Әбіләзовтың ісі бойынша тыңдаулар жалғасуда

ablyazov_1 Лиондағы апелляциялық соттың тергеу палатасы сейсенбіде бұрынғы банкир Мұхтар Әбіләзовтың экстрадициясын талап етіп отырған Ресей мен Украинаға оның ісі бойынша тыңдауларға қатысуға рұқсат берді. Бастапқыда 12 маусымға жоспарланған тыңдаулар шегеріліп, қыркүйектен бұрын өтпейтін болды. Нақты күні әлі белгілі емес. Сот қаулысында Ресей мен Украина өкілдеріне тыңдауларда сөз сөйлеуге рұқсат етілгенімен, олар тергеу құжаттамасына қол жеткізе немесе оған материалдар қоса алмайды, делінген. Мұхтар Әбіләзов Ресейде, Украинада және Қазақстанда бірнеше қылмыстық істер бойынша айыпталуда. Олардың барлығында да Әбіләзов банктегі 5 млрд доллар ақшаны шетелге шығарды деген дәлел келтіруде. Мәскеуде оның сыбайластары - Әбіләзовке тиесілі "Еуразия логистик" компаниясының өкілдеріне қатысты сот өтіп, олардың барлығы 8-9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ресейдің экстрадициялау туралы шағымының негізінде Әбіләзов 13 шілдеде Францияның Канн қаласының маңында арнайы жасақтың көмегімен қолға түсті. NUR.KZ