«Арыстар – елдің ардағы»

Семейде «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жас ақындар мүшәйрасы болып өтті шайырлар Жуырда Семейде қалалық Мәдениет Сарайында Елбасының «Қазақстан-2050» жолдауы аясында «Ақ жол» демократиялық партиясы және «Халықтық ақындар» орталығының ұйымдастыруымен жас ақындар арасында «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты қалалық мүшәйра өтті. Аталмыш мүшәйраның шарты бойынша ақындар Алаш арыстарына арналған және өздері қалаған еркін тақырыпта бір-бір өлең оқуға тиіс. Киелі Семей шаһарында аталып өткен поэзия байқауының басты мақсаты - Алаш арыстарын ардақтау, өнер иелерін, оның ішінде, өлең иелерінің өрісін кеңейтуге ықпал жасау. Мүшәйра әдеттегідей әділ­қа­зылар алқасының алғысөзімен басталды. Қазылар алқасының құрамында «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңесі ақылдастар алқасының мүшесі Рахат Алтай және Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, «Халықтық ақындар» орталығының жетекшісі Дәмеш Серікбайқызы мен «Ойсана» жазба ақындар үйірмесінің жетекшісі, ақын, композитор Серік Молдабеков болды. Жыр додасына тиісті баға берушілердің төрағасы ретінде сайланған Рахат Алтай байқау алдында сайыстың ережелерін айта келіп, бірінші орын иесі – Әлихан Бөкейханов, екінші орын иесі – Шәкәрім Құдайбердіұлы, ал үшінші орын иесі – Мұстафа Шоқайұлы атындағы жүлдемен марапатталатынын жария етті. Қазылар төрағасы кешегі ұлтым деген тұлғаларды үлгі тұту керектігін тілге тиек етіп, қатысушы жас өрендердердің бойына рух сыйлағандай әсер қалдырды. Қос кезеңнен тұратын сайыс шарты бойынша өнерпаздар «Арыстар - елдің ардағы» атты бастау бөлімінде алашқа, арыстарға арналған рухты жырларын нөсерлетсе, «Сезім тамшылары» кезеңінде кез келген еркін тақырыптағы өлеңдерін сусаған құм далаға жауған ақ жаңбырдай төгілтті. Аталған тақырыпқа сай ақындар тамаша ұйқасқа құралған, мәнді де мазмұнды жырларын жұртшылық қауымға ұсына білді. Алаш арыстары жайлы өлең оқыған ақындардың отты жырлары көрерменнің ыстық қошеметіне ие болды. Ұлы өнердің ұлағатын сімірген наркескендей жарқылдаған жиырма жас ақын жырдың көркін қыздырды. Поэзия әлеміне еркін еніп, есімдері бүгінгі жас буынның қатарында аталып жүрген Айзат Төлегенұлы, Нұрлан Бектібаев, Манарбек Сатыбалдин, Арман Шеризатов, Ерік Омарғали, Жасұлан Мақаев, Қуаныш Нұржанов, Дамир Әбенов, Біржан Ахмер, Гүлназ Армия т.б. жас ақындар өз кезегінде бірінен соң бірі шығып, алаш турасында батыра айтып, батыл жырлаған туындыларымен жүректі тербеді. Мүшәйра қорытындысы бойынша үшінші орынды Арман Шеризатов иеленсе, екінші орын Жасұлан Мақаевтың еншісіне бұйырды. Бірінші орынның мадақтау қағазына Жұмабек Айқынұлы лайықты деп танылды. Жыр сайысының бір қызығы, жеңімпаз атанған Жұмабек Айқынұлы байқау тізімінде болмаған. Сол жарыс күні мүшәйраға келмеген өнер иесінің орынына қатысып, бағы жанған ақын осындай сайыстардың жиі болып тұруын сөз барысында атап айтты. Қатысқан ақындарға ақшалай жүлделер табыс етілді. Сөз соңында осы шараны ұйымдастырып отырған «Ақ жол» партиясының Семей қалалық филиалының төрағасы Ермек Серікбаев екенін атап айтқан жөн. Жарыс аяғында сөз сөйлеген Рахат Алтай «Ақ жол» партиясының Алаш қайраткерлерін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ауқымды істерге қадам басуға даяр екендігін көпшілікке мәлім етті. Рүстем МҰХАМЕДРАХЫМ, Семей қаласы   «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жас ақындар мүшәйрасында оқылған ақындардың өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мұстафа Шоқайұлы рухына хат Қаперсіз қазағым-ай! Қақпақсыз қазаным-ай... Бауыржан Игілік Құндағы құба түз, Ер Түрік бесігі тербеткен, Сол соқпақпен келеміз даралық іздеп сен кеткен. Жауыр белден қыранның қанатына қол созған Сенің үмітің БОЛАШАҚ болып ер жетті... Қуан бабам!   Құрсағы – Алаш, кіндігі – Түркістан, Ұлтаны – қазақ, ұлт әні бір тұстан. Әуелеп сұңқар үн шаңқ етсе зеңгірден, Қос қанат ұшынан қос дұшпан құлқы ұшқан... Қайран бабам!   Бостандықта бұлт қана – қария таулардың қабағы, Күн де қызарып батып жүр – ойлы аспанның жанары. Даланың сабағы оқылмай, қаланың базары қақтаған Ұлыңның сиқы осы, ал енді қалай ақталам?.. Қайран қоғам...   Тілім шұбар, дінім ала, сенім селдір, Жұрынымда жібімес сүрі сең жүр... Құлыныңа күн туды тұяқ серпер Тұлымыма ақ байлап жіберсең егер... Қайран далам! Тайраңдаған саясат құтымды арбап, Келіп едім бір көштің жібін жалғап. Қайтем баба, өгеймін өз елімде Қайран заман естінің сұсын алған. Тұмардың да таулығы бізден көшті Көлеңкесін күмбезге түсіре алған... Ойлан қазақ!   Құрсағы – Алаш, кіндігі – Түркістан, Ұлтаны – қазақ, ұлт әні бір тұстан. Әуелеп, сұңқар үн шаңқ етсе зеңгірден, Қос қанат ұшынан қос дұшпан құлқы ұшқан... Қайран бабам! Қайран далам!   Түнгі арсызбен алысып өлең жаздым түнде дәп, Уақыт – қария көкжиектен керуенін сүйреп ап. Ойлы аспанның оразасын бұлт ашып Анау көкке алып кетті түйреп ап... Саған баба... Жұмабек АЙҚЫНҰЛЫ     Елді ояту (М.Дулатовтың рухына) Көз жіберсең, сырттан қарап сиқына, Қойдан жуас менің елім бейкүнә. Көкірегі ояу емес халықтың, Жүрегі де ұйқыда.   Ол ұйқысы – қамсыздық, Сол қазаққа ғана біткен әлсіздік. Алаш деген арыстардың дауысынан, Жүректері шымырламау – жансыздық.   Ол жүректе намысыңды қамшылар, Шырылдаған сан арыстың даусы бар. Ояныңдар, ойланыңдар, қазағым, Оятатын бір құдірет бар шығар.   Бір құлының бар шығар, Нар қазақтың рухын іздеп таусылар. Әр жүректің архивтерін ақтарып, Сан арыстың өр рухын аршып ал.   Әлі ұйқыда, өлі ұйқыда Алашым, Қайран елім қайда кетіп барасың?! Шырт ұйқыдан оятсам деп сол елді, Таңда тұрып терезесін қағасың.   Әділ болсаң, қарашаң бар, ханың бар, Айып тақсаң, тек соларға тағыңдар. Жүректері әлі ұйқыда бұл елдің, Жылы сөйлеп оятпаған – залымдар!   Менің елім бейқам жатқан ел еді, Қамсыздықтан талай таяқ жеп еді. Жарты ғасыр бұрын жатқан ұйқыдан, Әлі оянбай келеді.   Не боламын ертең, деген жоқ әй бір, Келешегі керексіз бе, қалай бұл?! Жүректері оянбаған халықтың, Намысы да оянуы неғайбыл.   Жасұлан МАҚАЕВ