ҚАЗАҚ КИНОСЫ: АҚША, АТАҚ ЖӘНЕ ӨНЕР...

da62c5fca7e9aa78e97f6543660b2825Елімізге кино өнерінің қаншалықты қажет екендігін, маңыздылығын айту артықтау болар, себебі, оны кез келген саналы Қазақ білуі тиіс. Киноның тарихы, даму жолы, болашағы, адамзат баласына тигізер пайдасы мен тарихи маңыздылығы жайында көптеген ғылыми жұмыстар жазылып, айтылған пікірлер мен ақпараттар аз емес. Бұл мақала ол жайында емес. Дегенмен, «жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды». Кейбір адамдар үшін «ызыңдаған» мәселе құлақты ауыртқан болуы да мүмкін. «Ол» адамдар дәл осы жерден бастап ары қарай оқымай-ақ қоюларына болады («уақытымды үнемдеймін» десеңіздер).

 Иә, «шөптің басы» сонау егемендік алғанға дейін де, кейін де қозғалған болар, бірақ соңғы жылдары қанша дауыл соқса да, өз бетімен қозғалудан қалған «шөпті» түртіп қозғалтуға тура келіп тұр. Түртпеске амал жоқ. Жеке басымды бүгінде киноға қатысты үш мәселе мазалайды. Біріншісі -  кино туралы заң, екіншісі - қазақ киносының дамуы және үшіншісі - аға буынның жастарға деген көзқарасы.

Біріншісінен бастайын.

Сонау 2008 жылы, қателеспесем, сол кездегі Мәдениет министрі Е. Ертіспаев мырза «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «кино туралы заң қабылданады» деп уәде берген еді. Уәде - айтылған жерде қалды. 2011 жылы әйтеуір бір заң қабылданды, 2012 жылдан бастап, қолданысқа енеді деген... Ол уәдені тек жалғыз дыбыс жазу және дубляждау студиясы іске асырып келеді. Қалғанының қауқары жоқ па, ниеті жоқ па, әлде басқа да бір себептер бар ма ол жағын білмедік. Заң шын мәнінде қабылданды ма? Бүгінде нақты ешкім бұл сұрақтарға жауап бере алмайды. Өкінішті. Тағы басқа заң қарастырып, қабылдауға ше? Үкіметте өнер адамдары, кино майталмандарының тапшылығынан ба екен, әлде басқа да мәселелердің басымдылығынан ба екен, үкімет тарапынан киноға көңіл бөлер жан жоқ.

Иә, үкімет жыл сайын киноға арнайы ақша бөледі. Бірақ, ол ақшаға кім түсіріп жатыр, қандай дүние түсіріп жатыр? Не себептен қазақ киносының жағдайы мәз емес? Мүмкін, ақшаны бөліп жатқан құзырлы мекеме негізінен өнерге, жалпы мәдиентке еш қатысы жоқ та шығар?! Мысалы, соңғы жаңалықтарға көз жүгіртсек: Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев«...Жыл сайын «Ел арна» телеарнасына бөлінген 2 миллиард теңге болашақта «24.kz» телеарнасының тілшілер қосынын ашуға және екі фильм түсіруге жұмсалмақ» - деп мәлімдеді. Кім? Қалай? Не үшін? Тағы да ешкім еш нәрсе білмейді.

Екінші сұраққа келсек.

Қазақ киносының дамуы тікелей киномен айналысатындардың қолында. Бүгінде ондай азаматтар көп. Тым көп десе де болады. Екінің бірі – режиссер, актер, продюсер, т.б. Бірақ, «талант емес, талап жанған» заманда оған да шүкіршілік. Мүмкін, күндердің күнінде «сан – сапаға» айналар. Ал, дәл қазір, бұл да бір проблема. Себебі, келген «көпшілік» өнерді емес, қалтасын ойлайды, қалтасын ойламаса атағын ойлайды (бүгінде атың шықса «популярность» келеді). Ішінде дым болмаса да, «дыңғырлаған» бос шелектің дыбысы кейбіреулерге кәдімгідей абырой, мақсат, арман... Ал, қарнын жарсаң басынан асып ақтарылар таланттар, талабын жағатын жан таппай әлек. Сонда қазақ киносының дамуы тек «Қазақфильм» киностудиясының мойнына ілінген жүк пе? Әлде еліміздегі жалғыз киностудияның монополиясы ма?

Бүгінде нағыз авторлық киноны дамытуға үлес қосып жатқан тек осы киностудия. Соның өзінде авторлық кино режиссерларын санасаң, жалғыз қолдың саусақтары жетіп жатыр. Қалған киноларды не коммерциялық киноға, не авторлық, не фестивальдық киноларға жатқыза алмайсың. Алайда, оның жалғыз өзінің жыл сайын ағылып келетін «киношниктерді» киномен қамтамасыз етуге шамасы жетпейді. Үкіметтен бөлінетін миллиондарда жетпейді. Бұл орайда жаңа мемлекеттік киностудиялардың санын көбейту қажет немесе кино мамандығын тәмәмдайтын түлектердің санын қысқарту керек деп ойлаймын.

Қаншама түлек!!! Қайсы бірінің арманын орындай бересің. Таланттылары қаншама, жәй талаптылары (қалталылары) қаншама. Оған қоса кино мамандығының магистратурасы мен докторантурасына түсіп жатқан журналист, актер, биші, әнші, экономистері мен «приколистері» де бар. Барлығы тегіс кино түсіріп, режиссер болғылары келеді. Келген кәсібіне тер төгіп, жемісті еңбек етуге келгені қанша болса, «жәй» диплом мен «понт» үшін келгендері соншама (бұл жағдай тек өнер ордаларында ғана емес, жалпы жоғарғы оқу орындарында да орын алып жатуы мүмкін). Дегенмен, бәрін қамту мүмкін емес. Міне, осындайда үкіметке көмекке, жарайды, үкімет үшін емес, жалпы киноға жаны ашитын «қалталы», «қауқарлы» азаматтардың үлесі зор болар еді. Сондай азаматтар табылып жатса... Керісінше, оларға үкімет көмекке келсе, кино өнерінің жағдайы жақсармай ма. Үкімет ондай жандарды қолдайтынына кәміл сенімдімін. Бүгінде түрлі ток-шоуларда, баспасөзде біз тек таланттылардың жоғына күйінеміз де, әлсіздігіне қапаланамыз. Ал, олардың талантын ашуға үлес қосып жатқан нағыз жанашырлар қайда? Осы орайда көмекті алыстан арбаламай, жақыннан дорбалатсақ ше? Менің «алыстан» деп айтып отырғаным отандық кино кеңістігіндегі орын алып жатқан жаңа тенденция – «халықаралық кинорыноктар». Қазақфильм киностудиясына артылған «жүктің» ауыр болуының салдарынан, кино түсіріліміне шетелден демеушілер шақырылып, түрлі халықаралық сценарлық, жобалық конкурстар ұйымдастырылуда. Біз бермеген қаржылай көмекті талантты жастар, көрінгеннің қалтасынан алуға мәжбүр. Ал, ол көсемдердің талаптары өзгеше. Еліміздің өнерін дамытуға емес, еліміздің таланттарын еліктіру мақсатында келіп жатыр. Еліккен жас «көсемдердің» ойын ережелерін қабылдауына мәжбүр. Сол себептен халқымызға жат дүниелер түсіріліп жатады. Иә, бұл да бір көмек, алайда, тығырықтан шығудың «тура» жолы деп қарастыруға келмейді. Өкінішті. Сол себептен, «жақыннан» келген көмектің мәдениетіміздің, салтымыз бен дәстүріміздің таза күйінде дамуына маңызы зор.

Үшінші мәселе.

Әлемге әйгілі кинорежиссер Люк Бессон соңғы жылдары режиссерлық тұғырдан гөрі продюсерлік, сценарийлердің авторы қызметтерінен жиі көрініп жүр. Бірақ, есімін кішкентай баладан, кәрі шалға дейін танитын режиссердің екінші қыры (бірінші қыры – әрине режиссура), ал үшінші қыры: Голливудта соңғы жылдары жиі тұрақтанған Люи Летеррье, Пьер Морель, Оливье Мегатон секілді режиссерлардың қалыптасуына жол ашқан бірден бір адам. Люк Бессон бұл қызметте «батыстың» жас режиссерларының бағына орай жалғыз емес. Әлем көрермендерін дүр сілкіндіріп, бар жоғы он мың долларға түсірілген «Паранормальное явление» фильмі миллиондаған касса жинап, жалғасын тауып жатқаны ең алдымен Голливудтың қайраткері Стивен Спилбергтің арқасы. Сол кісіге осы әйгілі фильмнің қысқа нұсқасы көрсетілмегенде, киноның жағдайы мәз болмасы анық. Спилберг мырзаның арқасында Дж. Дж. Абрамс есімді режиссер голливудта көп қолдау тауып, бүгінде «блогбастерлердің» режиссері атанып жүр. Голливудта «жеңіліс таппаған продюсер» атағына ие болған Джерри Брукхаймер Майкл Бей («Армагеддон», «Трансформеры») есімді режиссердің жолына, «Ren TV» продюсері Дмитрий Лесневский А. Звягинцевтің шығармалық жолына едәуір үлес қосқандары белгілі.  Питер Джексонның демеушілігінің арқасында Нил Бломкамп әлем экрандарына ерекше стильді, формалы дүниесін – «Район №9» фильмімен танылып, Голливудта көп миллионды жанрлық кино туындылар түсіруде («Эллизиум»). Осы жас жігіттің интернетке ұсынған алғашқы қысқа метражды фильмін сол баяғы Стивен Спилберг мырза көріп, Голливудқа шақырған деседі. Міне, бұл келтірілген мәліметтер демеушілік пен «бір істіліктің» аз ғана мысалдары.  Осындай азаматтарды енді тек әлем халқы ғана емес, бүгіннен бастап сіз бен біз де білетін болдық. «Большой брат» («Big brother» – ағыл.) статусына ие болып қана қоймай, бүкіл әлемге «Үлкен адам» екендерін көрсетіп отыр.  Мен кино мамандығының майын сүзіп, сорпасын ішкен даңқты, атақты, арқа сүйер ағаларды айтамын. Біздің елде дәл осындай «Інім, бауырым, балам» деп, өзімен ертіп, көтеріп жүргендері бар ма? Ол ағаларға да пысық болсаң өзің «жабысып» алуға тырысасың. Ол да қарап отырсаң оңай емес, өзінше бір кәсіп. Өйткені, саған дейін біреу әзер «жабысқандықтан», оңай айырылғысы келмейді. Конкуренция! (!!!) Ол ағаларымыздың жанына жолай алмайсың, тіпті бір министрдің деңгейіндегі адамдар секілді. Айналасындағылар жолатпайды, не өздері қашады... Ал, жолын сілтеп, қол ұшын беріп, демеп, иығынан қаққан «бауырлықты» сезінбеген жастарда қатыгез, эгоисттік мінез пайда болмасына кім кепіл.

Қорытындыға келсек, кино мәселесінің әлі де өте өзекті екені анық. Мен келтірген негізгі үш мәселенің ішінде сан сауал жатыр. Қазақ кино өнерінің болашағы көптеген сұрақтарға толы. Ал, сол сұрақтарға дұрыс шешім табу жоғарыда айтылғандай үкімет, демеушілер мен киногерлердің аға буынына тікелей байланысты. Мәселен, өнер ордаларының, соның ішінде «Өнер Академиясы», «Өнер университеті» мен «Кино және ТВ академиялар да»  оқып жатқан түлектердің оқу орнын бітіргеннен кейінгі жағдайына көңіл бөлінсе, Өнер ордалары жас киногерлерінің, оның ішінде әсіресе, режиссерлердің өсу жолын жіті бақылап, аса дарындыларын, нағыз талант иелерін көре біліп, сондай түлектерді өнер ордасын бітірген сәтте құзырлы үкімет мекемесіне – Мәдениет министрлігіне тапсырған жағдайда ғана бір жағынан нақты нәтижелерге жетіп, екінші жағынан өнерге ерігіп, «адасып» келген түлектерден айырылар едік. Бұл біреудің жолын кесу емес, қайта тура жолға салу деп білемін. Осы сәтте өнер ордалары тікелей Мәдениет министрлігінің қадағалауы мен қырағы қарауына енсе, отандық кино өндірісін өркендетер, Елінің даңқын асқақтатар жас дарындылардың саны «адасып» келгендерден анағұрлым көбейе түсер. Дипломын алып, оқыған білім ордасының атына, оқыған мамандығына кір келтіріп жатқандары қаншама. Мысалы, режиссер мамандығына соңғы жылы қызығушылық көбейді. Бұған себеп, бұл кәсіптің ежелден танымалдылығы, өзге кәсіптерден өзіндік ерекшелігімен қызықтыратын синтездік өнердің шыңы екендігі. Соңғы жылдары Қазақ Ұлттық өнер академиясының арнайы ұйымдастыруымен тұңғыш рет қазақ жеріне, әлемге әйгілі көрші мемлекеттерден – Ресей, Америка сияқты елдерден келген кино, театр, және т.б. шығармашылық шыңдарды бағындырған атақты режиссерлардың, актерлердің, суретшілердің қонақ болуы. Ол кісілердің кәсіби білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісуі. Ресейлік ВГИК секілді алып  өнер ордаларынан келген майталмандардың елімізде, әсіресе, белсенді жастардың арасында кино режиссураға, жалпы өнерге деген  үлкен қызығушылықтарын тудырып, ынталарын жандандыруда. Ал, бір жағынан оның қол жетімді сатыға түсіп, іріктеу деңгейі төмендеп, кейде қалталы азаматтардың «атағын» арттырушы құрал ретінде  майдаланып кетуінде.

Міне, өнер ордаларының негізгі рөлі осымен тәмамдалып, келесі кезекте үкімет үлесінің рөлі басталса..

Егер үкімет өнер ордаларына жоғары талап қоя отырып, жұмыстарын тікелей барлап отырса, олардың ұсынған түлектеріне демеушілік көрсетіп, жолдарын ашса «Қазақфильмнен» кино, телеарналардан сериал немесе документалдық фильмдер әперу арқылы қамтамасыз етсе, бұл дегеніміз, біріншіден, жастарға өнер ордасынан алған білімдерін сынауға мүмкіндік. Екіншіден, өздеріне деген сенімділіктері мен тәжірибелерін арттыру. Үшіншіден, жас өнер иелерінің үкіметке деген сенім арттырып, отандық өнер туындыларын көбейтіп, патриоттық сезімдерін күшейту. Төртіншіден, бүгінгі күні жиі кездесіп жатқандай кино, телесериал, мультфильм түсіруге шет мемлекеттерден режиссерлар, продюсерлер мен өзге де атақты тұлғалардың шақырылып, олардың қымбат гонорарлары мен «еркеліктеріне» жаратылатын бюджеттік қаржы шығындарын азайту және сол қаражаттың тиімді игеріліп, отанымызда қалуын кепілдендіру.

Атағы жер жармаса да, өнерімен елінде танымал аға буын, өнерге қатысы болмаса да, елінің рухани дамуына үлес қосуға ниетті бизнесмен ағаларымыз (ондай кісілер болса әрине) өз тарапынан жас киногерлердің өсуіне қызығушылық танытса, өз деңгейінде демеушілік жасап, жас түлектердің даму жолдарын жіті бақылап, ақыл кеңес пен қолдарынан келгенше көмек берсе «нұр үстіне нұр». Осының өзі жастарға әжептеуір көмек. Ең болмағанда жастар жалғыз емес екендерін, қазақ өнері шаңырағының, үлкен мәдениет отбасының Абай атамыз айтқандай, бір кірпіші екенін сезінер еді.

Олжас Исаев,  режиссер