Өлім аузынан қалған әнші құпия сақтап келген отбасы туралы айтты

7mQg1ERn7uMӨткен жұма күні апатқа ұшырап, жақындары ғана емес бүкіл ел уайымдаған "Азия" тобының әншісі Ренат Баситов көзін ашып, елмен сөйлесе бастады. Екі отадан кейін бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, сейсенбі күні палатаға ауыстырылған әншінің жағдайы жақсарып келеді дейді дәрігерлер. Апаттың қалай болғандығы мен Ренаттың бүгінгі хәлін 31 арна тілшілері біліп қайтты. Қасиетті жұма күні болатын. Осыдан тура бір апта бұрын "Азия" тобы бейнебаян түсіру үшін Балқашқа барған еді. Күн райы қолайсыз болғандықтан, кері қарай үйлеріне бет алған жігіттер дәл сол күні жол көлік апатына ұшырайтынын әрине сезбеген еді... "Азия" тобы бейнебаянды Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған Лұқпан Жолдасовтың дәл осы "Жаным" деген әніне түсіру керек еді. Ал, жолға шығардан бір күн бұрын Ренат жаңа тұлпар алғанын "Инстаграмға" жариялаған болатын. Су жаңа көлікте Ренаттың өзі, "Азия" тобының тағы бір мүшесі Нұрсұлтан, актриса Азиза мен шаш пен бет әрлеуші екі қыз отырған. Ал, оптың үшінші әншісі Ербол Ренаттардың артында өз көлігімен келе жатқан.

Апатқа түскен жігіттердің айтуынша, қарама-қарсы бағытта артында тіркемесі бар шамамен 6-7 тал темір конструкциялар тиеп келе жатқан. Сөздеріне сүйенсек, тізбектеліп келе жатқан габаритті тралдарға полиция жол бастамаған. Заң бойынша жол полициясы алдыда жүруі тиіс екен. Ренат камаздың өзін емес, жанынан бірнеше метр шығып тұрған темірді көлігімен жанап өткен. Нәтижесінде көліктің сол жағы түгел жұлынып кетіп, көлік 800 метрдей жол бойына шығып, шұңқырға барып бірақ тоқтаған.

Апатқа түскен Ренат Баситов пен актриса Азиза бірден  Қарасай аудандық орталық ауруханасына жеткізіледі. Алайда жол бойы көп қан жоғалтқан Ренаттың жағдайы уақыт өткен сайын нашарлай бастаған.

Бірнеше сағат өткен соң дәрігерлер әншіге шұғыл түрде сирек кездесетін 4 топтағы қан керектігін айтады.

Өнер жұлдыздары бірден халықтан көмек сұрауға кіріседі. Әлеуметтік желілерге Ренатқа қан керектігі жазылғаннан кейін, бүкіл ел сүйікті әншісінің ауыр халде екенін біле бастайды.

Ренаттың қазір жағдайы орташа дейді дәрігерлер. Көзін ашып, өз-өзіне келе бастаған соң біз де оның амандығын тілеп, жағдайын білуге ауруханаға келдік. Ауыр халде жатса да әнші тек біздің арнаға бір ғана себеппен сұхбат беруге келісті. "Өмірімнен жұрт сабақ алса екен" дейді ол. Ренат есін жиғаннан соң бірден әйелі мен баласы туралы ойлағанын айтты.  Оның жары және 5 жасар ұлы Ерасылдың барын халық білмейді. Ренат соңғы кездері сахна мен түсірілімдерден қолы тимей, отбасынан жырақта жүргенін айтады. Тіпті, "жарымды жылаттым" деп мойнына алды. Кеше әнші өзінің инстаграмдағы парақшасына "Бақыт деген осы екен" деп өзінің сүйікті жарымен түскен фотосын салды.

31 арна