Парасат биігіндегі шайыр

  Көрнекті ақын, Есенин атындағы «Алтын жұлдыз» иесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет асқаралы 60 жасқа толды. Оқырман назарына дарынды шайырдың әріптес ағалары мен інілерінің әр кезеңдерде білдірген лебіздерінен үзінді ұсынылып отыр. Шляпа   Пафос пен эмоция шұғыласын лаулата бер! – Бұдан он жыл бұрын алабөтен көзге түскен жеті жас ақынның «Қанат қақты» дейтін жинағына «Қыранша қақса қанатты» деп рецензия жазғаным есімде. Соның бірі Ұлықбек Есдәулетов туралы. «Кітапта алабөтен арынымен, пәрменді серпінімен назар аудартқан Ұлықбек Есдәулетов, – деппін әлгі мақаламда, – Онда асқақ, адуын ақынның асау шалқуы бар». Бұл оның «Интернационал» дейтін өлеңі жайлы түйілген пікір еді. Бұдан әрі: «Шынында осынау сарын оның өзге өлеңдерінде де жиі ұшырасады, «Ағымнан жарыламын», «Көздеріңе ғашықпын» дейтін өлеңдері Ұлықбектің ақындық қанат қағысына хас шалқыма жырлары сияқты» дей келіп, «бұл жырдың маған толғау, терме жырлайтын шешен ақындарша сермеген арыны мен сарыны ұнайды» деппін. Қай тақырыпқа бармасын, Ұлықбек одан мағыналы мазмұн, тетік қарастырады. Есениннің Пушкин ескерткішінің қасында фотоға түсуі ме, Аттиланың Аквилейді басып алуы ма, Поганинидің трагедиялы тағдыры ма, Сәмен сұмның қысас қылып Абайды сабатуы ма, азаппен өлген Шелли досын Байронның жоқтауы ма – осының бәрі ақын тағдыры, адам тағдыры туралы ой мен сананың жүйелі желісін тартып, мынадай оптимистік түйінге тоқтайды. Өзі тектес үлкен ақын Ж.Нәжімеденовке арнаған өлеңінде Ұлықбек өлген ақынның атынан өзі сөйлеп тағы бір пәрменді гуманистік қорытынды жасайды: – Тұтқасы болам тірліктің топсасы болам, Десе де пенде сезеді-ау жетпесін оған. Өмірдің дәнін өлтіріп алмаса болды, Бірі мен бірі бүлініп, соттасып Адам. Ақылға келсін, абайлап, тоқтасын Адам, Ұятын, арын, санасын сақтасын аман. Өлмеймін сонда, өлмеймін, өлмеймін мен де, Ақымақ қылып ажалды жоққа шығарам... Не туралы, кім туралы жазса да, өлеңнің өзегінде – ақынның өзі, өзінің лирикалық, әрі интеллектуал геройы. Бұл ретте оның Әбділдамен, Қадырмен, Тұманбаймен, Жұмекенмен, Мұхтармен, әсіресе, парасат үндестігі жөнінен үйлесім табады. Ұлықбектің «Ақ керуен» жинағына енген жаңа лирикасын қысқаша шолудан оның бала кезіндегі жоғарыда айтқан бастапқы басқышынан едәуір ізденіп, барлық жағынан ілгері кеткенін көруге болады. Бұған, әсіресе, осы жинақтағы қос поэма айғақ. Қатар тұрған екі поэмада кереғар екі дүниенің – ескі мен жаңаның қарама-қарсы картинасы көз тартады. Бұл поэмалардың сюжет желісі мен өлең құрылысы өзгеше, көлемі ықшам, буын саны шағын – он бір және сегізден аспайды, жеңіл оқылады, анық ұғылады. Осының өзі Ұлық­бектің іздену, жаттығу нәтижесінде жеткен шығармашылық жаңа табыс межесі дер едім. Дей тұра, талапкер талантты ақыннан қаларым: парасатқа бой ұрумен бірге пафос пен эмоция шұғыласын да сөндіре көрме. Екеуі – егіз ғой. Мұхаметжан Қаратаев, академик, сыншы 1984 жыл Ақындардың ішіндегі Хан Тәңіріндей – Өмір, саған келдім-кеттім, сонда нені тындырдым? – зерін теріп зеңгір көктің, ботананы тұндырдым. Өмір, саған бардым-қайттым, таңғы шықты мекендеп, Құдайыма қайғыңды айттым, құлақ түрер ме екен деп. Шыққыр көзді аштым-жұмдым, шолдым биік, төменді, тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер, мені енді! Осы өлеңді жұрт аузынан естігелі бері ойымнан шықпай қойды. Әсіресе, соңғы екі жолы: «тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер, мені енді!» Ақыры қолыма қалам алуыма тура келді. Таңырқамауың мүмкін емес. Бір сөздің астында миллион сөз жатыр. Мені айтпай-ақ қой деп бүркеніп, бұғып жатыр. Жалын сипатпайтын тәкәппарлық жатыр. Мына сөзді айтқан адамды баяғының Құдайға қараған патшасы болса, шақырып алып, мұңдасар ма еді, әлде... Ақындар әулеті – замана тілі дейтініміз осындайдан-ақ шығар. Жалғыз ауыз сөздің өзі авторды ақындардың ішіндегі Хан Тәңірі шыңындай етіп көрсетіп тұр. Оған дау жоқ, дәлел керек емес. Ақынның жан-жүрегін шамдандырған нәрсе бар. Көңілі қарайған. Тереңіне бойлатпайтын фи­лософиялық құрылым түзілісі жа­тыр. Жай сөзбен қанша өрнектесең де, ащы толғағын айтып жеткізу мүмкін емес. ... Сонымен, Ұлықбек Есдәулеттей көреген ақын көзін жұмып, «Тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер мені енді!» деп, ХХІ ғасырдың үнсіз абызындай болып, «меңіреу» қалпында жүре бермек. Жанат Ахмади, жазушы Арғымақ Ұлықбек Есдәулетке Тай күнінде де тартынбай, Аламаннан бос қайтпаған. Шықса да шыңға алқынбай, Мұзартта мұрсат таппаған. Жанына жалын тұтатып, Жанның бір қолы жетпейтін, Жалына қырау қатпаған, Арғымақ шауып келеді... Дәуірдің әрбір дабылын, Жүрекке ғана жинаған. Алтайдың әрбір тамырын, Алашқа жырмен сыйлаған, Ақынның асыл өлеңі... Даламды бүгін кең десе, - Дарыны – көп қой әр текті... Елім-ай деген Ер кеше, «Заман-айды» айтып зар төкті... Сары алтын құйған сақадай Сабыр мен салмақ сарасы, Қасқайып өскен қарашы, Қарағайға қарсы бұтақты, Күйдірсе, жүрек жарасы Күйдіріп киіз басатын Тудырып «Киіз» кітапты Тұр енді, міне, Хас Ақын! Қазыбек ИСА 2002 жыл Туған күніңізбен, Ұстаз! – Біз өзі көппіз. Бірақ біздің жаны да, қаны да, өмірі де, өлеңі де мөлдірден жаралған Ұлағамыз – жалғыз. Екі дүниенің қызығына айырбастамайтын, әлгіндей таңғажайып сәттерді сағынғанда басқа кім есімізге түсуі мүмкін?!. Туған күніңізбен, Ұстаз! Мұрты едірейген, мұрны таңқиған, жаман қарабұжыр інісін «Ақ Тәкешім!» деп еркеле­тетін Ұлы Ағам, аман болыңыз! Айы сүттей аппақ, жұлдызы шамдай жап-жарық, тыз еткен ызғары, үп еткен желі жоқ, көк аспан мен қара жердің арасын ып-ыстық мейірімге шүпілдете толтырып, құлаққа ұрған танадай ұлы үнсіздігімен әлемді әлдилеп тұратын қыстың май тоңғысыз бір түндері болады. Жусан исі аңқыған таңғы даланың жалаңаш тәнін алақандай жылы ақ жауынымен аялай шайып, мойылдай мөлдір тамшыларымен музыка ойнайтын, періштедей пәк дүниені шаттық әнімен тербеп жататын көктемнің таңғажайып бір күндері болады. Шіркін, ондай мезгілді сағынбайтын адам бар ма?!. Сондай мезгілді сағынған сәттерде менің есіме әркез Ұлағам –Ұлықбек Есдәулет түседі. Бізді өрімдей уақытымызда өлеңге сүйреп әкелген, естияр болған шақта есті өмірдің жолына салған, сол өлеңнен азды-көпті енші алғанда да, сол өмірдің соқпағында жаза басқан сәттерде де жанымыздан табылған, әкелік қамқорлық көр­сеткен – Ұлағамыз. Бізді өнерге, өлеңге, адамға адалдыққа бау­лыған, парасат пен кеңдіктің, дегдар мінез бен әзиз жүректің иесі тағы да – Ұлағамыз. Біз өзі көппіз. Бірақ біздің жаны да, қаны да, өмірі де, өлеңі де мөлдірден жаралған Ұлағамыз – жалғыз. Екі дүниенің қызығына айырбастамайтын, әлгіндей таңғажайып сәттерді сағынғанда басқа кім есімізге түсуі мүмкін?!. Туған күніңіз­бен, Ұстаз! Мұрты едірей­ген, мұрны таңқиған, жаман қара­бұжыр інісін «Ақ Тәкешім!» деп ер­келететін Ұлы Ағам, аман болыңыз! Талғат Ешенұлы, ақын Ұлағамдай нәзік лирикті кездестіру екіталай! – Мен жалпы, Тәңіріме, Оның маған бұйыртқан тағдырына риза адаммын. Себебі, көп нәрседен айырылғанмен, Аллам сол жоғалтқанымның орнын үнемі асқан мейіріммен толықтырып отырады. Тәуба! Ержеткен шағыма дейін суық қабақтардың арасында өсіріп, Аллам мені ақын қылды. Жастайымнан әкемнен айырылдым. Әкемнің орнын да Жаратқан әдемі толықтырып берді. Ол маған Ұлықбек Есдәулетті жолықтырды. Әкеме деген созылмалы сағынышымды мен Ұлықбек Есдәулет ағамды көрген соң ғана бастым. Иә, ағалар көп, бәрін құрметтеймін, жақсы көремін, жақсылықтарын көп көрдім. Бірақ һәм рухани, һәм кәдімгі өмірдегі жанашыр әкеме Ұлықбек ағам ғана айнала алды. Себебі, мен бұл кісімен кездесіп, сұхбаттасқан әр сәттен жаныма рахат табамын. Оның шалыс басқан кездерімде ұрысқаны маған майдай жағады ғой! Білдірмесе де, іштей еркелетіп отыратындығы - әкесінің алдында құлдырандаған баланың бақытын сыйлайды ғой маған! Мен осы күніме дейін қанша ақын көрдім, әлі де көрермін ғұмыр берсе. Бәріне «ұлы», «мықты», «керемет» деген теңеу­лерді де айтармыз. Алайда, Ұлағамдай мейірімді, Ұлағамдай әділ, Ұлағамдай жаны тым нәзік адамды және лирикті әй, кездестіруім енді екіталай-ау! Бүгін сол қамқор Әкем, Қазақтың ұлы Ақыны 60 жасқа толып отыр. Мерейтой иесінің шығармашылығы туралы мақала жазу мойынымызда, ол мақаланың нобайы ойымызда. Ал, бүгін мен Әкемді мерейтойымен құттықтай отырып, шын жүректен оған бар жақсылықты тілеймін! Ұлаға, Алла сізге ұзақ ғұмыр берсін, денсаулығыңыз мықты болсын! Отбасыңыз амандықта, немере, шөбере, неменелеріңіз көп болып, маңайыңызда бауырсақтай шашылып ойнап жүрсін! Сіз менің 60 жасқа толғандағы тойымда арқырап тілек айтып тұруыңыз керек! Алла сол күнге бәрімізді аман-есен жеткізсін! Әмин! Ақберен Елгезек, ақын