Мемлекеттік Көші-қон және қазақ диаспорасы агенттігін құрудың маңызы ерекше

Депутаттық сауал

 оралман Бүгінгі күнде үш қазақтың бірі Қазақстаннан тысқары елдерде өмір сүруде. Олардың бүгінгі тағдыры отаршылдық үстемдік дәуіріндегі қилы тарихи кезеңдердегі әділетсіз саяси себептерге байланысты қалыптасқандығы  баршамызға белгілі. Олардың басым көпшілігі империялардың қазақ жерін қанталапайға салып, пышақ үстінен бөліске салған замандарда өздерінің байырғы ата қонысында отырып-ақ шетелдік болып шыға келді. Ал, қалған бөлігі жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұйымдастыру кезеңінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика аумағын тастап кетуге мәжбүр болған бейкүнә қандастарымыз болатын. Сол қазақтардың бүгінгі ұрпақтарының басым көпшілігі еліміз тәуелсіздік алғанына 23 жылға аяқ басса да, әлемнің қырықтан астам елінде тарыдай шашылып жүр. Жақында Республика Үкіметі сол қандастарымызды елге көшіруді жеделдету мақсатында, қазақ көшін көлікті етудің құқықтық және әкімшілік тетіктерін оңтайландыруға бағытталған аса маңызды саяси шешім қабылдады.  Ұлттық мемлекетімізді одан ары бекемдеу  жолындағы мұндай игі бастамалардың  дұрыстығы дау тудырмайды. Бірақ, жеткіліксіз! Себебі, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасының ұлттық болмысына төнген  қатер жыл өткен сайын ауырлай түсуде. Миллионға жуық қандасымыз тұратын көрші Ресейде бір де бір қазақ мектебі жоқ.  Кешегі  тоқсаныншы жылдардың өзінде 90 пайыздан аса бала өз ана тілінде білім алатын Қытай мен Өзбекстанда қазақ мектептерінің саны адам шошырлық жылдамдықпен кеміп жатыр. Ал, олармен мәдени байланыстарды күшейтуге міндеттелген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысы сын көтермейді. Және ол бар болғаны қоғамдық ұйым ғана. Сол себепті, мемлекеттік Көші-қон және диаспора агенттігін құрудың маңызы ерекше. Израил, Германия, Ресей және Қытай елдерінде өз диаспораларының құқық-мүддесін қорғауға бағытталған арнайы мемлекеттік құрылымдар аса өнімді жұмыс істеп келеді. Еліміздің көші-қон саясаты дау жоқ, ұзақ мерзімге бағытталған кешенді жоба. Қазақ көші де таяу болашақта толас таппайды. Сондықтан, тәуелсіз Қазақ елінің алдында тұрған қасиетті парызы да тағдырдың жазуымен жат елдерде өмір сүріп жатқан өз қандастарымызды біртіндеп елге көшірумен қатар олардың тұрғылықты жеріндегі құқық-мүддесін қорғау мен ұлттық болмысын сақтауына да ерекше қамқорлық көрсетуге міндеттіміз! Ал елімізде бүгінге дейін осындай орасан зор міндетті атқаратын мемлекеттік орган жоқ болып отыр. Ішкі істер министрлігіндегі көші-қон департаментінің қызметі тек визалық - рұхсат берумен шектеулі екені белгілі.Ал қоғамдық ұйымдар мұндай жүкті көтере алмайтыны анық. Сондықтан, құлашын кеңге сілтейтін құзыреті бар Көші-қон және қазақ диаспорасы агенттігін құру- кезек күттірмес мәселе деп білеміз. Бұл ең алдымен қазіргідей дүниенің дүрбелеңі көбейіп тұрған алмағайып заманда ең алдымен Тәуелсіз Қазақстанымыздың іргесін бекемдей түсетін, ұлттық қауіпсіздігімізге байланысты  зор мәселе екеніне баса назар аударуымыз керек. Оның үстіне еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа кіріп отырған сәтте, шетелдегі қандастарымызды атамекеніне тарту  арқылы қанатымызды қатайтып, керегемізді кеңейте түсудің   маңызы зор екені анық.

"Ақ жол" партиясының парламенттегі фракция мүшелері

www.qazaquni.kz