Times is money? Жоқ, өзгеше өрнек!

Оразалин-111 Кей жиналыс тым ұзаққа созылады. Қайсыбір шешен тақырыпты тереңнен тербеп, кең көсілуді ұнатады. Ал екінші... Үшінші сөйлеуші одан қалыссын ба. Сондайда қанша созылғанымен, төралқада әріптестің сөзін мұқият тыңдай отырып, қалам ұшымен алдыңдағы ақ парақты түрткілеуге кірісесің. Аласапыран әсеріңмен әуреленесің. Ойларыңды реттеуге тырысасың. Бір ғажабы, әрбір қиялдың да, му­зыкадағыдай, өз ырғағы болады. Әлбетте, әрқайсының өз пішіні бар! Қағазға түскен кескін дағдыда жалғыз ғана сы­зықтан басталмақшы. Дамуы көбіне түйсік ырқы мен қол қимылына байланысты. Мәселен, әуелгі доғал сызбаны оп-оңай түрде кәдімгі алмұртқа ұқсатып, жетілдіре түсуіңіз мүмкін. Одан осы кейіпке шығуына қарай мұрын, құлақ қосып, жеміс суретін адам кескініне айналдыра саласыз... Оразалин сурет- Әрине, пайда болған бей­неден нақты бір ма­ғына, белгілі образ іздеп әуреленудің қажеті жоқ. Бұл көбіне, реттелмеген, бір мезеттік сезім нобайлары ғана. Қағаз-қаламды ермек қылып отырғанда өз-өзінен еріксіз туған дүниелер. Өте шартты. Сол секілді абстрактілі орнамент үлгісі де, өзге де кескіндер осылайша туындай береді. Дегенмен, бұларда буырқанған қым-қуыт ойлардың лебі жатпақшы. Кейде, нақтылы нәрсе жобаланып қалуы да ғажап емес. Ондай сұлба санаң­да алдын-ала долбарланып қойы­лады. Бұл туралы сөз бөлек. Ал жиі бас қосу, түрлі жиын­дарда белгілі мәселе талқылау – адамзат баласы пайда болғалы келе жатқан үрдіс шығар. Сондайда, қарап отырсаң, сөзуар халық тек қазақ қана емесін байқайсың. Әлемдік әдебиеттен түрлі мәжілістерде, ғылыми пікірсайыстарда дамыған Батыс елдерінің өзінде көп мылжитын көріністерді ұшыратамыз. Мәселен, адам тағдырын шешіп отырған кейбір неміс прокурорларының тартыс күшейіп, сот ісі ұзаққа созылып кеткен тұстарда мектепте оқитын баласының қарындаштарын ұш­тап немесе конверт жасауға кірісіп, уақытты неғұрлым тиімді пайдаланып қалуға тырысатыны бар. Сол секілді поляк әйелдерінің шаршы топ ортасында тоқыма біздерін жалақтататып, шұлық, жем­пір тоқуды әдет қылғаны көрінеді. Өйткені оны ертеңдері базарға шығаруы керек. Яки, у-ду мәслихат арасында мінбердегі сөйлеушіге де құлақ түріп қойып, өз бетінше кітап оқып отыратын кісілер кездеседі. Ал «Times is money» қағидасын берік ұстанатын ағылшындар мен америкалықтар қайткенде де әр сәтті бос жібермеуге ұмтылмақшы. Яғни, «Уақыт – ақша»... Бұл әңгіме Парламент Се­натының депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, ақын Нұрлан Ора­залинның қаламынан туған кескіндемелерге қатысты қозғалып отыр. Бұлар да әл­гіндей жиналыстар үстінде туған дүниелер екен. Менің қолымда жүр­геніне де он жылдай өтіпті. Кезінде бір-екі суретін қызығып, сұрап алғаныммен, жариялаудың ыңғайы келе қоймаған. Әйткенмен, осыларды маман графологтер мен психологтерге көрсетіп, пікірлерін білгенім бар. Оразалин сурет Олардың айтуынша, кескіннің мейлінше ай­шықты түсуі сызба иесі қызметінің көпшілікпен тығыз байланыстылығын білдіреді. Және бейнелердің жайылыңқылау шығуы автор қиялының кеңдігін, импровизацияға бейім, нағыз шығармашылық адамы екенін байқатпақшы. Ал ою-өрнек, күн мен гүл, жа­пыраққа жақындық – суретшінің мейірімділігін, жұмсақтығын айғақтайды. Ал тұйық шеңберлер – биік рухани мақсаттардың белгісі. Сонша нақышты, әсем дөң­геленген шырмауықты сызықтар білімқұмарлықтың, жақ­сы әңгімешілдіктің нышаны. Мамандардың көріп отырмаса да, қолтума иесінің қандай адам екенін ажырата қойғаны таңырқатқан еді. Нұрекеңнің көбіне баяғы сұйық көк сиямен жазатын қаламсапты қолданатынын аңдайтынбыз. «Жаңаша» тілмен айтқанда, бұл жа­ғынан «старомодныйлау» адам. Алайда осының өзі белгілі бір әдетке адалдықты, тұрақтылықты танытып тұр... Мәжілістерде түрлі сызбаларды ермек қылатын Нұрлан Мырқасымұлын да сонау «times is money» ұстанымы алаңдата ма деп ойлағаным есімде. Сөйтсем, себеп басқада. Мұнда есіл уақытты қимау емес, өмірдің айшықты сәттерін ұстап қалуға деген құлшыныс басымырақ жататын сияқты. Әмбе бұл, әлгінде айтылғандай, ойды ұштаудың, қиялды өрнектеудің ерекше әдісі. Өзіндік бір мәнер. Айрықша әуестік екен. Құлтөлеу МҰҚАШ Суретте: ақын Нұрлан Оразалинның қаламынан туған кескіндемелер