Саясат НҰРБЕК, саясаттанушы: "ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЖІГЕРЛІ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА"

Саясат Н__рбек Қазіргі жұрт саясатты жілікше шағады  – Бүгін, қарап отырсаңыз, кез келген арманыңызды жүзеге асыруға мүмкіншілік бар. Мәселен, менде АҚШ-та оқимын деген ой болған емес. Ата-әженің қолында өскен баламын. Бүгінде арманыңызды жүзеге асыру жолында «жоқ мені жібермеді, жұлқыды, тартты» деп айта алмайсыз. Гарвардқа барғыңыз келе ме, әлде, Оксфордқа барғыңыз келе ме бәрі де өз қолыңызда тұр. Дүниенің кез келген жерінде жүрген жетекші профессорға баруға да мүмкіндігіңіз бар. Міне, осындай мүмкіндіктер идеология мен құндылықтарды қатты өзгертіп жіберді. Соңғы жылдары жастардың бойында көптеген өзгерістер орын алғаны мәлім. Мысалы, жастар еркін ойлай бастады. Бұл – бірінші мәселе. Ал, жастарға аса қажет екініш мәселе ол- сенім. Мықты мемлекеттерді алып қарасаңыз, олардың дамып кетуінің негізгі тірегі – сенім. Мәселен, олар өз-өзіне сенеді, сосын бір-біріне, сосын көшбасшыларына сенеді. Бізде осы сенім мәселесі әлсіреп тұр. Біз ішкі саясатпен айналысып жүрген соң, көптеген адамдармен кездесеміз. Кейде адамдар «Еуразиялық Одаққа кіріп жатырмыз, енді не болады, мына жақта Қытай күшейіп барады, жұтып қоймас па екен, шағын елміз, халқымыз аз» деген сияқты пікірлер айтады. Айталық, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея секілді елдерді алып қарасаңыз, олар өз-өзіне қатты сенетін халықтар екендігіне көз жеткізесіз. Екінші тағы бір жәйт, адамның бір-біріне сенім жайы. Оңтүстік Кореяға барсаңыз, Сингапурға барсаңыз, олардың бір-біріне өте сенетіндігін байқайсыз. Осы тұста бір мысал айта кетейін, 1965 жылы Малайзия Федерациясы Сингапурды өзінің құрамынан шығарып тастады. Керек етпеді. Сингапурда ресурс, шикізат, қысқасы, ешқандай байлық жоқ еді. Тіпті, ішетін ауыз судың өзін Малайзиядан алатын. Премьер-министр Ли Куан Ю теледидардан халқына болашағымыз қалай боларын білмеймін деп егілді. Алайда, олар берілмеді. Өздерінің болашағы үшін күресті. Үшінші әлемнен алдыңғы қатарға шықты. Аймақтың көшбасшысы, сауда державасы болды. Қытайдың өзіне тауар экспорттайтын жағдайға жетті. Немесе бауырлас түріктерді алыңыз. Олар Еуропа елдерінде көп қой. Германияға, Голландияға барсаңыз, бір түрік екінші түрікті көрсе, бауырына басып, қол ұшын созады. Олар да бір-біріне қатты сенеді. Қытайлар секілді өздерінің дүкендерін, ресторандарын ашып қояды. Яғни, кішкентай бір түрік дүниесін құрып қояды. Үшіншісі мәселе – жоғары лауазымдыларға сенім мәселесі. Шенділердің қолында үлкен жауапкершіліктің бар екендігі белгілі. Кейде қабылданатын кішкентай шешімнің үлкен геосаяси мәні бар екендігін түсіне де бермейміз. Міне, біз осында отырмыз, ал Астанада үш елдің басшылары тарихи келісімшартқа қол қойып жатыр. Біздің институтымыз осы жұмысқа тікелей араласты. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты «20 сұрақ» атты кітапша дайындадық. Байқасаңыз, билік орталықтары Азияға қарай көшіп жатыр. Бұл өте тез, шапшаң жүретін үрдіс. Айталық, Қытай экономикасы 2020 жыл ғана Жапония мен АҚШ-ты басып озады деген болжам болған. Ал, Қытай Жапониядан 2012 жылы, АҚШ-тан 2013 жылы озып кетті. Елбасымыз осы стратегияларды алыстан байқап жатыр. Мысалы үшін, Елбасы Алматыны Астанаға көшіргенде ешкім сенген жоқ қой. Сол секілді Президент Халықаралық «Болашақ» бағдарламасын ашқан кезінде де көпшілік күдікпен қараған еді. Біз жиырма жылдан соң, «Болашақ» бағдарламасының қалай ашылғандығы жөнінде білгіміз келді. Сол уақыттағы кеңесшілері: «Ойбай, бізге ондай бағдарламаның қажеті жоқ. Тіпті, валютамыз да жоқ. Қажеті жоқ» деп шулаған екен. Олар бұл бағдарламаның пайдасын енді ғана түсініп жетті. Қаншама адам оқыды, көздері ашылды, қоғам көрді, мемлекет көрді дегендей. Тіпті, қазір құндылықтар ауысып жатыр. Бес жыл бұрын қалай еді? Салыстырып көріңіз. Сол кездегі әлеуметтік белсенділік қарқынын бүгінгімен салыстыруға да келмейді. Елді де өзіміз қорғап, кибернетика мен ғарышты да игеруіміз керек – Құндылықтар жүйесінің бірнеше моделі бар. Әсіресе, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінде бұл нәрсе мемлекет тарапынан жоспарлы түрде ұйымдастырылады. Мемлекетте идеология міндетті түрде болуы керек. Мысалы үшін Кеңес заманында жастарға нақты бағыт беріп қоятын. Юрий Гагарин сияқты ұшқыш бол! Немесе басқа да танымал тұлғаны көз алдына қойып, сол секілді болуға тәрбиелейді. АҚШ осы секілді идеологияны СССР-ден алған. Мысалы, Гагарин ғарыштан ұшып келген соң, бүкіл СССР-ді аралады ғой. «Мінекейіңіз, адамзат тарихында ғарышқа ұшқан ең тұңғыш адам осы!» деп оны үлгі етті ғой. Совет идеологиясы өте мықты болатын. Ал, АҚШ осы идеологияны жақсылап пайдаланып кетті. Айталық, қазіргі таңда АҚШ-та жастар бизнесмен немесе өнер жұлдызы болғысы келеді. Әнші, киноактер, Марк Цукерберг, Стив Джобс секілді танымал болуға ұмтылады. Міне, бізге де осындай идеология қажет деп санаймын. Егер, Стив Джобс Қазақстанда дүниеге келгенде ол не үйсіз-күйсіз қаңғыбас немесе қазіргі тілмен «бомж», яки өзінің орнын таппаған дүбәра біреу болар еді. Ойлап қарасаңыз, ол асырап алынған бала, не орта, не жоғарғы білім жоқ. Жұмысқа тұра алмайды. Идеясын жүзеге асырайын десе, қолдау таппайды. Тіпті, киіну үлгісін біздің қоғам дұрыс қабылдай алмас та еді. Қысқасы, әсер етуші факторлар тым көп. Мысалы үшін, біздің қоғамда адамға қателесу құны тым жоғары. Мысалы, ҰБТ-дан құласа бітті, болашағы жоқ деп байбалам салады. Бұл– Азияға тән құбылыс. Әрине, идеология болғаны дұрыс. Бірақ оны тіреп тұратын инфрақұрылым болуы керек. Мәселен, үшін ауылдарда қаншама талантты жастар жүр. Оларға спорт арқылы көтерілу үшін қаншама жағдай бар. «Қазақстан барысы» басталды. Сонда ауылдың қаншама мықты жігіттері шығып, өздерін көрсетті. Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев секілді балуандар чемпион болды. Сонымен қатар, қарулы күштерімізді күшейтуіміз қажет. Жастарымызды соған тартуымыз керек. Бұл – КСРОның қайта құрылуы емес – Жоғарыда тоқталғанымдай, біздің институт Еуразиялық одаққа қатысты ең өткір-өткір жиырма сұрақ дайындады. Егер уақыт тауып, сол кітапшаны қарап шықсаңыздар, бірталай нәрсені дәлелдеген сияқтымыз. Біріншіден бұл – КСРО-ның қайта құрылуы емес. 1994 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған лекциясында осы идеяны ұсынған болатын. Әрине, бүгінгі таңда бұл одақ тиімді ме, тиімсіз бе деген сұрақтар қоғамда жиі талқыланып жатыр. Менің ойымша, мемлекеттік органдар тарапынан Еуразиялық одақ жөнінде дұрыс көзқарас танытылмады. Екіншіден, бұл таза экономикалық келісімшарт. Келісімшартта жалпы азаматтық, сыртқы саясат, парламентаралық ынтымақтастық, паспорт-виза саласы, жалпы шекара күзеті, экспортты бақылау секілді мәселелер жоқ. Бұл қажеттіліктен туған интеграция. Неге? Қазіргі таңда геосаяси жағдай күрт өзгеріп кетті және әлі де тез өзгеру үстінде. Қазақстан Елбасының көреген саясатының арқасында дамып келе жатқаны жасырын емес. Біз көпвекторлы саясатты көп айтамыз. Бұл, былайша айтқанда, «бәрімен дос болу» деген сөз. Қазір «қырғи-қабақ» соғыс кезіндегідей, мемлекеттер блок-блок болып топтасып жатқан сияқты. Бұрынғыдай «бәрімен дос болу» ол ескі құбылыс болып қалды. Оның үстіне, Қазақстан жабық мемлекет. Мұны сіз де, мен де, ешбіріміз өзгерте алмаймыз. Әлемдік банктің жақсы бір зерттеуі бар. Қазір дүниежүзінде отыз бір жабық мемлекет бар екен. Соның он алтысы әлемдегі ең кедей мемлекет болып есептеледі. Қанша жерден ол мемлекеттер өнімін тиімді шарттармен сыртқа шығара алмаса, бәрі көкке ұшты деген сөз. Соның ішінде, Қазақ елі де ең төменгі көрсеткіште тұр. Қазақстанда үлкен нарыққа шығатын бір ғана жол бар ол– үлкен транзиттік жолдарға қосылып кету жолы болып отыр. Сол тұрғыдан қарағанда, Қазақстанда жасалған өнімді тиімді шарттармен сату үшін интеграцияға барып отырмыз. Қазақстан шығаратын өнімді Ресей де шығарады. Белоруссия шығаратын өнімді Ресей де шығара алады. Мысалы үшін, Кедендік одаққа Үндістан секілді елдер де қосылғысы келеді. Өйткені, бұл үлкен нарыққа жол болып есептелінеді. Сол тұрғыдан қарағанда, бізге бұл одақ қажет. Бізде қазір не болып жатыр? Кеше қол қойылды, болды, өлдік деп жатыр. Бұл дұрыс түсінік емес. Біз бұл одақтың әсерін екі-үш жылда түк сезбейтін боламыз. Тұтынушыларға да, кәсіпкерлерге екі-үш жылдан соң ғана сезілетін болады. Бұл жерде біз не істеуіміз керек? Саяси одаққа жақындатпауымыз керек. Тек экономикалық тұрғыдан ғана ықпалдасу қажет. Айталық, қолыңызға әлемдік картаны алып, Қазақстанды үстінен қараңызшы. Не үшін Еуропалық одақ пайда болды? Оның екі себебі бар. Біріншіден – АҚШ-тың ықпалынан шығу, екіншіден- қақтығыстардың алдын алу үшін. Яғни, «менің зауытым сенің еліңде, сенің зауытың менің елімде тұр» деген сияқты. Ал соғысатын болсаң, бизнесің де, бәрі де құриды... Жазып алған Сейілбек АСАН