сөзіне қарсы шықты...   Биылғы 6 ақпанда  ҚР Президенті Н.Назарбаевтың  Атырау облысына барғанда, халықпен кездескендегі айтқан:  "Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты "стан" деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында "стан" жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе "Қазақ елі" деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салғаны жөн"-, деген Елбасының ел қуандырған бастамасының басына су құя салды... Ұлттық мүддеге бей-жай қарай алмайтын Abai kz  порталының  жазуынша:  "Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов франциялық «La Vanguardia» басылымына берген сұхбатында Қазақстан «стан» жұрнағынан бас тартпайтынын айтқан. «Бұл – БАҚ-тың қалжыңы. Оны шын деп қабылдауға болмайды. Қазақстан – Қазақстан болып қалады», депті министр." Сонда бұл қалай болғаны? Мейлі, біздің, журналистердің бұл мәселені талқылауы ол үшін "қалжың" бола қойсын, ал мемлекеттік тілден мақұрым  болса да, өзін екі рет министр еткен Елбасымыздың ел алдындағы сөзін қалай қалжыңға айналдырып, шетелдік беделді  басылым журналистері алдында сойған түлкідей ыржалаңдап отыра береді? Ал Елбасы бастамасына шын қуанып,  жаппай талқылауға көшкен елдің тілегі  бұл министрге жай "қалжың" ғана ма? ` Қалжың бола ма, мейлі тікелей аударсақ,  айла-қулық десін, («Это штучки СМИ, их не надо принимать всерьез. Казахстан останется Казахстаном, причем год от года – в большей степени»), бәрібір министрдің халық қалауын ойынға айналдыруы оның атқарып отырған лауазымына лайықсыз, жауапсыз жеңілтектігі болып саналады... Сонда біздің елде кім президент? Ел атауының тағдырын Елбасы мен ел шеше ме, әлде бәрін қалжыңға" айналдыра салатын, мемлекеттік тілді миын ауыстырмаса, үйрене алмайтынын Парламент алдында мойындаған министр шеше ме? ("МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?.".  http://www.qazaquni.kz) Министр "Қойшы, соның сөзін"-деп, бізге,  маған айтуға болады...  Ал әлемдегі алпауыт елдер президенттері сыйлап, санасатын, мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызған   тұңғыш президентіміздің сөзіне олай қарау - өзге елдерде, мысалы Өзбекстанда болса, ойлаудың өзі қорқынышты-ау... "Өз тілінде ойлай алмайтындар өз еліне қауіпті"-деп шаршамай-ақ талай айтып келеміз. Олар да шаршамайды екен, талай "дәлелдеп" келеді... Бір ауыз ана тілін білмейтінін министр баласы үшін қысылып-қымтырыла қоймайтын, қайта мақтанатын қадірменді Әбілфайыз ақсақал енді ұялатын шығар... Кеше ғана қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтан соң "Ұлтық мүдделерің,  мемлекеттік тілің жайына қалады, "Мәңгілік ел" мәңгі арман болып, "Қазақ елің" мазақ еліне айналады"-деген күдігімізді ең алдымен шындыққа айналдыруды бастап, езуін де, айылын да жимай отырған Ерлан Ыдырысов кімге сеніп отыр? Бұл Сыртқы істер министрінің сыртқа сүйеніп,  Ақордаға Кремльдің көзімен қарап, Путинге иек артудың басы емес пе?!. Біз бәрібір ұлттық мүддені, мемлекеттік тілді, Елбасымыз айтқан "станды" алып тастауды, "Мәңгілік ел" идеясын мәңгі күрессек те, жеріне жеткізбей қоймаймыз, Ерлан Ыдырысов мырза! Мұндай мемлекеттік тілде ойлана алмайтын, мемлекет мүддесін "қалжыңға" айналдыратын "министр" мемлекетке керек пе?  Керек емес! Ұлттық мүддемізді мазаққа айналдыратын, мемлекеттік тілге миы жетпейтін, мемлекеттік мүддеге ойы жетпейтін мемлекеттік қызметкерлердің бәрі де мемлекетке қауіпті!  Әсіресе, бұндай қауіптің ұлттық мұдделер мен экономикамыз бәсекеге түсетін  Еуразиялық экономикалық одаққа кіруімізге байланысты еселеп арта түсетіні анық. Қазыбек ИСА                 www.qazaquni.kz

*Тақырыпқа негіздеме

Н.Назарбаев: Қазақстан Қазақ елі деп аталуы мүмкін

 АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың ресми атауы Қазақ елі болып өзгеруі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол Атырау облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.- Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты "стан" деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында "стан" жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе "Қазақ елі" деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салғаны жөн, - деді Президент.Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы еліміз бірлік пен толеранттылықты сақтай отырып, барлық мақсаттарға жететінін атап айтты.- Біздің артықшылығымыз - көп этносты халқымыздың әралуандығында, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
06 Ақпан 2014, 20:53  ҚазАқпарат    http://inform.kz/kaz/article/2628608