Біз енді имамдарды сынамаймыз

42cd08944cb0bbd478e1a799e601e52d_big

Имандылыққа жаппай бет бұра бастаған халқымыз жетпіс жылғы құрсаудан кейін рухани сұранысын қанағаттандыру үшін дінге үлкен қызығушылық танытуда. Әсіресе жаратқан иеміздің жастардың жүрегінде иман нұрын оятып жатқанына шүкіршілік айтамыз. Осыдан он жыл бұрын мешіттер жартылай бос тұратын. Жастар жағы ләйліп мас болып кафеде жүретін. Ал қазір көшеде мас жүрген жасты көрмейсің. Есесіне намаз оқушылардың қатары артуда, шүкір.

Осындай жауапкершілігі аса үлкен, сынақтарға толы кезеңде дін насихатшылары, мешіт имамдары жамағатты дұрыс жолға бастауы керек. Біз міне, дәл осы мәселені назарда ұстадық. Сондықтан еліміздегі діни ахуалға қатысты, ҚМДБ-ның жұмысына, оған қарасты ақпарат құралдарының ұстанымына, өзге де танымал дін насихатшыларына қатысты өз көзқарасымызды білдіріп отырдық.

Шынын айту керек, біз қанша мәселе көтергенімізбен ҚМДБ тарапынан еш жауап болмады. Барлық кезде де сайтта жазылған мәселелерге қатысты сабыр сақтап үнсіз қалғанды жөн көрді. Сондықтан көптеген сұрақтарға қатысты бізде түсінбеушілік болды. Жамағат көріп отырған, журналистер қауымының қаламына ілінген күрделі мәселелер ҚМДБ-ны толғандырмайтын болғаны ғой деген ойға да келгеніміз рас. Алайда, бұл ағат пікір екен. Біздің порталымызда жарияланған барлық мақаларды ҚМДБ өкілдері оқып, қарап, сараптап отырыпты. Яғни, «Шын» ақпарат агенттігі көтерген мәселелер ескерусіз қалмапты. Оны жақында мүфтиятта болып, діни басқарманың өкілдерімен кездескен соң түсіндік.

ҚМДБ аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиев алдымен қабылдады. Ол біздің сайттағы мақалармен таныс екендігін айта келе, діни ахуалға қатысты көзқарастарымызды пысықтап сұрап білді. Біз толғандырып жүрген мәселенің бәрін ортаға жайып салдық. Жасыратын не бар? Әсіресе ел бірлігін сақтау тұрғысынан қарағанда кейбір имамдардың ресми биліктің саясатына үйлеспейтін істерге баратынына, жамағатты көпе-көрнеу бөліп-жаратынына наразы екенімізді айттық. Кейбір имамдарымыздың дін басшысы атына лайық еместігін, өзі ғана адасып қоймай, өзгелерді де адастырып жүргеніне қынжылатынымызды жеткіздік. Әйтеуір, толғандырып жүрген түйткілді мәселелерді түгел айтуға тырыстық. Ғ.Мәжиев мырза ҚМДБ бұндай кемшіліктерді жою бағытында нақты істерді қолға алды деді. Шынын айту керек, Ғилымбек бауырымыз өзін ұстауымен, адамды тыңдай білу мәдениетімен ұнады. Мүфтиятта бір сөзіңе екі дау айтатын, бір қатеңді бетіңе жүз басатын, мұсылман бауырын орынсыз шеттетіп, тіл табысуға тырыспайтын қырсықтар емес, осындай иманжүзді, мәдениетті азаматтар отыруы тиіс деп ойлаймыз.

Мүфтиятта ондай азаматтар баршылық екеніне көзіміз жетті, көңіліміз жайланды. Соның бірі  ҚМДБ найб мүфтиі Серікбай Ораз секілді. Нағыз өз орнын тапқан адам көрінді, Аллаһ жар болсын оған! Кішіпейіл, сөзі байыпты, тереңнен толғап, ғибратпен сөйлейді екен. ҚМБД қолға алған жаңа бастамалар, алдағы жоспарлары жайлы сол кісі толық айтып берді. Біз барғанда Астанаға ұшқалы отыр екен. Уақыты тығыз болса да жағдайды барынша ұғындырып үлгерді. «Шын» ақпарат агенттігі көтерген көптеген мәселелермен келісетінін, БАҚ-тарда сөз болған бірқатар кемшіліктердің әлден түзетіліп, кейбір олқылықтарды жою үшін арнайы жобалар әзірленіп жатқанын айтты.

Шын мәнінде, біз имамдардан көп нәрсе талап етеміз. Соны түсінгендейміз. Неге өйтпейді, неге бүйтпейді деп сынап-мінеуге дайынбыз. Сөйте тұра оларға барлық жауапкершілікті жүктеп қойғанбыз. Мешіттің қыста жылы, жазда қоңыр салқын болуына жауап беретін – имам, ремонт жасауға жалынып-жалпайып садақа сұрап, қаржы жинап, адам жалдайтын – имам, мешіттің тазалығына жауап беретін – имам, әйеуір бәріне сол жауапты. Садақа жәшігін аңдып, имамдар ақша жеп жатыр деп ала өкпе болатын ағайын ол бар. Құдай-ау, сол жәшікте қанша ақша бар екенін өзі салған садақаға қарап білмей ме дейсің кейде. Құдай ақы, садақаның ақшасын аңдитындар өздері сол жәшікке бір тиын салып көрді ме екен? Садақадан имам мен өзге мешіт қызметкерлері айлық алатынын, мешіттің коммуналдық қажетіне жұмсайтынын, имамдардың да бала-шағасы бар пенде екенін ұмытып кетеміз. Осылай мешіттің мұңымен алашапқын болып жүрген имам жамағатқа қай кезде уағыз айтып үлгереді? Сондықтан Ислам шариғатына сай имамдарға қазынадан айлық төленуі тиіс. Құдайға шүкір, дәл осы мәселе қазір мемлекеттік деңгейде шешіліп жатыр екен. Ендеше, алдағы уақытта имамдардың біліктілігі жіті бақылауда болмақ. Имам тек дін істерімен, уағыз айтумен, білім берумен айналысады. Бұл біздің дін саласындағы алақайлап тұрып сүйінші сұрайтын үлкен жетістік.

Имамдарға көп өкпе арта берудің орынсыз екен. Мойындайық, бұл имамдар қауымға лайық. Бар болғаны шамамен 1 пайызы ғана дін ұстанатын біздің халық үшін осы имамдар жеткілікті. Ертең Аллаһтың әміріне бойсұнып, иман келтірушілердің қатары артқан кезде талап та күшеймек. Қазір біз имамдардан шамалары келмейтін нәрсені сұраймыз.

Серікбай Ораз мырзаның айтуынша, ҚМДБ жамағатпен жұмысты, дін насихатын жақсарту үшін имамдарға арнайы талап қойып жатыр екен. Жақында барлық имамдардың қатысуымен үлкен жиын болыпты. Сонда имамдарға мемлекет тарапынан қойылатын басты талап арнайы жеткізілген көрінеді. Ол – дін қызметкерлерінің елдегі бірлікті, тұрақтылықты сақтауға үлес қосуы. Иншаллаһ, соған сай жақсы бастамалар қолға алынып, игі істер жүзеге асырыла бастапты.

Соның бірі биылғы жыл «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланып, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы Исламмен біте қайнасқан қазақ халқының діни-рухани ахуалын көтеру үшін көп күш жұмсалуда. Жақында бас мүфтидің жүлдесі үшін Түйе балуандар күресті. Осылай әр аймақта имамдар дәстүрлі, спорттық-мәдени, қайырымдылық шараларына қатысу арқылы халықтың дін сауатын арттырмақ. Имамдар жамағаттаң жүрегіне жол табуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда мешітке келгендерге жылы қабақ танытып, адасып жүрген бауырларымызды имандылыққа, ағымда жүрген бауырларымызды тура жолға шақыруда тер төге еңбек ету талап етілуде.

Діни басқарма қолға алып жатқан осындай жақсы істерді көпшілігіміз неге біле бермейміз деген сұрақ еріксіз туындайды. Сөйтсек, біз жетістіктерді емес, кемшіліктерді көруге құмартып тұрады екенбіз. Халқымыздың діндарлық деңгейін есепке алмастан, имамдарға артық талап қоямыз. Отандық ақпарат құралдарының қай-қайсын да ашып қарасаңыз дін саласында болып жатқан жетістіктер емес, кемшіліктер көп айтылады. Ана имам сөйтіп қойыпты, мына имам бүйтіп қойыпты деп көзге шұқып, көсеумен түртуге дайынбыз. Ал олардың жақсы амалдарына көзімізді жұмып алып қарағымыз келмейді екен.

Мүфтияттағы кездесуден соң көп ойландық. Жөн білетін ағалармен ақылдастық. Сөйтіп, бір қортындыға келдік. Шын мәнінде дін тақырбы аса үлкен жауапкершілікті талап ететін болғандықтан қателесуді, асығыс шешім қабылдауды, айғай-сүрен салып аттандауды көтермейді. Былайғы жұрттың білімі жетпейтін күрделі діни сұрақтардың өзін бұқаралық ақпарат құралдары байқап жарияламаса болмайды екен. Ондай сұрақтар тек ғалымдардың арасында талқылануы тиіс. Ал біз оны жалпақ жұрттың назарына ұсынып, оған білімді-білімсіздің бәрі араласып мипалау жасап жібереді.

Рас қазір өте күрделі уақыт. Халқымыз қайта түлеуді, рухани жаңғыруды, іргелі ұлт болып қалыптасу кезеңін бастан өткізіп жатыр. Дін өкілдеріне артылып отырған жауапкершілік аса үлкен. Ендеше, олардың басқан-тұрғанын аңдып, ауызынан шыққан әр сөзін дауға айналдырмай сабыр сақтағанымыз жөн. Біз ойлағандай емес, мемлекет және діни басқарма нақты істерді қолға алып жатыр екен, ендеше біз оған араласа бермеуіміз керек. Сабыр қылайық, Жаратушының қалауы болады. Дінбасыларымызға құдайдан білім, иман сұрайық. Оларды игі бастамаларын қолдап, дін насихатына жасап жатқан жұмыстарына жәрдемші болайық.

Біздің түйін осы болды. Сондықтан, бұдан былай «Шын» ақпарат агенттігі діннің тек жақсылығын, шапағатын, имамдардың игі бастамаларын ғана насихат етеді деп шештік. Аллаһ Тағала қазақ халқын иманды, дарынды, білімді, елін шын сүйетін ұлдардан кенде қылған емес. Сондай азаматтар ҚМБД-да да, Дін істері агенттігінде де бар екеніне көзіміз анық жетті. Біз соларға сенім артамыз. Олар халқын адастырмайды деп білеміз. Жаратушы иемізден сол бауырларымызға хидаят, сабыр сұрайық.

Аллаһ Тағала бәрімізге жар болсын!

«Шын» порталы